Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Министр Біртанов жұлдыз санап жүр ме ?

01.02.2018 | 11:13
Министр Біртанов жұлдыз санап жүр ме ?

     Депутат Сабильянов оның бастамаларын ертегі деп есептейді

 

    Еліміздің дәрігерлеріне енді «Ватсон» көмектеседі. Бұл туралы осы аптаның алғашқы күнінде Парламент Мәжілісінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Цифрландыруға «Ватсонның» қандай қатысы бар дейсіз ғой. Айтайық, ол – еліміздің денсаулық сақтау саласына енгізілгелі жатқан жасанды интеллект. Ведомоство басшысы соның қызметіне сүйеніп, Қазақстан медицинасы жасанды интеллектпен жұмыс жүргізетін әлемдегі 16-шы мемлекет болатынына тым сенімді. Бірақ, бұған тұрғындар сенбейді...

 

    Біртановтың баяндауынша, өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі мен ІВМ компаниясы арасында денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. 2005 жылдан бастап бүгінге дейін министрліктің ақпараттық жүйесіне 14 терабайт мәліметтер жинақталған. Бұл 5,8 млрд. бет мәтінмен пара-пар, өте көп көлем. Оны Big-data технологиясы мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып өңдеу қажет. Аталған технология денсаулық сақтау саласының проблемалары мен қажеттіліктеріне терең сараптама жасай алады.

– Мұндай технологияларға «Ватсон» жасанды интеллект жұмысы мысал бола алады. Бүгінде бұл жүйеге онкологиялық есепте тұрған, аты-жөндері көрсетілмеген аурулардың 100 мың жазбасы берілді. Ақпан айында ІВМ-нен аталған пациентті емдеу бойынша ұсыныс алатын боламыз. «Ватсон» аталған медициналық мәліметтерді, кітаптарды, ғылыми жарияланымдарды, барлық дерлік клиникалық хаттамаларды сараптайды және бір минуттың ішінде емдеуде басымдыққа ие ұсыныс береді. Яғни, дәрігерге қандай технологиялар бар екендігі, барынша тиімді жолдары және ғылыми жарияланымдарға сілтеме беріледі, – деді министр.

     Біртанов мұнымен ғана шектеліп қалған жоқ. Бұған дейін өзі айтып жүргендей, 2019 жылдан бастап қазақстандықтардың электронды денсаулық паспорты елімізде биыл маусым айынан бастап енгізілмекші. Министрдің сөзіне сүйенсек, электронды денсаулық паспорты арқылы дәрігерлер пациенттің денсаулығына қатысты барлық ақпаратты алатын болады. Пациенттерге де қолжетімді. Сонымен қатар ол медициналық ұйымның көрсеткен қызметіне де баға бере алады. Аталған нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен министрлік денсаулық сақтаудың интеграцияланған тұғырнамасын құрады. Тұғырнама базасында электронды денсаулық сақтау паспорты, пациенттің және дәрігердің жеке кабинеттері болады. Пациенттің жеке кабинеті азаматқа денсаулығының жай-күйіне қарай  денсаулық сақтау қызметтері туралы қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндік береді. Ал дәрігердің жеке кабинеті дәрігерге пациенттің денсаулығы жайында барлық мәліметтерді алып, онымен кері байланыс орнатуға жағдай жасайды.

     Ал көктемде қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парағынан бастап, біраз медициналық анықтамаларды еgov.kz арқылы алатын болады. Қазірдің өзінде дәрігер рецептін электронда нұсқада алып, созылмалы дертпен есепте тұрған пациенттер тегін дәріні дәріханаларда алуына болады екен. Бірақ, қарапайым халық оған сенбейді. Сол себепті де медициналық ұйымдар рецепті қағазға жазып беруге мәжбүр.

      Бұған қарапайым халық былай тұрсын, Мәжіліс депутаттары да сенбеді. Өйткені республика бойынша медицина саласын қаржыландыру және статистикалық ақпараттарды жинақтау үшін онлайн-режимде жұмыс істейтін 22 ақпараттық жүйенің бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ. Ал, Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның айтуынша,  Біртановтың баяндағаны толық цифрландыру емес, оның элементтері ғана.

      Деректерді медициналық ақпараттық жүйеге енгізу тым ұзаққа созылады деп алаңдаған депутат Айзада Құрманова деректер ақпараттық жүйеде жоғалып кеткен жағдайлар да болғанын жеткізді. Ол мұның себебін медицина қызметкерлерінің оқытылмауынан немесе интернеттің тұрақты түрде «қатып қалуынан» көреді. Яғни, қазақстандықтардың электронды денсаулық паспортында ақау бар. Бірақ, бұндай пікірмен Біртанов келіспейтін сияқты. Онысын бұл проблема қалай шешілетінін сұраған депутатқа берген оның жауабынан анық аңғаруға болады. Қызық болғанда ол «Әрбір медициналық ұйымның басшысы бұл мәселеге жан-жақты дайыналуы керек. Себебі көп жағдайда дәрігерлер және басқа қызметкерлер интернетті тек жұмысына ғана пайдаланбай басқа мақсаттарда, мәселен интернет қарап, кино көруге пайдаланады. Сондықтан интернет тоқтап қалады. Мұны менджмент қарап отыруы тиіс» деді міз бақпастан.

     Жалпы, Біртановтың баяндамасындағы деректерге  мәжілісмен Нұртай Сабильянов та сенімсіздік танытты. Аудандық, ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарындағы нақты проблемаларды көтерген ол ертегі тыңдап отырғандай күйде болыпты.

     – Маған министр ертегі айтып жатқан сияқты болды. Неге? Өйткені, цифрландыру болу үшін денсаулық сақтау ұйымдарын, ауруханаларды, емханаларды біз жақсы, жоғары интернет байланысына қосуымыз керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің дерегінше, ол 2022 жылы ғана жүзеге асады, қаражат болса. Сонда бұл цифрландыру кімге жүргізіледі? Мысалы, өңірлерді алып қарайтын болсақ, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының денсаулық сақтау ұйымдары бар-жоғы 14 пен 43 пайыз деңгейінде ғана интернет желісіне қосылған екен. Сондықтан бірінші кезекте осыны шешуіміз керек. Құрметті министр! Сізге айтарым аспанға қарап, жұлдызды санағаннан гөрі жердегі тіршілікке дұрыс көзбен қараған жөн секілді, - деді депутат Денсаулық сақтау министріне.

      Сабильяновқа сенсек, елімізде 2124 жедел жәрдем көлігі болса соның 770-сі тозған. Тіпті оның арасында ХХ-ғасырда шығарылғандары да бар. Сол ескірген көліктер қатты аязда, боранда ауруларды алып келе жатқанда бұзылып қалса не болмақ? Емдеу мекемелерінде халыққа қолайлы жағдай жасалмаған, ескі, тозған, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Шығыс Қазақстанның Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылындағы аурухананың жөнделмегеніне 25 жыл болыпты. Үржар ауданының орталығында емхана жоқ. Зайсан ауданының емханасы тар, бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Ішінде не суы жоқ, кәріз жүйесі жоқ. Адамдар тұрып тұр, шешінетін жері де жоқ...

Бірақ, Біртановтың айтуынша, бәрі ойдағыдай...

 e7abad053d44fca4d43e15afa7b7e522-small

Жәнібек ТАРХАН

"Рейтинг" газеті, 2018 жыл

 
Көрілді: 715
Жаңартылған: 01.02.2018 | 11:37
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат