Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Қызметсіз қалған Көкірекбаевтың кемшіліктері айтыла бастады

12.01.2018 | 10:21
Қызметсіз қалған Көкірекбаевтың кемшіліктері айтыла бастады

 

Осы аптада Жамбыл облысына жаңа әкім тағайындалды. Өңірді 4 жыл 20 күн басқарған Кәрім Көкірекбаевтың орнын экс-вице-премьер Асқар Мырзахметов басты. Бір қызығы, ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Көкірекбаевқа дейін әкім болған Қанат Бозымбаев та Жамбылды 4 жыл 20 күн басқарған екен. Ал еңбек жолында Оңтүстік Қазақстан облысына алты жарым жыл әкім болған Асқар Мырзахметовтың Әулиета жерінде қанша уақыт дәурені жүрерін уақыттың еншісіне қалдырдық.   

Жалпы былтыр Елбасы қыркүйекте Жамбыл облысына жасаған сапары барысында Кәрім Көкірекбаевтың жұмысына онша риза кейіп танытпаған болатын. Өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына,  ауыл шаруашылығына, жұмыспен қамтуға, өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қатысты біраз сын айтқаны есте. Кәрім Көкірекбаевтың ұзамай орнын босатуы мүмкін екендігі осы кездері көп айтылған-ды.

Міне, енді кейбір ақпарат құралдары қызметінен кеткен Көкірекбаевтың кадр саласындағы кемшіліктерін жаза бастады. turaninfo.kz сайты былай дейді:

-Кәрім Көкірекбаев өңірді жаман басқарған жоқ. Десе де кереметтей нәтиже де көрсетпеді. Оған оның облыс әкімдерінің рейтингі дәлел. Дейтұрғанмен облыс әкімдігіне қарасты мекемелер мен аудан әкімдерін тағайындауда қандай ұтқырлық танытты?! Мәселен, Болатбек Байтөленің қайтадан Қордай ауданының әкімі болып тағайындалуы. Еске сала кетсек, Болатбек Байқонысұлы 2012-2014 жылдары 1,5 жыл осы ауданды басқарған болатын. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейтін болсақ, ауданды 1,5 басқарған әкім «А» корпусынан өте алмаған-мыс. Сондықтан жылы орнынан босатылыпты. Дегенмен өткен жылдың наурызында сол жылы орнына қайта тағайындалды. Сондай-ақ Сарысу өңірін басқарған Бейбітбек Жайлыбаев та сәтсіз тағайындаулардың қатарынан. Ол аталған ауданға 2015 жылы әкім болып тағайындалған еді. Бірақ оның бойынан басшылыққа тән мінез көре алмадық. Өйткені, ол өте момын, қарамағындарға жұмсақ болды. Былайынша айтқанда, елді үйіріп, өзіне тарта алмады. Сосын зейнетке шыққанға дейін Талас ауданының әкімі болған Болат Рысмендиевті ұстауы сәтсіз болды десек болады. Оның зейнет жасын күткенше білікті, жас әкімге орынын беру керек пе еді?! Сонымен қатар бұл қатарға Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаевты да қоссақ болады. Оның зейнет жасы жақындағанда Тараз қаласы әкімінің орынбасары етіп, қайтадан энергетика басқармасына келуіне не себеп болғаны түсініксіз. Сонымен қатар 2015 жылдың шілде айынан бастап «Caspian Contractors Trust» ЖШС-нің бас директорының экономика және қаржы мәселесі бойынша орынбасары қызметін атқарып келген Болат Есімбековті облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы етіп тағайындауы да сәтсіздердің қатарынан. Өңірдің ең негізгі салаларының біріне басшылыққа келген ол маңдыртып ешнәрсе тындыра алмады. Бәлкім, осы жаққа келуіне облыстық мәслихаттың депутаты Дәулетбай Есімбековтың әсері болдыма екен, кім білсін?! Және тағы бір сәтсіз тағайындауға облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып тағайындалған Әділет Ахатаевты да қосуға әбден болады. Расында, өңірде құрылыс саласы қарқынды жүруде. Дегенмен облыстық маңызы бар жол мәселесі күн тәртібінен әлі де түспей келеді. Атап айтқанда, Мойынқұм мен Шу аудандарына бара қалсаңыз жолдың зардабын тартарыңыз ақиқат. Ондағы жұртшылық үміттеніп, бұған үйренісіп те қалғандай. Ондағы күре жолдар республикалық маңызға ие екенін ескерсек, мәселені бүкіл ел болып та көтеруде. Оған әлеуметтік желілердегі жазбалар мен видеолар дәлел. Басшы болғанға дейін басшының орынбасары болған ол аталған мәселені неліктен қаперге алмағанын кім білсін?! Иә, жасыратыны жоқ басқармалар мен мекемелердің жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілетіні белгілі. Онда тыңнан түрен салып, жағымды жаңалық әкелуге де болады. Мұның барлығы тікелей басшылыққа байланысты. Егер басшы сол саланың жілігін шағып, майын ішкен болса ғана тыңнан түрен түріледі. Сондықтан басқармаларға басшыны таңдарда өз саласының маманын қойса дейсің,-деп жазыпты басылым.

Жамбылға әкім болып барған  Асқар Мырзахметов өзінің қалыптасқан әдетінен жаңылмаса, жуық арада жаппай кадрлық ауыс-түйіс жасауы тиіс.

ddfffc9bf6f6d411c134399c141cf4bf14d4a74a

 
Көрілді: 1559
Жаңартылған: 12.01.2018 | 10:24
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат