Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

"Зың әкім" елге берген уәдесін ұмытқан жоқ па?

28.06.2018 | 10:49

Ара-тұра «хитке» айналатын сөз айтып қалатын, жұрт арасында «зың әкім»  атанып кеткен Әбдірахымовтың Шымкентте екінші әкімдік дәурені басталды. Естеріңізде болса, Шымкентке бұған дейін  екі жарым жылға жуық уақыт әкімдік еткен Әбдірахымов жұрттың «аузын аштырып, көзін жұмдырған» жобаларды қолға алып,  «егер алдыма қойған жоспарымды орындай алмасам, 5 жылдан кейін қызметімнен кетемін» деген еді. Әбдірахымов  екінші әкімдік қызметінде осы уәдесінде тұра ма? Егер тұрса, мерзім қай кезеңінен бастап есептеледі. Облыс әкімі Б.Атамқұлов тағайындаған 2015 жылдың тамызынан ба, әлде Президент тағайындаған 2018 жылдың маусымынан ба?

Жалпы Шымкенттің облыстан енші алып, өз алдына отау тігуі Түркістан облысы үшін оңай болмайын деп тұр. Шымкентте  бүкіл облыс өнеркәсібінің 60 пайызы орналасты.  Өзіндік кірістің жартысынан көбі де осы мегаполиске тиесілі болатын. Қалада біраз жылдардан бері мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылған бір емес үш бірдей индустриалды аймақ, мақта-тоқыма өнеркәсібін дамытуға бағытталған арнайы экономикалық аймақ қалды. Шымкенттен бөлінуімен бірге облыс халқының үштен бірінен «айырылды». Шымкентте сонымен бірге шешілмеген біраз проблемалар да қалды.

Былтыр қарашада Әбдірахымов қызметінен кетіп,  оның орнына жаңа әкім Нұрлан Сауранбаев тағайындалған кезде облыс басшысы Жансейіт Түймебаев жаңа әкімге шешімін таппай жатқан біраз мәселелерді тапсырған болатын. Өткен жылы Шымкентте  салықтық түсімдердің жоспары 70,1 миллион теңгеге орындалмай қалған. Мемлекеттік сатып алулар бойынша құзырлы орган тарапынан 81 конкурс  бойынша 10,2 миллиард теңгеге заңбұзушылықтар анықталған.  2009-2016 жылдары жаңадан іске қосылған 278 нысанның 52-і осы уақытқа дейін әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Қалада тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосу немесе олардың бос алаңдарын басқа мақсатқа пайдалану бойынша жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеген.  «Максимум» АИО» ЖШС-і арқылы 250 миллион теңгеге қаржыландыру индикаторы бекітілгенімен,  небәрі 35 миллион теңге құрайтын 3 жобаға ғана қолдау көрсетілген.  2016 жылмен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандары 4,2 пайызға кеміген. Қала аумағында 3074 гектар жер пайдаланылмай жатқандығы анықталғанымен мемлекет меншігіне қайтарылмаған.

Ақпарат құралдарында, тұрғындардың арыздарында әбден жазыла-жазыла жауыр болғанына қарамастан «Самал-3», «Құрсай», «Азат-2», «Асар-2», «Тоғыс» тұрғын алаптары, «Ынтымақ-2» «Таскен» мөлтек ауданы тұрғындарын тұрақты, сапалы электр энергиямен қамтамасыз ету бойынша жобалық сметалық құжаттары  әзірленбеген. 2016 жылы берілуге тиісті  «Бозарық» жартылай жабық қосалқы станциясы әлі күнге дейін іске қосылмай тұр. Қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет сапасы да мәз емес. Жол құрылысы кешеуілдеп, нысандарды пайдалануға беру мерзімі кешіккен. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту жоспары орындалмаған. «Өрлеу» жобасына қарастырылған 438 миллион теңгенің 144,5 миллионы  игерілмеген. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 1247 адамның 17-і немесе 1,1 пайызы ғана жұмысқа орналасқан...тағысын тағылар.

Нұрлан Сауранбаев жеті жарым айдың ішінде жоғарыдағы мәселенің бәрін жайғап тастады деуге болмайтын шығар. Жалпы, сырттан келген кадр еді демесеңіз, Нұрлан Сауранбаев  Шымкентте тәп-тәуір бастамаларды қолға алған болатын. Соның бірі жуырда әкім қаладағы топырақ көшелердің бәріне тас төсеу жұмыстарының басталғанын жария еткен еді. Жазда шаң басып, қыста батпаққа айналатын көшелеріне тас төселетінін естіген жұрт әкімдеріне ризашылығын айта бастаған еді. Осы  бастаманы Әбдірахымов жерге тастамай, ақырына дейін жеткізеді деген үмітіміз бар.  Айтпақшы, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың жеке бастамасымен қолға алынған «Шатқал» бағдарламасына да Әбдірахымов жаман қарамас деген пікірдеміз. Қанша дегенмен бұл бағдарламаның артында көшеттерді асарлатып, сенбілікке шығып еккен, жүздеген, мыңдаған шымкенттіктердің маңдай тері жатыр емес пе?

Әбдірахымов әкімдік еткен екі жарым жылда халыққа біраз уәде берген.  Алғаш келген кезде «Шымкент Лас-Вегастан да әдемі болуы тиіс» деп, елді бір шулатқаны бар. Қалада алғаш рет велосипедттер жүйесін енгізіп, «Ғабибайк» деген атқа да ие болды. Лондонның мэріне хат жазып, Шымкентті Лондон, Париждің тәжірибесімен дамытамын деді.   Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын бекітіп, оған қажетті 600 миллиард долларды инвесторлардың есебінен шешемін деген еді. Алайда тұжырымдама аясында салынуы тиіс ертегідегідей әсем қалашық «Шымкентситиге» үймелеп жатқан инвесторларды әзірге көргеніміз жоқ. Осындағы инфрақұрылым тарту, тұрғын үй салу жұмыстарының бәрі мемлекеттік бағдарламалардың аясында жүзеге асып жатыр.   «Шымкент молл» деп аталатын Орталық Азиядағы теңдесі жоқ сауда-ойын сауық орталығы да сол  ннвесторлардың қызығушылық танытпауынан салынбай қалған сияқты. Әбдірахымов «2018 жылы қаладағы негізгі проблемалардың бәрін шешіп беремін» деген. Ал жылдың аяқталуына алты ай ғана қалды. Қалада әлі күнге дейін коммуналдық салада, оның ішінде халықты газбен, ауыз сумен қамтамасыз етуде проблема көп. Әбдірахымов  «2016 жылы қаланың орталығындағы базарларды сыртқа көшіремін» деген. Өкінішке қарай, сонау Шөкеевтің заманынан бері Шымкентте қаланың сыртына көшкен базарды көргеніміз жоқ.  2018 жылдың соңына дейін Қырғы базарды керемет «Шығыс базарына» айналдырамын деген еді. Осы жылдары қаланың жолдарын тақтайдай етіп жөндеймін деген. Өкініштісі, қалаға жаңадан өткен елдімекендердегі жолдың жағдайы «сен сұрама, мен айтпаймын» болып тұр. Әсіресе,  Сайрам ауылындағы жолдың жағдайы жыларман халде.

Екінші әкімдік дәуренін бастап жатқан Әбдірахымовқа осындай-осындай уәделерін еске салып қойғанның артықтығы жоқ шығар. «Зың әкім» жұмысын неден бастайды?  Бір кездері өзімен бірге «Нұр Отанға» кеткен кадрлардың  қаншасы Шымкент қалалық әкімдігіне қайтып оралады? Әбдірахымовтың өзі бұл жолы қандай уәде береді? Оны қаншалықты орындай алады? Мұның бәрін енді тек уақыттың еншісіне қалдырдық. Әліптің артын бағып әңгімеге қайта оралармыз біз де. 

 

"Рейтинг" газеті 

37

 
Көрілді: 1813
Жаңартылған: 28.06.2018 | 11:07
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат