Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Судья болып көрмеген адам Жоғарғы сотқа төраға болды

14.12.2017 | 10:25
Судья болып көрмеген адам Жоғарғы сотқа төраға болды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы апта басында Қазақстанның құзырлы органдарының басшылары арасында ауыс-түйісті еліміздегі құқық қорғау қызметінің процессуалдық негіздерін жаңғырту үдерісімен, бұл жүйеде кадрлық өзгерістер жасаудың қажеттілігімен байланыстырды. 

aaa4fca16184d45b00f786229de97702  

– Игорь Рогов зейнет жасына жетті. Заңнамаға сәйкес ол атқарып отырған қызметінен босатылды. Сіңірген еңбегі мен атқарған жемісті жұмысы үшін оған алғыс айтамын. Конституциялық Кеңестің төрағасы болып Қайрат Әбдіразақұлы Мәми тағайындалды, – деді Елбасы Сенат депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде.

    

   Осыған байланысты, Нұрсұлтан Назарбаев Қайрат Мәмиді Жоғарғы Сот төрағасы лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізіп, бұл қызметке Жақып Асановтың кандидатурасын ұсынды.

     – Бұл кездейсоқ таңдау емес. Біз жаңа заңның қабылдануына байланысты сот-құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың келесі кезеңіне қадам бастық. Сондықтан сот органдарының жаңа басшысы оны тиімді әрі жылдам іске асыруды қамтамасыз етуі керек. Нәтижесінде Қазақстандағы сот төрелігі неғұрлым дамыған әрі әділетті болуға тиіс. Жақып Асановтың кандидатурасы осы жоғары талаптарға толық сай келеді деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

       Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор лауазымына Қайрат Қожамжаровтың кандидатурасын Парламент Сенатына келісу үшін ұсынды.

     – Ол Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ұзақ жыл жұмыс істеді. Басшылық қызметтегі және прокуратура органдарындағы тәжірибесі мол. Оның Бас прокурор лауазымына ауысуына байланысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып Алик Шпекбаев тағайындалады, – деді Мемлекет басшысы.

   

     Депутаттар Елбасының ұсыныстарына бірауыздан келісімдерін берген. Бұған дейін Бас прокурор қызметін атқарған Жақып Асановтың еңбек жолы өте бай.  Карьерасын қарапайым адвокат болып бастап, ұзақ жылдар прокуратура органдарында жұмыс істеген. Ол тоқсаныншы жылдардың ортасында Оңтүстік Қазақстан облыстық салық полициясы бастығының бірінші орынбасары болып істегенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Бұдан кейінгі жылдары ол Павлодар облысының прокуроры, Әділет вице-министрі, Мәжіліс депутаты болған. Бас прокурор лауазымына ол былтыр сәуірде тағайындалды. Бес жылға өкілеттігі бар қызметте Жақыпов бар-жоғы 1 жыл 8 ай ғана отырып, Жоғарғы сот төрағасының креслосына жайғасты. Еңбек жолы өте бай Жақыпов бірақ өмірінде судьялық корпуста қызмет етіп көрмеген.

   Бұған таңқалатын ештеңе жоқ, тәжірибеде бар дүние: өмірінде прокуратура саласында еңбек етіп көрмеген Қайрат Мәми де уақтысында  Бас прокурор қызметін атқарды емес пе?!

Айтқандай, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов бірден үлкен секіріс жасап, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болып ауысып кетті. Ал оның орнына Маңғыстау обыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков тағайындалды, Дәлбеков уақтысында Шымкент қаласы Абай аудандық ішкі істер басқармасының, облыстық криминалдық полиция басқармасының, Мақтарал аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, бұдан кейінгі  жылдары облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болып істеген.

      Облыстың бас полицейі лаузымын соңғы жылдары атқарған азаматтардан бір артықшылығы, Қайрат Дәлбеков осы өңірдің азаматы, еңбек жолын осы жерде бастаған, облыс полициясының жеке құрамымен жақсы таныс, іскерлігін де ел мақтайды.

 

Б.Ерназар

"Рейтинг" газеті, желтоқсан,  2017 жылы

 
Көрілді: 914
Жаңартылған: 14.12.2017 | 10:43
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат