Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Дариға Назарбаева Роза Отынбаева бола ала ма?

15.11.2018 | 14:31
Дариға Назарбаева Роза Отынбаева бола ала ма?

Егер Назарбаев кенеттен орнынан кететін болса...

Кейінгі кездері жиі қозғалып жүрген осы тақырып төңірегінде мұхиттың арғы жағындағы АҚШ та шығатын «Дипломат» газеті де қалам тербепті.

«Қамшы» сайтының жазуынша, «Назарбаевтан кейін Қазақстанды кім басқарады?» деген мақалада

- Егер Назарбаев кенет орнынан кетсе, ары қарай не болатыны белгісіз. Оның орнын кім басады?  Қазақстан секілді басқару жүйесі бар елде биліктің ауысу процесі қиынға түседі. Ол жетекші саясаткер ойыншыларға қауіп төндіреді...Пирамиданың ең жоғары нүктесінде отырғандар бас пайдасы үшін процесті бақылауға алып, басқарады. Сондықтан Назарбаевтың орнына келетін адам қазіргі жоғарыда отырған, радикалды өзгерістер қызықтырмайтын адам болуы мүмкін. Мұндай кандидаттар аз, - делінген.

Басылымның пайымдауынша, болашақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Кәрім Мәсімов, Иманғали Тасмағамбетов, Дариға Назарбаева немесе Тимур Құлыбаев болуы мүмкін.

Президент болуға Тоқаевтың мүмкіндігі көбірек. Себебі, қазіргі Президентпен бір жағдай бола қалған жағдайда Конституция бойынша  оның орнын уақытша Сенат төрағасы басады. Десек те, автор Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі саясаттағы тәжірибесінің аздығы мен жасы (65 жас) оның ең басты кемшілігі екенін айтады.

Мақалада автор Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті де «Назарбаев отбасымен жақсы қарым-қатынасы» үшін президент болуы мүмкін адамдардың тізіміне қосып отыр. Оның экономикалық басқару жүйесіндегі біліктілігі және Қытай мен Ресейді жақсы танитынын артықшылығы ретінде бағаланған. Десе де, Мәсімовті биліктің ең биік шыңына отырғызбауы мүмкін екені айтылады.

«Иманғали Тасмағамбетовке Қазақстанның келесі Президенті болуы үшін бойында барлық қасиет бар. Сол үшін де оның президент болмай қалу мүмкіндігі жоғары» деп жазады басылым. Басылымда Тасмағамбетов үкіметте маңызды роль ойнаса да, 2017 жылы оның кенеттен Ресейге елші ретінде жіберілуі оның Президент болуына конституциялық тұрғыдан кедергі болатыны айтылады. Себебі, Конституция бойынша, Президент Қазақстанда 15 жылдан кем емес уақыт тұруы қажет.

Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаеваның Президент болуы мүмкіндігі аз. Автор оның себебін саяси тәжірибесінің аздығы мен жынысын айтады. Дариға Назарбаева премьер-министр немесе министр болуы мүмкін екен.

«Роза Отынбаева уақытша қырғыз елін басқарса да, Дариға Назарбаева әкесінің қолдауына қарамастан Роза Отынбаеваның жасағанын қайталай алмайды. Отынбаева Орталық Азиядағы «әйелдерге ұлттық саясатта орын жоқ» деген түсінікке кереғар келген саясаткер. Назарбаева ресми түрде Президенттікке өз кандидатурасын ұсынатын болса, оппозиция тарапынан қарсылыққа тап болып, өзін қолдайтындар аз болады», - деп жазған басылым. 

 
Көрілді: 644
Жаңартылған: 15.11.2018 | 14:42
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат