Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Тимур Құлыбаевтың тым белсенді болып бара жатқаны немен байланысты?

26.04.2018 | 11:47
Тимур Құлыбаевтың тым белсенді болып бара жатқаны немен байланысты?

Бізде биліктен кетсе де, шен тағып, шенеуніктің шекпенін кимесе де бәрібір аты-жөні сол билік эшалонының ішінде аталатын біраз азаматтар бар. Мәселен...

 Тимур Құлыбаев пен Болат Өтемұратов. Бұл екеуінің биліктен кеткені қай заман. Екеуі де қазір бизнесте. Миллиардерлердің көшін бастаған бай-бағландар. Өтемұратов Президенттің штаттан тыс кеңесшісі қызметін қазір де атқара ма жоқ па, ол жағы белгісіз. Ал Тимур Құлыбаевтың бірнеше жылдан бері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жетекшілік етіп жүргені белгілі. Тек өзінің ғана емес Қазақстандағы бүкіл бизнесменнің жай күйін ойлап жүрген Құлыбаевтың соңғы уақытта  жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел кезіп жүр. Мұны неге жоруға болады?

Жуырда «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы биліктегі элитаның 2018 жылдың 1 тоқсанындағы рейтингісін жария етті. Осы рейтингте 4-5 орында жүретін Тимур Құлыбаев бұл жолы 3-орынға табан тіреді. Мұны немен түсіндіруге болады? Дәлірегі бұл нені білдіреді?

Атап өтері, рейтингтің келешегі кемел, яғнит перспективасы зор деген көрсеткіші бойынша көштің басын тағы Мәсімов бастапты. Одан кейін Дариға Назарбаева, үшінші  болып Тимур Құлыбаев тұр.

        Осы сәуір айында Құлыбаевтың қолы қарбалас тірліктен босаған жоқ.  Сәуірдің басында ол алдымен Маңғыстау облысына барып, осында кәсіпкерлердің жиынын өткізді.  Бұдан кейін Оңтүстік Қазақстан  және Жамбыл облыстарына сапарлатты. Екі сапарда да облыс әкімдерінің қатысуымен өңірдегі кәсіпкерлердің кеңесін өткізді. Кеңестерде кәсіпкерлікке кедергі болып отырған маңызды мәселелер талқыланды. Бұдан кейін Алматы облысында іс-сапарда болды. Облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге кәсіпкерлерге қызмет көрсететін нысандардың жұмысымен танысты, арнайы жиынға қатысты. Іс-сапар одан әрі Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жалғасты. Өткен аптада Құлыбаев Алматы қаласы мен Астана қаласында кәсіпкерлердің конференциясын өткізді. Қорытындысына келер болсақ, Президенттің күйеу баласы бір айдан аз уақыттың ішінде Қазақстанның тоғыз өңірін аралапты. Мұндай белсенділік бірде-бір министрдің, тіпті  Премьер-министрдің қолынан келген емес. Т.Құлыбаевтың өңірлерде өткен жиындарға орынбасарларын жібере салмай тікелей өзі барып қатысуында не гәп болды екен? Ел айтып жүргендей билік ауысар сәт таяп келе ме? Оның басты үміткердің бірі екені елге аян.

Рейтингке қайта оралсақ. Рейтингтің басында бұл жолы тағы да Кәрім Мәсімов тұр. Екінші орында сол баяғыша Әділбек Жақсыбеков. Бұл жолы Тимур Құлыбаевты алға жіберіп қойған «Самұрық-Қазынаның» төрағасы Ахметжан Есімов төртінші орында. Бесінші орында Ресейдегі елші Иманғали Тасмағамбетов. Жалпы Тасмағамбетов сарапшылардың көңіл-күйін қатты түсірген-ау дейміз. Бұрын көштің басын бермейтін Тасмағамбетов қазір үздік үштікке де іліге алмай жүр. Сенаттағы комитет төрайымы Дариға Назарбаева 18 орыннан бірден 8 орынға жоғарылапты. Ал Сенаттың төрағасы Қасым Жомарт Тоқаев 11-орында жүр. Тізімнің соңында қызметіне жуырда тағайындалған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.

Жәнібек Тархан

039

 

 

 
Көрілді: 1698
Жаңартылған: 26.04.2018 | 11:53
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат