Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Облыс әкімін алдаған директор-депутат

01.03.2018 | 14:38

       Зұппархан Чалданов. Мектеп директоры һәм облыстық мәслихаттың депутаты деген дардай аты бар оның  жалған мәліметі   алдымен Түркістан қаласының атқарушы билігіндегілерді (қала әкімі Әліпбек Өсербаев қазір облыс әкімінің бірінші орынбасары), онымен шектелмей шынымен-ақ облыстың білдей бірінші басшысына дейін   ақымақ адамның күйін кештіргені ме? Осыдан кейін ол қарамағындағы ұстаздар ұжымына және мектепте оқитын қаншама шәкіртке беті бүлк етпей «адалдықтан айнымай тура жүріп-тұрыңдар» деуге қалай ары шыдап жүр екен десеңізші. Ақылды болған соң атқамінер атандық деп биліктің бишігін ұстағандардың өзін сазға отырғызудан, бір-бірімен дауластырып қоюдан ұялмаған депутат  сенім артқан қарапайым сайлаушыларына қандай қас-қабақ танытатыны айтпаса да түсінікті.

IMG 0809-696x684

 

     Ойдан құрастырылған ойынға тіпті облыстық мәслихаттағы әріптестерін де араластырудан арланбағанын, олардың алданып қалғанын тым кеш  түсінгенін, бәрін, бәрін… сарапқа салсаң Чалданов жасаған «ЧП» кешірілетін келеңсіздік пе? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі төрағалықтың тізгінін ұстаған «Нұр Отан» партиясының атынан бақ сынау бақытын иеленуі арқасында додадан аты талассыз озып келген оның  Президенттің партиясының абырой-беделін, сол арқылы қол жеткізген мәслихаттың мандатын жеке мүддесіне пайдаланғаны ма сонда? Мұндай адамның  алдағы уақытта тәрбие мен білімнің ошағы—мектепке басшылық жасауды жалғастыра беруіне, мәслихат депутатымын деп аяғын алшаң басып жүруіне моралдық жағынан құқығы бар ма? Елбасы ерекше сенім артып, жақында партия төрағасының бірінші орынбасары қызметіне қызу кіріскен Мәулен Әшімбаев тәртіп пен талапты қатаңдатқан тұста Чалданов жасаған «ЧП» жайлы мәліметке жан-жақты қанық болса — оны партия қатарында қалдыра ма? Тізбектей түссең таусылмайтын бұл сауалдардың жауабына тақсыр уақыттың төрелігін күтейік. Әліптің артын бағып әңгімеге қайта оралармыз.

     Сонымен даудың түңлігі қалай түріліп еді? Әлқисса…

-Мен атқарушы билікте де, өкілетті органда да жұмыс істедім. Сонда байқағаным, бізде «ананың жұмысы, мынаның жұмысы» деген жаман түсінік қалыптасып кеткен. Бір әкім немесе депутат өзіне дейінгінің жұмысын әрі қарай жалғастырғысы келмейді. Қайта өшіргісі келетіндерін қайтерсің?  Алайда халықтың қамына келгенде «сенікі, менікі» деген нәрсе болмауы керек қой,-дейді  осы аптада «Рейтинг» газетіне арызданып келген Түркістан қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының тұрғыны, бұрынғы ауыл әкімі, одан кейін облыстық мәслихаттың депутаты болған Даныш Маннатов.

   Әңгіменің тоқетеріне тоқталсақ.  Даныш Маннатов  облыстық мәслихаттың депутаты болған кезде облыс әкімі Асқар Мырзахметовке, оның орынбасары Ербол Садырға кіріп, Ескі Иқандағы кәсіптік білім беретін №23 колледжге жаңа ғимарат салуға ықпал етіпті. Бюджеттен бұған 541 миллион теңге қаралған. Жаңа ғимараттың арқасында аталған оқу орнының базасы кеңейеді, мүмкіндігі артады. Осы жылдары депутат Ескі Иқандағы ең өзекті мәселе—жаңа мектеп салу мәселесін көтеріпті.

      -Ескі Иқанда мектептер Шымкент бағыты жағында орналасқан. Ал Түркістан бағытында мектеп болмағандықтан балалар 3-4- шақырым жерден жаяу қатынауға мәжбүр. Әсіресе, бұл бастауыш сыныптың балаларына қиын. Мен осы мәселені мәслихатта көтердім. Алайда облыс басшылығы Ескі Иқанда мектеп салуға жергілікті атқарушы органнан сұраныстың түспегенін айтты. Кейіннен мен бұл мәселені  Түркістан қалалық әкімдігінің алдына қойдым. Әкімдіктің араласуынан кейін Ескі Иқандағы білім ошағының басшылары жаңа мектеп салуға сұраныс бере бастады. Иқан мектебінің директоры Зұппархан Чалданов қанша мәрте айтсам да сол жолы үн-түнсіз қалған болатын, -дейді Даныш Маннатов.

       Соныменен 2016 жылы облыстық мәслихат сайлауында, «Нұр Отанның» атынан түскен, Иқан мектебінің директоры Зұппархан Чалданов жеңіске жетіп, депутат атанады. Осыған дейін тым-тырыс жүрген директор депутаттық мандатты қолына алған соң күшейіп кетті ме, әйтеуір, облыстың әкіміне хат жазады. Хатта ол «Иқан» мектебінің  640 оқушыға лайықталғанын, 1511 оқушының ғимаратқа сыймай, үш ауысымда оқу қаупі туып тұрғанын, осыған байланысты Ескі Иқандағы №23  колледждің бұрынғы ескі ғимаратын өзі басшылық етіп отырған мектептің балансына беруді сұранады.

      -Осы хатында Чалданов екі бірдей өтірікті соғып жіберген. Біріншіден, ол ғимарат бос тұр деп жазады. Шын мәнінде ғимаратта бұл кезде сабақ өтіліп жатқан. Екіншіден, Чалданов облыс әкіміне жазған хатында өзі директорлық ететін Иқан мектебін 640 орындық деп көрсеткен. Алайда шын мәнінде мектеп кем дегенде 850 орындық. Мұнда екі ауысымда 1780 баланың білім алуына болатыны, қосымша 269 балаға орын бар екендігі Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Рысбековтың Ескі  Иқан ауылы тұрғындарына берген хатында жазылған дейді арызданушы.  Чалдановтың осы сұранысына сол кездегі облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Бұрханов жауап беріп,  ғимараттың колледжге қажет екендігін түсіндіреді. Алайда бұл сөзге тоқтаған Чалданов болмаған сияқты. Былтыр колледждің ескі ғимаратын Иқан мектебіне беру мәселесі облыстық  мәслихаттың тұрақты комиссиясында көтеріледі. Отырыста   Бұрханов  «мектепке оқушы сыймай жатыр» деген ақпаратпен келіспейтінін білдіреді. Алайда депутаттар «сен тірі ақпаратқа сенбейсің» дегенді айтады. Ақыр аяғында мәслихаттан арнайы комиссия құрылып, Ескі Иқандағы жағдайды көзбен көріп қайтады. Даныш Маннатовтың айтуынша, сол жолы комиссия колледж ғимаратының бос еместігін, оның  мектепке берудің қажеттілігінің жоқ екендігіне көз жеткізген. Бір қызығы, комиссияның құрамында үн-түнсіз Иқан мектебінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, әріптестері мен қала, облыс басшыларын өзінің мектебі туралы «тірі ақпараттармен» қамтамасыз еткен Зұппархан Чалдановтың өзі де жүрген. Сонда оның бұл үнсіздігі нені білдіреді?

     -Менің ойымша, Чалданов «егер колледждің ғимаратын мектептің балансына алсақ,  Ескі Иқанда мектеп салудың қажеттілігі болмайды» деген түсінікті қалыптастырғысы келген сияқты. Өйткені Түркістан қаласы басшыларының жоғарыға жазған хаттарында осындай сөздер жазылған. Айналып келенде ақпараттың бәрін беріп отырған директор-депутаттың өзі ғой.   Мектептің салынбағаны Чалдановқа тиімді емес пе? Неге десеңіз, жаңа мектеп салынса, оқушылардың біразы сонда кетіп қалады. Бұдан бала саны да, мұғалім саны да азаяды. Бұдан басқа қисын жоқ,-дейді Даныш Маннатов.

Ескі Иқандағы мектеп салу мәселесі мұнымен бітпеген.

    -Осыдан бес-алты жыл бұрын ауылда мектеп салу үшін 3,8 гектар жер белгіленіп қойылған болатын. Бірақ бертінде осы жердің біразына заңсыз үйлер салынып кетеді. Қалған 1,3 гектарға мектеп ғимараты сыймайды. Не істеу керек? Заңсыз үйлерді бұздыртуға тағы болмайды, себебі салынған үйлердің егелері қарапайым ауыл тұрғындары еді. Осыдан кейін, мектеп түседі деген аумаққа жапсарлас жатқан 1,1 гектар жерді жиенім Алимардан Құрбанхажиев өз еркімен мемлекетке қайтарып берді. А.Құрбанхажиев бұл жерді бірнеше жыл бұрын Истара Мырзаханова деген азаматшадан сатып алған. Ал И. Мырзаханова жерді ауылдық әкімшіліктен коммерциялық мақсатта пайдалану үшін сатып алған болатын. Ауылда жиналыс өтіп, А.Құрбанхажиев көпшіліктің көзінше жерді мемлекетке бір тиынсыз қайтарып беретінін мәлім етеді. Көпшілік бұған риза болды. Алайда оның бұл әрекеті ауылдағы кейбір арызқойларға ұнамай қалыпты. Олар: «уақтысында заңсыз берілген жерді заңды түрде қайтарып алу үшін» прокуратураға арызданады. Прокуратура тексеру жүргізіп,  «жер уақтысында заңсыз беріліп кеткен» деп, Түркістан қалалық әкімдігіне ұсыныс береді. Ұсыныстан кейін әкімдік сотқа жүгінеді. Алайда сот жер заңды берілген деген шешім шығарды.  Менің таңқалатыным, бұл жерде Құрбанхажиевтардың не кінәсі бар еді? Олар жерді біреуден сатып алған ғой. Олардың жазығы  жекеменшігіндегі жерін мемлекетке тегін қайтарып бергені ме? Осы үшін арыз жазып, дау-дамайды өршіту кімге керек? Арызқойлардың түпкі мақсаты не, шын ниетімен беріп тұрған жерді алмай, оны соттың, прокуратураның күшімен тартып алу ма?-деген Даныш Маннатов соңғы бір жылдың көлемінде үстінен 9 мәрте арыз жазылғанын, тексеру бәрін жоққа шығарғанын, осы тексерулерден әбден шаршағанын айтып,  ауылдағы «кезекші» арыз жазушы шалдардың арғы жағында Зұппархан Чалданов тұр ма деген күдігін де жасырған жоқ. Арыз жазу 2016 жылдың ақпанында Д.Маннатовтың мәслихат сайлауына кандидат болып тіркелуімен басталыпты. Ол арыз жазушылар сол сайлауда Чалдановтың сенімді өкілдері болғанға ұқсайды.

Біз осыдан кейін жерін мемлекетке мектеп салу үшін тегін берген Алимардан Құрбанхажиевтің анасы Анаргүл Құрбанхажиевамен сөйлескен болатынбыз.

      —  Ел арасында «мектептің жерін Чалданов мемлекетке қайтарып берді» деген сөз бекер айтылмайды ғой. Осыған байланысты  дау-дамайдың тасасында Чалданов тұр ма деген сауал өз-өзінен туындайды.Жуырда Түркістан қаласы әкімінің Ескі Иқанда өткен есеп беруінде ауыл ақсақалының бірі «осы қызметі үшін» Чалдановқа алғыс білдірді. Мектеп салу үшін қайтарып берген жерге Иқан мектебінің ұстаздары барып, қазық қаққаны да көп нәрсені аңғартады. Бұған неге басқа мектептің ұстаздары бармайды,  неге дәл Чалданов басшылық ететін Иқан мектебінің мұғалімдері шығады? Мен 35 жылдан астам уақыт ұстаздық еттім. Мектеп мен үшін қасиетті мекен. Ұлыма  «жерді мектеп салуға беріп, сауап тірлік жаса» дегенді де айтқан өзім едім. Менің әкем  Дадаш Маннатов Иқан мектебінің салынуына ықпал етіп, осында директор болған. Өкінішке қарай, әкелеріміз бен аталарымыз салып кеткен жақсы дәстүрлер ұмытылып барады. Бір-бірінің үстінен арыз жазу, бақталасу.  Мен әлдебіреулер сияқты өз баласымен төбелесіп,  үйіне  полицейлерді  күзетші етіп қойғаным жоқ. Ұлым әлдебіреулердің ұлы сияқты үйіне ұрлықы малды әкеліп тығып қойған жоқ. Бәрін адал еңбекпен тапқан момын жан, -деді Анаргүл Құрбанхажиева.

Ал біз хабарласқан облыстық мәслихаттың депутаты, Иқан мектебінің директоры Зұппархан Чалданов өзіне айтылған айыптаулардың бәрін жоққа шығарғаны былай тұрсын, өзімізді де адастырудың амалын жасағанын аңғардық. Колледждің ескі ғимаратын Иқан мектебіне беру туралы хатты өзі емес, Түркістан қалалық әкімдігі жазған деді. Ал өзі облыс әкіміне ешқандай да «дұрыс емес» ақпарат бермепті. Тіпті «бұл трехкратный дұрыс мәлімет» деді. Ол осыдан кейін мектеп салынған 1969 жыл мен қазіргі талаптың екі түрлі екендігіне тоқталып:

    -Халықтың сұранысына орай, депутат ретінде Иқанға мектеп салу қажеттігі жөнінде хат жазғанмын. Ал колледжге жаңа ғимарат салынған. Оның ескі ғимаратын мектеп, ауылдың жастары пайдаланса несі жаман?!  Қазір мол ғимарат бос тұр, айлап адам кірмейді,-деді депутат. З.Чалдановтың айтуынша, Ескі Иқанда мектеп салу өте қажет. Ал мектеп салу үшін А.Құрбанхажиевтің жеріне Иқан мектебінің мұғалімдері шығып қазық қаққан кезде ол ауылда емес Шымкентте болған екен.

    -Қазықты жер комитетінің мамандары қаққан. Мектепке телефон шалып,  қазық қағуға көмек сұрапты. Мұғалімдер барып жәрдем берген,-деді З.Чалданов.

Апыр-ай,ә мектеп мұғалімін сайлауға, көше тазалауға жұмсағанды естіп едік, бірақ жер теліміне қазық қағуда мұғалімнің көмегі қажет болыпты дегенді естігеніміз осы болды. Қысқасы,  депутаттың айтар уәжі жоғарыдағыдай. Мән-жайды толық білу үшін біз Ескі Иқандағы №23 колледждің директоры Еркін Имамалиевпен хабараласқан болатынбыз. Ол аталған оқу орнының ескі ғимаратында күнделікті сабақ өтілетінін, бұл жөнінде талай комсиссия келіп (соның ішінде құрамында Чалдановатың өзі бар комиссия да)  тексеріп кеткенін, ғимараттың бос тұрмағанына көз жеткізгенін мәлім етті. Сонда Чалданов кімді алдап отыр?  Облыстың әкіміне «трехкратный дәл мәлімет» беріп, мәслихаттағы әріптестерін «тірі ақпаратпен» қамтамасыз еткен Чалдановқа қарапайым сайлаушыларын алдай салу онша қиын шаруа емес шығар деген ой туындады. Міне, Сіз сайлаған депутаттың сиқы.

 

     Жәнібек ТАРХАН,

«Рейтинг» газеті, 1 наурыз, 2018 ж

 
Көрілді: 1682
Жаңартылған: 01.03.2018 | 14:44
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат