Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Семейде қаржы пирамидасы директорының жазасы 6 айға ұзартылды

09.11.2018 | 15:52
Семейде қаржы пирамидасы директорының жазасы 6 айға ұзартылды

Семейде қаржы пирамидасына байланысты айыпталған инвестициялық компанияның директоры Дана Тахироваға қатысты тағы сот отырысы өтті.  Ағымдағы жылдың  19 шілдесінде Семей қалалық № 2 соты оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, жапа шеккен 176 адамның 54-іне  27 млн теңгені өндіріп беру туралы шешім шығарған.

Алайда алаяқ әйелдің арбауына түскен қала тұрғындарынан келіп түскен шағым тоқтамаған. Шамамен 300 адам арыз берген. Алайда сот отырысы кезінде олардың тек 244-і ғана қажетті құжаттарын көрсетіп, өздерінің шығындарын дәлелдей алды. Шығын көлемі  42 млн 354 мың теңге.

Қылмыстық істі қараған Семей қаласының №2 соты қаржы пирамидасының  директоры Д. Тахироваға екінші сот үкімін шығарды.

«Бұған дейін 7 жылға бас бостандығынан айырылған жазасының үстіне тағы 6 ай қосылды. Бірақ  сот оның 4 кәмелеттік жасқа толмаған баласы барын ескеріп, қаулыны 5 жылға кейінге шегерді»,-деді соттың баспасөз қызметінен. 

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 14 ақпаны күні серіктестік директорына қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 217 бабы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) және 190 бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Атап айтқанда, «Қаржы инвест» ЖШС  3 жыл ішінде  тұрғындардың сеніміне кіріп, соңында сан соқтырып кеткен. Компаниядан  ақшасын үстемелеп алуға қызыққан адамдар банктерден тіпті 1 млн теңгеге дейін несие рәсімдеп, ойланбастан өткізе берген. Алған ақшаның 40 пайызын компанияға берсе, қалғаны өз қалтасында қалған.  Ал рәсімдеген несиені компания төлеп отырған. Алғашында тұрғындардың несиесін уақытымен төлеп, сенімге кірген. Тұрғындар алданғандарын кейін банк несиені төлеуді талап еткен уақытта бір-ақ білген.

 
Көрілді: 286
Жаңартылған: 09.11.2018 | 16:10
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат