Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Төрағалық Мамытбековтың тақиясына тар келмей ме?

01.02.2018 | 11:00

 

Бес жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып, 2016 жылы жер реформасына қарсы наразылық кезінде Елбасының айтқан сынынан кейін отставкіге кеткен, содан бергі аралықта тым-тырс жүрген  Асылжан Мамытбеков қайтадан төбе көрсетті. Ол Қазақстанның ет одағының төрағасы болып тағайындалды.  

 

     Бұл туралы Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында  Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев мәлім етті.

    -Мамытбековтың Қазақстанның ет одағының төрағасы болып тағайындалғаны туралы ақпарат бар. Біз қазіргі кезде барлық салалық одақтармен әрі бірлестіктермен тығыз жұмыстарды бастадық. Осы орайда олармен бірлесе, салада қордаланған мәселелерді шешуге тырысудамыз, - деді Арман Евниев.

    Вице-министрдің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі ашық алаң құруға әрдайым әзір. Жаңа жобаларға сарапшылар мен бизнесмендер тартылады.

-Оның ішінде Асылжан Сарыбайұлы да бізге көмектесуде, бұл ретте ол өзінің кеңестерін береді, - деді ол.

    Біздің байқаумызша, ет одағы ет өндіруші шаруалардың мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйым болуы мүмкін. Мұндай қоғамдық ұйымға төрағалық ету Мамытбековтың тақиясына тар келмей ме? Жоқ, тар келмеуі мүмкін. Әзірге.

    Жалпы, Мамытбековтың төрағалықтың тізгінін ұстауы оның билікке қайта оралуы мүмкін дегенді білдіретін сияқты. Бұл оралу Шөкеевтің вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалуымен тұспа-тұс келуі де тегін емес. Шөкеевтің кезінде Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласының әкімі болғаны белгілі. Міне, Мамытбеков Шөкеевке осы үш өңірде орынбасар болып қызмет еткен. Осы жағын ескерсек, Шөкеев-Мамытбеков тандемі Ауыл шаруашылығы министрлігінде біраз шаруаның шетін жайғауы әбден мүмкін. 

 

Б. ЕРНАЗАР

"Рейтинг" газеті, 2018 жыл

 
Көрілді: 909
Жаңартылған: 01.02.2018 | 11:05
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат