Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Әбдірахымов әлі күшінде...

15.12.2017 | 09:51
Әбдірахымов әлі күшінде...

«Біз прокурор, ревизор емеспіз»дейді ол

     Шымкент қаласының экс-әкімі, «Нұр Отан» партиясының  хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов облыстарды аралап, Елбасының берген тапсырмаларының қалай орындалып жатқанымен танысып жүр.  Миллионға жуық халқы бар қаланың әкімінің креслосынан босатылып, «Нұр Отанның» хатшылығына тағайындалған Әбдірахымов әлі күшіндеп... «Зың әкім» әлі сол баяғыша ықпалынан, саяси салмағынан айырылмаған сыңай танытты. 

      Кеше Әбдірахымов Оңтүстік Қазақстан облысына келіп, партияның облыстық филиалында партия белсенділерінің, дәлірегі жергілікті атқарушы  биліктегі ығай мен сығайлардың басын қосып жиын өткізді. Басқосуға облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Ж. Түймебаев қатыспағанымен, оның орынбасары Төлеген Сәрсембаев,  аудан, қала  әкімдері мен басқарма басшылары, облыстық мәслихаттың депутаттары жиналды.

    -«Нұр Отан» партиясының басты мақсаттарының бірі халыққа жақын болу, елдің мұң-мұқтажын тыңдау. Біз прокурор, ревизор емеспіз.  Партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын қамтамасыз етіп, халықтың сеніміне ие болуымыз керек, -деді экс-әкім.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев, құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Әр баяндамадан кейін хатшы өңірдегі өзекті деген проблемаларды атады.

       -2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп бітіруші түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуде жинаған орташа балы 76,8-ді құрап, республикада 14- орын алды. Өңірде 12 мектеп үш ауысымда, 19 мектеп апатты жағдайда болса, 40 елді мекенде мектеп жоқ. 2017-2020 жылдар  аралығында облыста 205 мектеп салынуы тиіс. Бірақ қазіргі таңда 39 мектептің ғана құрылысы жүріп жатыр,-деген хатшы білім басқармасының басшысынан бұл мәселенің қалай шешіліп жатқаны сұрады. Хатшы Шымкент қаласының әкімі болған тұста мектеп директорларын конкурспен тағайындау тәжірибесін енгізгенін, енді оны облыста да қолдану қажеттігін, конкурстық комиссияға аудан, қала  әкімінің өзі төрағалық етуі тиістігін айтты. Әбдірахымов сондай-ақ білім қызметкерлері тарапынан партияға жазылған арыз-шағымдардың көптігін де тілге тиек етті. Хатшы облыстағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын да айналып өткен жоқ. Ол өңірде бірқатар шенеуніктердің парамен ұсталғанын мысалға келтіріп, атқамінерлерден осы жәйттан кейін нендей шешімдердің қабылданғанын сұрады.

     -Облыстағы кірістің 50 пайызын Шымкент қаласы береді. 30 пайызы уран кеніштері орналасқан Созақ ауданының еншісінде. Қалған  аудан, қалалардың үлесі 20 пайыз ғана. Сонда әр аудан, қаланың кіріске қосқан үлесі 1-2 пайызды ғана құрайды,-деген Әбдірахымов әкімдерге Астанамен тығыз қарым-қатынас жасауға кеңес берді.         «Министрліктермен тығыз қарым-қатынас жасасаңыздар, үкіметте ақша көп» деп, Шымкент қаласының әкімі болған жылдары осындай жолмен қаланың бюджетіне миллиардттаған ақша бөлдірткенін мысалға келтірді.

      Жиын соңында Әбдірахымов алдағы ақпан айында партия қызметкерлерінің аттестациядан өтетінін атап айтты.

     -Мұндағы мақсат біреуді жұмыстан босату емес. Аттестацияны өзіміз үшін жасаймыз, өзгерісті өзімізден бастаймыз,-деді.

    Әбдірахымов «Нұр Отандағы» жұмысын осылайша аса қарқынды түрде бастап жатыр. Шымкентте әкім болған алғашқы жылдардағы жұмысын батыл бастамалармен  дабыр-дүбірмен  бастап, бірақ өкінішке қарай, ақыр аяғын күбір-сыбырмен  аяқтаған экс-әкімнің биліктің партиясындағы жасап жатқан белсенділігі қаншалықты жемісті боларына тақсыр уақыттың төрелігін күтейік?! 

 
Көрілді: 1087
Жаңартылған: 15.12.2017 | 09:56
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат