Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Бейсенбай Тәжібаев жаңа қызметке тағайындалды

03.08.2018 | 11:07

Журналист Әсет Әссәнди осыдан бірер ай бұрын  Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Бейсенбай Тәжібаевты  облыстық Ішкі саясат басқармасының тізгінін ұстаса деген ойын айтып еді. Көпшілік те бұл ұсынысты қолдаған. Міне, бүгін облыс әкімінің өкімімен өз ісіне жауапты, тәжірибелі маман Бейсенбай Тәжібаев Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Бейсенбай Дәулетұлы 1982 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі журналист, құқықтану.  Еңбек жолын 2002 жылы Шымкент қаласында «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің тілшісі ретінде бастаған.  2005-2017 жылдары Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының редакторы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы» МКК-нің директор – бас редакторы, «Айқын-Литер» ЖШС «Айқын» газетінің Астана қаласындағы тілшілер қосынының жетекшісі, «Елордалық «Астана» журналы» ЖШС Бас редактор, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің басшысы-баспасөз хатшысы лауазымдарын атқарған. 
     Бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің басшысы-баспасөз хатшысы лауазымында қызмет етіп келді.

     Бейсенбай Дәулетұлының ісіне сәттілік, еңбегіне жеміс тілейміз!

 
Көрілді: 1885
Жаңартылған: 03.08.2018 | 11:19
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат