Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Биліктегі күйдіргі күйеу бала

09.08.2018 | 11:28

Күйгенде биліктегілерді күйеу балалар күйдірді. Сол күйдіргі күйеу балалардың ішінде жасы жағынан ең үлкені Виктор Храпунов десек қателеспейтін шығармыз. Алматының бұрынғы әкімінің әйелі Лейла Храпунованың қазақ қызы, сол себепті Виктор Вячеславұлын  көпшілік  «күйеу бала» деп еркелететін. Күні кешеге дейін. Қазір Храпуновты еркелететін уақыт өтіп, қара есекке теріс мінгізетін заман туды.

Храпуновтың айыпты болуында оның жұбайы Лейла да  басты рөлді  ойнаған сияқты.

Расында да осыған дейін қазынаның қаржысын талан-таражға салған, түйені түгімен, биені бүгімен жұтқан талай шенеунік сотты болды. Жемқорлар топ-тобымен, үйір-үйірімен темір тордың арғы жағына кетті. Бірақ солардың ішінде бюджеттің қаржысын жұбайымен бірге жеген шенеунікті көріп пе едіңіз?!. Осыдан кейін Лейла Храпунова мен Виктор Храпуновтың бір-бірін тауып қосылған, жұлдызы жарасқан жұп екендігіне ешқандай күмәніңіз қалмайды.

Л.Храпунованың жеке сайтынан алынған мәліметтерге қарағанда, Лейла  Қалибекқызы Даниярова (қыз кезіндегі тегі) биыл алпыс жасқа толады. Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ата-анасы білімді азаматтар болған көрінеді. Лейланың өзі де жас кезінде оқу-тоқудан шаршамаған.  Орта мектепті бітірген соң Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) Гидромелиоративті-құрылыс институтына түскен. Екінші курста ол осы өзімен бірге оқыған Асылбай Бекетов деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Осы кезден бастап Лейла Бекетова болып жазылады. 1988-1990 жылдар аралығында Л.Бекетова Шымкент қаласында Мәдениет институтын мәдениет қызметкері мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын сол Тараз қаласында Жоспарлау комиссиясынан бастаған.  Кейінірек ол отбасымен Алматыға қоныс аударып, телевидениеде бақ сынайды. Бұл салада ол жақсы жетістіктерге жетеді. Экранның сыртында жүріп, түрлі ұйымдастыру жұмыстарында шыңдалған. Л.Храпунованың өзінің жазуынша, ол посткеңестік елдер арасында алғаш болып 100 пайыз жекеменшік «ТАҢ» телеарнасын құрған. Жалпы Лейла Храпунова өте белсенді, өзінің ұйымдастырушылық  қарым-қабілетін кәсіпкерлік салада да, билікте де көрсете білген.

  1993 жылы Лейла күйеуімен ажырасып, 1998 жылы Виктор Храпуновқа тұрмысқа шыққан.

Кім біледі, кейде ол тым әсіре белсенді болып кеткен сияқты. Себебі Виктор Храпуновтың қылмыстық істеріне қарағанда, қазынаның қаржысын жеу, мүлкін талан-таражға салу қылмыстарының басы-қасында Лейланың өзі жүрген көрінеді.

 Бұған дейін Қазақстанның құзырлы органдары Швейцарияда жүрген Виктор, Лейла Храпуновтарға ақпарат құралдары арқылы сәлемдеме жолдап, өз еріктерімен Астанаға келіп жауап беруге шақырған. Ерлі-зайыптылар шақыртуды қабыл алған жоқ. Олар өздерінің қуғын-сүргінге ұшырағандарын саяси себептермен байланыстырды.

Жуырда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында ерлі –зайыпты Храпуновтар мен Лейла Храпунованың күйеу баласы (сіңлісінің жұбайы) Айяра Ильясовқа және бұдан басқа 9 азаматқа қатысты сот басталды. Соттың алғашқы отырысында прокурорлар  экс-әкім мен оның жұбайының қылмыстық әрекеттерін жария етті.   Храпунов ісі бойынша  - 20 эпизод, Лейла Храпунованың  ісі бойынша- 11 эпизод,  Айяра Ильясовтың  ісі бойынша 1 эпизод қаралып жатыр. 2002-2003 жылдар арасында Алматыда 50 жер учаскесі заңсыз сатылған.  Оның ішінде Горная 232 мекенжайындағы алаң, Назарбаев көшесіндегі №186 балабақша ғимараты,   «Shadid Engineering Ltd» және «АКБ «Казкоммерцбанк» ЖАС жекешелендірілген. Алматының сол кездегі әкімі В.Храпунов түрлі қитұрқылықтарға барған.  Мәселен, «Самал-3» шағын ауданындағы жер телімін  тұрғын үй салуға  «Shadid Engi-neering Ltd» компаниясына берген.  Екі жылдан соң учаске компаниядан мемлекет мүддесі үшін қайтарылынып  алынған.  Ал 2003 жылы күзде жер телімі  Храпуновтың туыстарына  берілді. Жер учаскелерінің кейбірі Лейла Храпунованың туыстарының атына аударылған. Одан бөлек, 2002 жылы 15 қарашада  Храпунов нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жерін алуға тыйым салынған «Медеу» мемлекеттік табиғи паркінің  «Дубовая Роща» мен «Лесная Сказка» демалыс алаңдарын заңсыз беру туралы қаулы шығарған. Сол жылдары Лейла Храпунова ға қатысы бар «Гульмира» ЖШС   «Дубовая Роща» демалыс алаңын 1 млн. 800 мың теңгеге, ал «Лесная сказка» алаңын 2 млн 100 мың теңгеге сатып алған. Сонымен қатар, Храпуновқа  Алматы әуежайындағы терминалдарды, Сыртқы істер министрлігінің қабылдау үйін, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасын, «Сайран»  тағы басқа мүліктерді иемденді деген айып тағылды. Бұлардан бөлек экс-әкім «Қуат» құрылыс компаниясынан, «Айт Хаузинг Комплекс» компаниясынан пара алды деп айыпталуда.

  Виктор мен Лейла Храпуновтар және Айяр Ильясовқа сырттай қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған. Қалған сотталушылар қолхатпен сотқа келіп-кетіп жүр.

Осы мысалдардан байқалғандай,  Виктор Храпунов өзінің қылмыстық әрекеттерінің бәрін Алматы қаласының әкімі болған кезде, яғни 1997-2004 жылдар аралығында жасаған. Одан бергі аралықта ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Төтенше жағдайлар министрі болып істеді.  2008 жылы барлық дүние-мүлкін ұшаққа буып-түйіп, Швейцарияға кеткені белгілі. Ерлі-зайыптылар қазір Швейцариядағы ең дәулетті отбасы саналады. Олардың байлығы 300—400 миллион швейцар франкін құрайды. Мұншама көл-көсір дүние Виктордың немесе Лейланың ата-бабасынан қалмағаны айдан анық.

Ал Виктор мен Лейла қазынаны тонап жатқан кезде құзырлы органдар қайда қарап отырған? «Ақсақ қой түстен кейін маңырайдының» керін келтіру кімге керек болды? 

 

Дереккөз: "Рейтинг" газеті

299643

 
Көрілді: 1556
Жаңартылған: 09.08.2018 | 11:35
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат