Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Нығматулиннің ендігі тағдыры....

23.11.2017 | 12:08
Нығматулиннің ендігі тағдыры....

    Ал мультимиллиардер құдасы Ыдырысовтың шетелде екені рас па?

   

    Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бір өлімнен аман қалды. Жоқ, спикерге ешкім қастандық жасаған жоқ. Журналистердің берген сауалына орай жауап берген Мәжілістің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше Н.Нығматулин Астанада жүрегіне ота жасатыпты.Төрағаның жүрегі сыр берген. Әдетте жүрек жүйкеге ауыр салмақ түскен кезде сыр береді емес пе?   Ал Нығматулинге қазір маза бермей бара жатқан біраз жайттың аузы әзірге буулы тұрған сияқты.

   

   Жалпы бәрі айналып бір жерге тоғысқандай. Н.Нығматулиннің жүрегі сыр беріп жатқан кезде осыдан бір жыл бұрын бес жылға сотталып кеткен Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевқа мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы сот шешімі шықты. Естеріңізде болса,  Матаев сотталар кезде өзінің істі болуын Н.Нығматулинмен байланыстырып, ақпарат құралдарында жариялаған материалдарында  спикермен бірнеше рет кездескенін, ол істі тоқтату үшін өзіне қарасты «ҚазТАГ»-ты беруді талап еткені есте. Ал мұның алдында, қыркүйектің соңында сотталушы экс-премьер Серік Ахметов бостандыққа шықты. Ал, Ахметовтың істі болуын кейбіреулердің қазіргі спикерге апарып телитіні қаншалықты ақиқат?

   Билік элитасында «мұрагер» деген сөзді естісе шоршып түсетін бір шенеунік бар. Ол-Нұрлан Нығматулин. Қайбір жылдары «Central Asia Monitor» газетінің тілшісі  Н.Назарбаевтың мұрагері болуы мүмкін деген үздік ондықтың тізімін жасап, әр кандидаттың жеке-жеке тоқталып, мүмкіндіктерін саралап мақала жариялағаны бар.  «Үздіктердің» қатарында спикер Нұрлан Нығматулин де аталған. Осы бір материалдың төрағаға қатты әсер еткені соншалықты ол ерінбестен отыра қалып, әлгі басылымның тілшісіне жауап жазған ғой.    «Бүкіл халық сайлаған президент бар кезде осындай айдарды  ойлап табу, жоқ дегенде әдепсіздікпен, тіпті арандатушылықпен тең» деген. «Назарбаевтың-Елбасының саяси қайраткер екеніне кәміл сенемін және оған өзге балама жоқ» деп атап өтті. Хаттың соңында «бұл жай айтылған сөз емес, бұл – менің түбегейлі қағидам. Бұл – менің саяси және өмірлік ұстанымым» деп жазған екен Нығматулин мырза.

    Осыдан кейін Қазақстанда Елбасыға  дәл Нығматулиндей адал берілген шенеунікті шыр айналсаңыз да таппайтындай боласыз. Құдай-ай,  не деген шынайы сүйіспеншілік десеңізші.

    Нығматулин Елбасының алдындағы осы «сүйкімінен» айырылып қалыпты деген әңгіме осы жазда тараған болатын. Нақты дереккөзіне сілтеме жасайтын болсақ, бұл «KazakhSTAN 2.0» сараптамалық сайтында жарияланған-ды. Материалда Нығматулиннің мұндай жағдайға тап болуына оның құдасы, белгілі миллиардер Дінмұхамед Ыдырысовтың телефон арқылы әңгімелесу барысында Нұрлан Зайруллаұлын  президенттің орнын басуы мүмкін дегенді білдіретін әлдебір гәпті айтып жіберген көрінеді. Мұны тыңдап отырған «тиісті орындар» ақпаратты «қажет жеріне» жеткізгенге ұқсайды.

-  Егер Нұрлан Нығматулин тез арада президенттің алдында мән-жайды түсіндірмесе, онда оның карьерасына нүкте қойылады,-деп сәуегейсіпті әлгі басылым. Сенуге бола ма? Жалпы демократиялық елде, әркім өзі ойын ашық айтуға құқылы, ешкім ешкімнің аузына сөзіне қақпақ болмайтын Қазақстанда біреудің абайсызда айтқан бір ауыз сөзі үшін біреудің күйіп, қуғын-сүргінге ұшырап кетуі мүмкін бе?

     Дегенмен Нұрлан Нығматулиннің соңғы бір емес бірнеше  аптаның көлемінде саясат сахнасынан көрінбей, Мәжілістегі орнының жетімсіреп қалғаны рас. Халық Нұрекеңді іздеді. Президентті емес, төрағаны. Тіпті елдегі беделді деген ақпарат құраларының өзі осы жөнінде материалдар жариялап, Нығматулинді шырақ алып іздегендей болды. Сөйтсек, төраға аурухана төсегінде жатыр екен. Жүрегі сыр беріп, ота жасатыпты.

  Ел арасында өзі түрлі сыпсың әңгімелер қаптап бара жатқан соң ба, әлде Сенат төрағасы Қасым Жомарт Тоқаевтан қалысқысы келмеді ме, Н.Нығматулин осы аралықта Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында Елбасының атына тағы да ыңғайсыз сөздер айтқан Қырғызстанның мерзімі бітіп бара жатқан президенті Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемелеріне қатысты пікір білдірді. Бір қызығы, оның пікірін елдегі танымал ақпарат құралдары жариялағанымен, оның қайдан алынғаны көрсетілмеген. Төраға мұны ауруханада жатып жазды ма, әлде бір жиында айтты ма, белгісіз күйінде қалды.

Жүрегі сыр берген спикер осы аптадан бастап жұмысына шықты.   

Мәжілісте  Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов спикерді қайта оралуымен бүкіл ұжым атынан құттықтап,  200 пайызға сауығып кетуіне тілектестік білдіріпті. Десек те, дәл қазір Н.Нығматулинге қатысты жағдайдың, қоғамдық-саяси аураның  қанша пайызға сауығып кеткенін айту қиын. Нығматтулиннің қайта оралуы нені білдіреді? Президенттің кешірімін алғанын ба? Ал оның құдасы белгілі мультимиллардер, ел арасында Делеу атанып кеткен  Дінмұхамед Ыдырысовқа қатысты түрлі әңгімелердің екпіні әлі басылмай тұрғаны рас. Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерді жұмсартып айтсақ, ол шетелге кеткен көрінеді. Шетелге кеткенде де оған әжептеуір уақыт өткен әрі әлі қайтпаған, мүмкін...

Былтыр ғана біздің «Рейтинг» газетіне арнайы берген сұхбатында Д. Ыдырысов «бастысы істің өзі емес, ең маңыздысы кіммен жұмыс істеу» деген ұстаныммен жүретінін мәлім еткен екен.  Расында да бизнесте тиісті адаммен әріптестік жасаудың тиімділігі әлдеқашан дәлелденген ғой. Ашық дерек көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда Д.Ыдырысов 99 пайыз қожайындық ететін «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» ЖШС-іне бір кездері құдасы Н.Нығматулин  әкім болған Қарағанды облысындағы электр энергиясын өндіретін, тасымалдайтын және Қарағанды қаласын жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар кіреді екен. Бұдан бөлек Қазақстандағы энергетикалық компаниялардың үздік төрттігіне енетін серіктестікке  Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарын жарықпен қамитамасыз ететін, жарық тасымалдайтын бірнеше кәсіпорын қарайды. «ҚКЖ» ЖШС Қазақстандағы елу бай бизнесмендерінің тізімінен түспейтін Д.Ыдырысовқа қарасты байлықтың бір бөлігі ғана.

Айтпақшы, жоғарыда аталған компанияда уақтысында жұмыс істеп, соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары боып істеген Жақып Бөкенбаев өткен қыркүйек айында қызметінен босатылды. Бәлкім кездесейсоқтық шығар. Бәлкім…

   Жәнібек Тархан

"Рейтинг" газеті, қараша, 2017 жылы

 
Көрілді: 806
Жаңартылған: 23.11.2017 | 12:18
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат