Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Шымкенттің жаңа әкімі және шым-шытырық фактілер

07.12.2017 | 11:37
Шымкенттің жаңа әкімі және шым-шытырық фактілер

     Бүгін, 7 желтоқсанда Шымкент қаласының су жаңа әкімі Нұрлан Сауранбаевқа қызметке тағайындалғанына тұп-тура 1 ай толды. Ал 1 апта бұрын «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке 1 миллиард теңге көлемінде пара алғаны үшін сот үкімі  шықты.

     Ақпарат құралдары арқылы  Қазақстандағы ең дәулетті азаматтардың бірі екені жұртқа жария болып, Форбс журналы түзген рейтингіде  еліміздің мұнайгаз саласындағы ең ықпалды азаматтардың алғашқы отыздығының тізіміне енген Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін 2014 жылдың қыркүйегінен 2016 жылдың 4 мамырына дейін атқарған. Оған бұл жауапкершілік Қорғаныс министрінің орынбасары ретінде жүктелген сияқты. Өйткені «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ республикамыздың ірі әскери кәсіпорындарында бірыңғай қаржылық, өндірістік және технологиялық саясатты қамтамасыз ететін  холдингтік құрылым болып табылады. Оның құрамына еліміздегі  арнаулы әскери техникалар шығаратын 24 кәсіпорын кіреді. Холдинг «Самұрық –Қазына» компаниясының тобына 2006 жылдан бастап қосылып, 2016 жылдың желтоқсан айында Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сенімгерлік басқаруына берілгенге дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты болып келген.

      Нұрлан Сауранбаев Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымынан былтыр қазан айында босатылды. Ал  сотталушы Сұлтанбеков «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясында басқарма төрағасының орынбасары лауазымына 2015 жылдың ақпанында тағайындалып, биылғы жылдың ақпанында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қақпанына түскенге дейін былық-шылығын алаңсыз жалғастырған. Әскери соттың үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң режимдегі түзету мекемесінде өтеуге сотталған Сұлтанбеков кінәсін толық мойындап, қазынаға келтірген шығынның біраз бөлігін қайтарып бергенге ұқсайды. «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясында лауазымды қызмет атқарып жүріп, арнаулы техникаларды шығаратын кәсіпорындармен келісім-шарт жасасуда  «көз қысты бармақ басты» әрекеттерге барған. Онымен бірге тағы 8 азамат 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Олар негізінен Қорғаныс министрлігінде жауапты қызметтерді атқарған экс-шенділер мен кәсіпкерлер. Сот істі жабық жағдайда жүргізгендіктен Сұлтанбековтің бұдан бөлек тағы  не бүлдіргені толық белгілі емес, яғни шым-шытырық фактілердің елге беймәлім шындықтары ашылар  күн әлі алда.

 

                   Журналистерден сақтанудың сыры неде? 

         Немесе бір айдан бері аппарат басшысы болатын бір  адам жоқ  

     

    Бір ай бойы тым-тырыс жатқан Сауранбаев осы аптаның  басында қала әкімдігінде  жергілікті және республикалық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Оның өзінде ақпарат құралдары өкілдері арасында  «тегіс қамтылмай алалап шақырылды» деп шағымданушылар бар. Жылуы жоқ  мәжіліс залында өткен басқосу әкімдіктің алқалы жиындары   алдағы уақытта ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуынсыз өтетінін жариялаған әңгімеден  басталды. Бұл әкім Сауранбаевтың өз бастамасы ма, әлде жұмысына журналистер жиі сын айтатын баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Жұмағұлованың «ноу-хоуы» ма, ол жағын біле алмадық. Есесіне әкімдік мәжілісінің отырысы таспаға түсіріліп,  ютуб каналынан арнайы ашылған парақшаға салынады екен. «Тың» жаңалық журналистердің басым бөлігіне ұнаған жоқ. Әрине, әрбір  журналист өзі жиынға қатысу арқылы көзімен көрген, құлағымен естіген фактіні әрқайсысы өзі түсінгеніне, түйсінгеніне, көкейге түйгеніне қарай  сараптап, саралап барып әр алуан ақпарат таратпаған соң әкімдіктегілер әбден «сүзгіден өткізген өнім» Алаштың арысы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет-халықтың көзі, тілі һәм құлағы» дейтін тамаша қағидаға қаншалықты сәйкес келетіні әлден-ақ белгілі емес пе?  Бір-бірінен аумайтын инкубатор дүниелер елге керек пе?

-Шымкентте бұған дейін атқарылған жұмыстар ары қарай жалғасады және бұрынғыдан да күшейтіледі. Әкімдіктің ақпарат хабарламаларын тарататын ресми өкілі болады. Ол әкімнің, әкім орынбасарлары мен бөлім басшыларының жұмысы туралы сұрақтарға жауап береді,-деген әкім алдағы уақытта сайттың жұмысын да жандандыруға уәде берді. Рас, белгілі бір салаларда елге ақпарат ұсынатын ресми өкіл деген қызмет бар. Ал бір емес мың сан саласы, шым-шытырық, қат-қабат шаруасы жетіп артылатын Шымкент қаласына қатысты ақпаратпен қамтамасыз етуді ресми өкілмен шектеп қою қисынға келмейтіні анық. Сондықтан әкімнің ақталған сыңайдағы бұл сөзі ақылға қона ма? Миллионыншы тұрғыны бүгін, ертең жарияланады деп жұрт асыға күтіп жүрген үлкен үшінші мегаполистің қарбалас тыныс-тіршілігіне қатысты қаптаған сауалға бір баспасөз хатшысы, ары кеткенде қасындағы көмекшісі екеуі қайдан жауап беріп үлгерсін? Ақпаратты бір ғана көзден тарататын мұндай қатаң тәртіп енгізілмей тұрған кездің өзінде баспасөз хатшы Әйгерім Жұмағұлова журналистерге сапалы қызмет көрсете алмай келе жатқаны сол жиында ащы сынға іліккенімен бұл мәселеге байланысты бір жақты шешім қабылданбай басы ашық күйі қалды. Журналистер де әліптің артын бағатын болып тарқасты.

       Қалай дегенмен де Елбасы ақпараттың ашық, қолжетімді  болуын жиі қадап айтып жүргенін, оған қоса Парламентте жақында талқыға түскен «Баспасөз туралы» жаңа заңда да бұл жағына басымдық беріліп жатқанын Сауранбаевтың командасы еске алмағаны ма, әлде әдейі елеп-ескермегені ме? Айтпақшы команда демекші бізге әкімнің жанында сенімді кадрлары  жоқ сияқты сезіледі,бәлкім ешкімге оңайлықпен сенбейтін әсіре сақ адам ба? Сенбеген жерде жұмыс қайдан алға бассын? Іс тетігін кадр шешетіні бесенеден белгілі. Ендеше әкімдік қызметіне бір ай толған адамның осынша уақыттан бері бос тұрған лауазымды орынға--қала әкімінің аппарат басшысы қызметіне лайықты бір адам таба алмағаны қалай? Басқа басқа аппарат басшысы әкімге ауадай қажет десек қателеспейміз, онсыз әкімнің аппаратына қарасты қаптаған бөлімнің жұмысын қалай қадағалауға болады? Берген тапсырмаларының орындалуын қалай бақылайды? Басқаны қойшы, сол күні өзгелермен емес, журналистердің өзімен  жүздесу арнайы жоспарланған екен, ең болмаса мәжіліс өтетін залдың тастай суықтығын, кірген адамдар оңбай тоңатынын алдын ала айтатын, ескертетін, алдын ала бір тексеріп көретін кадрдың жоқ болғаны  қайран қалдырды. Қысқасы командасы жасақталуы кешіккен әкімнің ертеңі қалай болмақ? Әйтеуір, журналистер қауымы «әкімдіктің мәжіліс залын жылытудың амалын таппаған әкім биыл қала халқын қыстан қалай алып шығар екен?» деген ортақ сауалді ішке бүгіп қайттық.

 

               Қиялилық па, қияндағыны  шалу ма?

     Анаусы 2020 десе, мынаусы 2050 дейді

 

             Жалпы бұл жиында жаңа әкім Нұрлан Сауранбаев алдағы атқарар жұмыстарының жоспарымен бөлісетін шығар деп күткен едік. Алайда бұл жөнінде оншалықты сыр аша қойған жоқ.

Ол қызметіне тағайындалған кезде облыс басшысы Жансейіт Түймебаев тез арада шешуді айырықша атап тұрып тапсырған қаладағы бірқатар проблемалық нысандарды мамандармен бірге аралап, танысуға да уақыт таппаған сияқты. Шенеуніктік созбалаңның салдарынан сапалы жарыққа жарымаған «Самал-3», «Құрсай», Азат-2», «Асар-2», «Тоғыс», «Ынтымақ-2», «Таскен» шағынаудандары мен тұрғын үй алабтарына барып, өлеусіреген жарыққа күні қарап отырған тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселені тез арада шешудің жолдарын қарастыруды  ойына алмаған-ау. Бір кездері әкімдіктің жауапсыздығынан құрылысы 2016 жылы бітуі тиіс «Бозарық» жартылай жабық қосалқы станциясының басына барып, мән-жайға қанығып қайтуға да оншалықты ықылас танытпаған сияқты. Ең құрығында Сауранбаев қым-қуат тірліктің арасында Шымкентте өндірістік жобаларды жоспарға сәйкес жүзеге асыра алмай жатқан инустриалдық аймақтардың жұмысымен танысып шыққанда дұрыс болар ма еді деп ойлайсың. Сонда өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың бір ай ғана бұрынғы оны қызметке жаңадан тағайындаған тұстағы осынау тапсырмалары қайда қалды? Әдетте жаңа әкім алғашқы жұмыс жоспарын қаладағы осындай проблемалық мәселермен танысудан бастаушы еді. Алайда Сауранбаевтың жұмыс істеу тәсілі өзгешелеу болып шықты.

-Барлық қалалар бірдей. Сол сияқты барлық қалалардағы проблемалар да бірдей,- деп әңгімесін бастаған әкім Шымкентке қатысы бар, қатысы жоқ әр нәрсенің басын бір шалды. Қаладағы көлік тығынын азайту үшін әлемдік тәжірибеге арқа сүйеу қажеттігіне бір тоқталды. Коммуналдық салада «жүйелі проблемалардың» барын  тілге тиек етті. «Қаланы жылумен қамтамасыз ету өте күрделі» дегенді алға тартып тұрып әкім қаланың ауыз суы бұрын төрт су көзінен берілгенін, ал қазір қала халқы екі есеге көбейсе де екі су көзінің жететінін, себебі ауыз судың есептегіш орнатудың есебінен үнемделетінін мысалға  келтірді. Мұны неге айтты? Бәлкім Сауранбаев  жиында ашып айтпағанымен  Шымкентке бір емес екі рет әкім болған, жұрт Шымкент шаһарындағы судың өзгермейтін қожайыны деп білетін, дәлірек айтсақ «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орманды  үлгі-өнеге, ақылшы аға тұтатын шығар. Қаланы ерте тұрып аралауы соның әдісін қайталау, соған еліктеушілік дейміз бе, мұнысын неге жоруды мәртебелі оқырманның өзіне қалдырдық.   

      Сауранбаев жақында Шымкентке жұбайының көшіп келіп, оның осындағы мектепте жыл бойы ыстық судың берілетініне таң қалғаны, ыстық судың жыл бойы берілуі жетістік еместігін алға тартқаны не үшін екенін түсіне қоймадық.

-  Мысалы, бізде 3 мың  шақырымнан астам көлік жолы бар. Олардың бір жарым мың шақырымы ғана асфальтталған. Егер ақшаның бәрін жолға жұмсасақ, балабақша немесе мектеп сала алмаймыз. Ақша  бәріне жетпегендіктен, маңызды бағыттарды нақтылап алуымыз керек,-деді әкім.

   

Дұрыс, Шымкенттің бюджетінің барлық проблеманы шешіп тастауға қауқары жетпейді. Мұны қарапайым жұрт айтпаса да біледі. Бюджеттің қаржысынан бөлек қалаға қай жақтардан қандай инвестициялар  тарту жоспарланып отырғанын жаңа әкім атап-атап  айтқанда қатып кетер еді. Айтқандай, Сауранбаев та Әбдірахымов сияқты Шымкентті  «Ақылды қала» жобасы бойынша дамытамын деді. Бір айта кетері, қаланың бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметіне тағайындалғаннан кейін көпке созбай Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жасатып, оны облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың алдында бекіттіргені белгілі. Осы тұжырымдамаға байланысты әрдайым елдің көкейіндегісін айтуға ұмтылатын  Ерлан Нұрмаханов дейтін азамат «мұншама ауқымы тым алапат жобаларға бюджеттің шамасы жетпейтіндіктен соншалықты қомақты қаржылар қайдан табылмақ?» деген мағынада орынды сауал қойған еді. Әкім  Ғабидолла Рахматуллаұлы «мен бала емеспін, нендей қадам жасап отырғанымды жақсы білемін» деп ептеп ашу шақырыңқырап, өкпелеңкіреп жауап қатқаны елдің есінде. Одан кейін ол ақпарат құралдары арқылы «көздеген жобаларды бес жыл ішінде жүзеге асыра алмасам командаммен бірге отставкіге кетемін» деп ел не күлерін, не жыларын білмеген адам таңданарлық сөз айтты. Әрине, Шымкенттің әкімі қызметі  Әбдірахымовқа әкесінен қалған мұра емес. Ол бес жыл түгілі оның жартысына да жетпей жұмыстан кетті. Жұрттың аузында оның ақпарат құралдарында «айдағаны екі ешкі ысқырығы жер жарған» болып өз-өзін жарналамалаудан жалықпай сан алуан тәсілмен «жұлдыз» атанғаны қалды демесеңіз, бүгінде көздеген ауқымды жобаларының көпшілігі жүзеге аспаған күйі қалды. Әбдірахымовтан «мұраға» қалған сол ғаламат жобалардың бірі, бірегейі--өте қомақты қаржыны қажет ететін «Шымкентсити» қалашығын тұрғызуды енді Нұрлан Ермекұлы жалғастырмақ. Оған «Лас-Вегасқа еліктеп «Шымкентсити» салам дейсіздер, ал біз сапалы ауызға жарымай құрттаған су ішіп отырмыз» деген «Тұран» ықшамауданы тұрғындарының жанайқайын  әлі ешкім ескерте қоймаған секілді. Әбдірахымов армандаған жобаны жалғастыруға, толыққанды жүзеге асыруға  Сауранбаевтың әкімдік ғұмыры қаншалықты жетерін уақыт көрсетеді. Мұны бір деңіз.

 

Сауранбаевтың екінші екпін қойып айтқаны әуежай туралы болды. Ескіні жаңалау ма,  жоспардағы жаңадан салынатын әуежай ма, ол жағын ашып айтпағаннан білмедік. Білетініміз, Өңірлік коммуникациялық қызметінде таяуда өткен баспасөз мәслихатында облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов «Қазіргі қолданыстағы әуежайдың Қорғаныс министрлігінің теңгерімінде болуына байланысты жаңа әуежайдың 3 жаңа нобайын әзірледік. Алғашқы нұсқа бойынша әуежай қазіргі әуежайдың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасса, екінші нұсқада Ордабасы ауданының аумағында, ал үшінші нұсқада Шымкент қаласының солтүстік жағындағы аумақта орналасатыны көрсетілген», — деген болатын. Жаңылмасақ, жаңа әуежай салу 2025 жылдар шамасында жүзеге асуы ықтимал жоба. Оған дейін Сауранбаев Шымкенттің әкімі болып жұмыс істейді дегенге жұрт сене ме? Олай болса ол неліктен нақты-нақты орындалатын ойларын ортаға салмады?

 

Үшіншіден «Ескі қалашықтағы» цитадельге айрықша тоқталды. Басталғанына біраз болған бұл жоба да жақын жылдарда аяқтала қоймайды. Дұрыс, бұрынғы әкімдердің тұсында басталып үлгерген жобаларды жалғастырып  әкету қазір екі әкімнің бірі жасай қоймайтын ерлік. Десек те, жаңа басшы ақыры журналистермен жүздесіп жоспарларын бөлісуге бел байлаған соң өзіндік шешіммен қабылдаған бастамаларын неліктен талқыға салмағаны түсініксіз.

  

«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты « депті ілгеріде біреуі. Сол айтқандай Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың иек астындағы 2020 жылды жоспарлағанына әкімдік ғұмырын қалай жеткізеді деп таңданып едік, енді бұл жолы жаңа әкім Нұрлан  Сауранбаев 2030 немесе 2050 жылы Шымкенттің қандай қала болатынын сұрап, журналистердің таңдайын   тағы бір тақылдатқызып қойды. Мұнысы қиялилық па, қияндағыны шалу ма?  Тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық.

                                                

Жәнібек Тархан

  "Рейтинг" газеті, желтоқсан,2017 жылы

  

   

                     

 
Көрілді: 582
Жаңартылған: 07.12.2017 | 11:48
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат