Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Отан қорғайтын жігіттердің көшін Оңтүстік бастап тұр

05.05.2018 | 10:16
Отан қорғайтын жігіттердің көшін Оңтүстік бастап тұр

Оңтүстік Қазақстан облысында 2018 жылғы көктемгі мерзімде 2 мыңға жуық азамат әскерге аттанады. Бұл еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда 2 немесе 3 есеге дейін артық. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Т.Әліқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Департамент басшысы әскерге баруға ұмтылатын жастардың қатары артып келе жатқанын айтады. «Әскерге сұранып тұрған жастардың қатары өте көп, бізді осы жағы қатты қуантады. Жалпы әскерге шақырту алған азаматтарды түрлі саладағы әскери бөлімдерге топтастырып жіберіп отырамыз. Мәселен, қазірдің өзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметіне 500-ге жуық, Мемлекеттік Күзет қызметіне 26 азамат жөнелтілді. Жалпы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 700-ге жуық, Ұлттық Ұланға 1000-ға тарта әскерге шақырылушы жөнелтіледі», - деді Талғат Шымкентбайұлы. Аудандық, қалалық медициналық комиссиялар дәрігер-мамандармен 100 пайыз жасақталған. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің медициналық бақылау комиссиялары 144 дәрігер-маманмен қамтылған. Жалпы өңірде қалалық, аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарма, бөлімдерінде 15 медициналық комиссиясы жұмыс істейді. Айта кетейік, облыстық жинақтау бекеті ғимаратында әскерге шақырылушырға арналған 60 орындық 10 бөлме, әскери бөлімдердің өкілдерін орналастыруға арналған 10 орындық 2 бөлме бар. Сондай-ақ, әскерге шақырылушыларға арналған үш мезгіл тамақтану, шаш алу, жуыну бөлмелері ұйымдастырылған.

019



 
Көрілді: 1184
Жаңартылған: 05.05.2018 | 10:24
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат