Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Құлыбаев Сағынтаевқа неге шүйлікті?

08.12.2017 | 11:44

   «Кеденге қатысты көптеген сауалдар бар. Ашығын айтқанда, сіз қазір бұл саланы өзіңіз бақылап отырсыз, Бақытжан Әбдірұлы. Қырғыз шекарасында көптеген мәселелер туындады. Қырғызстан жағынан келетін заңсыз тауарларға қатысты жүздеген істер қозғалды. Бұл нені білдіреді? Ондағы жағдай күрделеніп келеді. Бақсақ, ол жақтан көп контрабанда келеді екен. Ал біз не, мұны бұған дейін білген жоқпыз ба?»

    Жуырда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер  палатасының жиынында палата президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев осылай деді. Расында да бұл нені білдіреді? Контрабандаға осы уақытқа дейін Үкімет көз жұмып келген бе?  

    Ал қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай осы аптадан бастап қайта қалпына келе бастады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммитінде қырғыздың жаңа сайланған президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесу өткізді. Ресми мәліметтерге қарағанда, бұл кездесу қырғыз тарапының өтініші бойынша жасалған.

Қазақстан Президенті жуық арада екі ел үкіметтерінің Жол картасы бойынша жұмыс жүргізетінін айтты. Содан соң, қырғыз тарапының өтініші бойынша Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы қазіргі мәселелер шешілетін болады.

  – Шекараға Қазақстан және Қырғызстан тараптары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ өкілдері бірлесе бақылау орнататын болады. Мұндай тәртіпті Қырғызстан-Қытай шекарасында да белгілеген жөн, – деді Мемлекет басшысы. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Айтпақшы, қырғыздың жаңа президенті алғашқы ресми сапарын Ресейден бастады. Мәскеуге табан тіреген Сооранбай Жээнбеков «мен бірінші кезекте осы жерде болуға тиістімін» деген көрінеді.

      Жәнібек Тархан

      "Рейтинг" газеті, желтоқсан, 2017

 

 
Көрілді: 838
Жаңартылған: 08.12.2017 | 11:48
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат