Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Құрық порты арқылы жылына 4 млн тоннаға жуық жүк тасымалданады

07.11.2018 | 21:55
Құрық порты арқылы жылына 4 млн тоннаға жуық жүк тасымалданады

Құрық порты Каспий теңізінің шығысында жатқан шығанақ. Ал Ақтау айлағынан оңтүстікте орналасқан. Табиғи мүйіс порттың қысы-жазы тоқтаусыз қызмет көрсетуіне қолайлы таңдалған. Көліктік-логистикалық инфрақұрылым Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылынан 17 шақырым қашықта. Порт пен ауылды Боржақты-Ерсай теміржол желісі байланыстырады.

Ірі жоба елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына септігін тигізіп, жұртшылықтың әлеуетін көтеруге себепші болды. Былтыр 740-қа жуық адам кешендегі құрылыс жұмысына тартылса, биыл портта 300-ден астам адам тұрақты жұмыс тапты. Мұның сыртында порттың қызметіне қажетті заттарды қамтамасыз ету үшін жекеменшік мердігерлі компаниялар ашылуда.

«Құрық порты кешеніндегі инфрақұрылымының жүргізілуі жаңа жобалардың, көліктік-инфрақұрылымның дамуына, жаңа сервистік қызметтердің жүзеге асуына ықпал етуде. Демек өз кезегінде жаңа кәсіпкерліктің қарқыны артады деп күтеміз», - деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.
Құрық портының жергілікті бюджеттің келтіретін кірісі де қомақты. Бұл сома 2017 жылы 41 млн теңгеден асты, биыл осы кезеңге дейін 33 млн теңгеге дейін жетті. Бұл тек бір елді мекенге келтірген табысы, ал алдағы уақытта тұтас Қазақстанның экомомикасында да алатын орны ерекше болмақ.

Елбасы осы жөнінде: «Біз пароммен өткізу жолын аштық. Ендігі жерде автокөлік паромы Құрық порты арқылы Құрық-Баку- Грузия-Түркия, Босфор шығанағы Еуропа бағдарына шығуға дайын. Қазақстан құрлықтағы ел, барлық теңіздерге оның ішінде Парсы шығанағына да шығатын боламыз. Біз Қазақстан үшін аса ауқымды жұмыстарды атқардық», - деген болатын.

«Қазіргі таңда Құрық порты кешені арқылы экспорттық, импорттық және транзиттік жүктер жөнелтілуде. Қытайдан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан транзиттік жүктер осы Құрық порты арқылы Әзербайжан одан кейін Еуропаға жөнелтіледі. Елімізде өтіп жатқан Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша тасымалданатын жүктердің артуына Құрық порты өз үлесін қосуда», - дейді Құрық порты бас директорының орынбасары Талғат Оспанов.

Осылайша былтыр теміржол паромы терминалы 1,5 млн тонна жүк тиеді. Портқа 320 кеме келді. Биыл 15 216 вагонға және 306 автокөлікке қызмет көрсетілді.

Айта кетерлігі, Құрық паромдық кешені жылына 4 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға қауқарлы. Ал Ақтау теңіз сауда портын қоса алғанда 2020 жылға қарай 25 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

 
Көрілді: 300
Жаңартылған: 07.11.2018 | 22:00
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат