Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Каримовты кеше мақтағандар бүгін даттай бастады

23.08.2018 | 10:49
Каримовты кеше мақтағандар бүгін даттай бастады

Биыл Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың туғанына 80 жыл толды. Ал келер аптада оның дүниеден қайтқанына 2 жыл болады. Осы екі жылда Өзбекстанда көп нәрсе өзгерді.

Екі жылда Шавкат Мирзияев өзінің билігін орнықтырды. Билікті Ислам Каримовқа қалтқысыз қызмет еткен бірқатар кадрлардан тазаратты.  Халық «юртбашының» заманы өткенін енді сезіне бастаған сияқты.

Өзбекстан Сенатының депутаты, Халық ақыны Икбол Мирзо жуырда газетке жариялаған мақаласында Ислам Каримовтың дәуірін сынап, президент Шавкат Мирзияевтың қазіргі реформаларын мақтады. Мақала елдің бас газеті "Халқ сўзи" басылымында жарияланды.

Сенатордың жазуынша, өзбекстандықтар көп жылдар бойы (Каримовтың дәуірінде деп түсініңіз) өз-өздерін алдап, өздері айтқан өтіріктерге қарын тойғызып келіпті. Жалған мақтауға келгенде тіптен сорақылыққа барыпты. Көршілердің бәрімен ұрысып, қырғи-қабақ болып, дұшпанға айналыпты. Білім саласындағы «реформалар» балаларды сауатсыз наданға айналдырыпты.  Медицинаның  жағдайы мүшкіл болыпты.  Еркін сөз, еркін пікір айту дегеніңіз атымен болмапты.

-Мұның салдарынан бізде тек жеткен жетістікке малданатын, қалған нәрсенің бәріне бейжай қарайтын қоғам қалыптасты,-деп жазған сенатор-ақын.

Осылайша өткен-кеткенді електен бір өткізіп алған депутат одан әрі Мирзияевты мақтай жөнеледі. Мирзияев билікке келген бойда халыққа жаныашымастықпен күресуді үйретіпті. Соның нәтижесінде халық келешегіне, отанның гүлденуіне алаңдай бастапты.
Икбол Мирзоның мақаласы әлеуметтік желіге де жарияланған. Халық арасында қызу пікірталас басталып кетті. Мәселен, осы мақала жарияланған "Халқ билан мулоқот» тобында 300 комментарий жазылыпты. Пікір екіге жарылған. Біреулер сенаторды қолдаса, бірі мұнымен келіскісі келмейді. Енді біреулер оны сатқын деп айыптаған. Бұл айыптауды жөнсіз деуге болмайды.

Икбол Мирзо 2010 жылдың қаңтарында сол кездегі президент Ислам Каримовтың Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалған. Осы күнге дейін сенатор-ақын қоғамдағы келеңсіздіктер туралы жақ ашпаған. Сонда бұл не, сатқындық па әлде жағымпаздық па?
Икбол Мирзоның шын аты-жөні Икболжон Мирзаалиев. Фергана өңірінде туған. Қазіргі уақытта ол Сенаттағы жастар, мәдениет және спорт жөніндегі комитетке төрағалық етеді. Ол 2005 жылы Өзбекстанның халық ақыны атағын алған болатын. Сонымен бірге «Шухрат» медалі мен "Фидокорона хизматлари учун" орденін алған. "Фидокорона хизматлари учун" деген сөз қазақша «адал қызметі үшін» немесе «мінсіз қызметі үшін» деген мағынаны береді. Барлық марапатты ол Каримовтың заманында алғанына қарағанда, сенатор-ақынның осы уақытқа дейін кімге адал, кімге мінсіз қызмет еткені түсінікті.

Ал президент Шавкат Мирзияев елдегі реформаларды аяусыз жүргізіп жатыр.

Биыл наурызда сөйлеген сөзінде Мирзияев шенеуніктердің той тойлауға көп шығын шығаратынын, ал орынсыз шашылу сыбайластыққа алып баратынын айтып,  мемлекеттік қызметкерлерге  үйлену тойы мен туған күнге баруға тиым салған болатын.  Жуырда Өзбекстанда президенттің тапсырмасына сәйкес  елде орынсыз шашылуға алып баратын тойлар мен іс-шараларды шектеумен айналысатын комиссияның құрамы бекітілді. Сонымен бірге жуырда Үкімет бірыңғай мектеп формасын бекітті. 2018-2019 жылғы оқу жылында бірыңғай мектеп фомасы ерікті түрде, ал одан кейінгі оқу жылында міндеті болады.

"Рейтинг" газеті

022

 
Көрілді: 3541
Жаңартылған: 23.08.2018 | 10:55
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат