Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Жамаловқа тықыр таянды....

26.10.2017 | 16:43
Жамаловқа тықыр таянды....

Әкім ауысқан сайын өңірлердегі саяси жағдайды былай қойғанда статистикалық мәліметтер де мың құбылатын болып жүр. Оңтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Бейбіт Атамқұлов мәслихаттың алдында «индустриялды аймақтарда ашылған кәсіпорындардың бюджетке төлеген салығы аймақтардың инфрақұрылымына кеткен шығынды ақтады» деп есеп берген есте қалыпты. Тіпті кәсіпкерлер индустриялды аймақтардан жер алу үшін кезеке тұратын дәрежеге жетті деп, әкім депутаттарды біраз қомпаңдатып тастағаны да ұмытыла қойған жоқ еді. Қалай ұмытылсын, содан бергі аралықта бар-жоғы бір жылдан астам ғана уақыт өтті емес пе? Осы бір жылда өнеркәсіптің қазанын қыз-қыз қайнатып жатыр деген индустриялды аймақтардағы жағдай 180 градусқа өзгеріп шыға келді.

20161230195104

     «Оңтүстік Қазақстан облысында индустриялды аймақтардың құрылуы өңір экономикасының дамуына өзінің мультипликативті әсерін тигізбеді». Мұндай мәлімдемені осы аптаның дүйсенбісінде тоғыз айдың қорытындысы қаралған жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов айтты.

      Бір сөзбен айтқанда өңірде құрылған индустриялды аймақтар күткендегідей нәтиже бермей отыр. Өткен тоғыз айда облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 599,2 миллиард теңгені құрап, жоспар 102,5 пайызға орындалғанымен, облыс бұл сала бойынша республикада 13-орын алды. Шенеуніктер мұның себебін Шымкент мұнай өңдеу зауытының жөндеуге қойылғанымен,  «Шымкентсыраның»  мамыр айынан бері тоқтап тұрғанымен, ірі кәсіпорын саналатын «Химфарм», «Рауан» ЖШС-терінде шығарған өнімдердің нарықта өтпей тұрғанымен байланыстыруда. Яғни, өнеркәсіптің күні әлі де болса, сол баяғы ескі кәсіпорындарға қарап тұр деген сөз. Ал өңірдегі ірі өндірістік жобаларда маза жоқ.  2017 жылы 17 жобаны жүзеге асыру көзделсе,  тоғыз айда оның небәрі 5-еуі ғана іске қосылған. Кейбір аудандардың аузын құр шөппен сүртіп отырған жағдайы бар. Бұған мысал ретінде Бәйдібек ауданында соңғы 7 жылда бірде – бір жобаның іске қосылмағанын айтсақта жеткілікті шығар.

   Облыста осы уақытқа дейін 11 индустриалды аймақ құрылып, олардың инфрақұрылымына бюджеттен 13 миллиард теңге жұмсалған.  Бүгінге дейін 9 аймақ пайдалануға берілген. Алдын ала бекітілген жобаға сәйкес, аймақтарда 172 кәсіпорынды орналастыру жоспарланса, бүгінгі таңда, оның небәрі 58-і немесе 34 пайызы ғана жүзеге асырылған. Іске аспай қалған жобалардың дені Шымкент қаласында.

     Басқарма басшысының айтуынша, мәселе қаржыға келіп тіреліп тұрған жоқ. Бәрі жергілікті шенеуніктердің өз істеріне немқұрайлы қараудың салдары. Аймақтарға инфрақұрылым тартудың жоба-жоспары дұрыс жасалмаған. Нәтижесінде кәсіпорындарға электр, су жетіспейді. Мұндай жағдай Ордабасы ауданындағы қазақ-түрік индустриялды аймағында орын алып отыр. Осындай себептерге байланысты 2015-2016 жылдары іске қосылған Қазығұрт, Мақтарал, Тассай, Түлкібас, Созақ, Шардара индустриялды аймақтарының инфрақұрылымын қайтадан жобалау үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет.

      Ал соңғы жеті жылда бірде-бір жобаны жүзеге асыра алмаған  Бәйдібек ауданындағы индустриалды аймақтың инфрақұрылым құрылысына 2014-2016 жылдар аралығында 344 млн.теңге бағытталып, жұмыстар былтыр аяқталуы тиіс болған. Алайда нысан бүгінге дейін іске қосылмаған. Айта кетері, Бахытбек Танагөзов басқаратын аудан ауыл шаруашылығы саласы  бойынша да кенжелеп тұр.

     Мәжілісте Жансейіт Түймебаев кеткен кемшіліктер үшін жауапты басшылардың мәселесін қарауды тапсырды. Жазаның облыс әкімінің өнеркәсіп саласына жауапты орынбасары Бауыржан Жамаловқа қаншалықты қатысы боларын кім білсін, дегенмен жауапкершіліктің дені осы шенеуніктің үлесінде екендігі айтпаса да түсінікті ғой. Жамаловтың былтыр қазанда облыстық мәслихаттың депутаты атанып, артынша екі ай өтер-өтпес облыс әкімнің өнеркәсіпке жауапты орынбасарының орынтағына қонжиғаны белгілі. Қарапайым депутаттан облыс әкімінің орынбасары болғанды көргеніміз де, естігеніміз де осы еді.  Үлкен секіріс жасаған Б.Жамалов бұдан кейін өнеркәсіп саласында үлкен сілкініс  жасау тиіс еді. Алайда билікке бизнестен келген сабазыңыз күткен үмітті ақтамаған сияқты. Жиында облыс әкімі жылдың қорытындысына қарай тиісті шешімдердің қабылданатынын жеткізді.  Жамаловтың жылы орнымен қош айтысатын мерзімі де жылдың соңына қарай келіп қалуы әбден мүмкін болып тұр.

 

Жәнібек ТАРХАН, 

 

«Рейтинг» газеті, қазан, 2017 ж

 
Көрілді: 866
Жаңартылған: 26.10.2017 | 16:47
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат