Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Қайрат Сүлейменов үшінші мәрте депутаттыққа ұсынылды

Үш миллион халықтың арасынан үмітті ақтайтын басқа кандидат табылмауы мүмкін бе?

19.10.2017 | 14:01

 

01010101

      Бұл жолы үш миллионға жуық тұрғын тұратын өңірден басқа лайықты адам табылмай қалғандай «Нұр Отан» атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде  неліктен белгілі бизнесмен Қайрат Сүлейменовке  қайта-қайта  таңдау жасай беретіні қалай деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Бір емес, екі емес, оған үшінші мәрте мүмкіндік беріліп отыр.

      «Рейтинг» газетінде бұған дейін де жазғанымыздай, Қайрат Сүлейменов былтыр наурызда өткен сайлауда «Нұр Отанның» атынан облыстық мәслихат депутаттығына бақ сынап, дода қорытындысында әлдеқайда тәжірибелі, танымал, «Ақ жол» партиясының намысын жыртқан беделді қарсыласы Қилыбек Тұрлыбекке ұтылған болатын.  Шымкентте жанармай бекеттерінің қожайыны ретінде танымал жас кәсіпкерге  «Нұр Отан» үмітті ақтамадың деп қырын қараудың орнына оны бәрібір далада қалдырған жоқ. Келер жылы наурыз айында №11 округте өткен сайлауға екінші қайтара партияның атынан ұсынған. Сайлау мәре сызығына жақындаған кезде  Қ.Сүлейменовтың қарсыласы Бақытжан Көпбаевтың бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталғаны анықталып, сайлаудан шығып қалды.  Осы кездері Сүлейменовтың қасындағы екі қарсыласының декларациясынан шикілік анықталып, олардың кандидатуралары да белінен бір-ақ сызылды. Додада жалғыз қалған «нұротандық» тағы да сүрінді. 29 қазанда өтетін осы жолғы сайлауға «Нұр Отан» Сүлейменовке үшінші мәрте үміт артты. Үшінші мүмкіндік. Мұндай мүмкіндік талай бизнесменнің, талай қалталының түсіне де кірмейтін арманы шығар, сірә. Бұл кімнің мықтылығы? Сүлейменовтың бе, әлде «Нұр Отанның» ба?

       Біздің негізгі айтайын дегеніміз бұл емес еді.  Бізге белгілі болған соңғы мәліметтерге қарағанда, осы №11 окургтен Сүлейменовтың ескі қарсыласы, наурызда өткен сайлауда «сотталғаны үшін» жарыс жолынан шығып қалған  Бақытжан Көпбаев та құжат тапсырған. Бұрын сотты болған азамат бұл жолы сайлауда қалай бақ сынамақ? Неге ол тіркелген? Біз осы сұрақты «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы келіп, өзінің канидаттық тұғырнамасын ұсынған Бақытжан Көпбаевтың өзіне қойған болатынбыз.

      Бақытжан Көпбаев облыстық мәслихаттың сайлауына осыменен үшінші мәрте қатысып жатыр екен. 2016 жылдың наурызында өткен алғашқы сайлауда оның декларациясынан шикілік анықталып, жарыс жолынан шығып қалғанын растап отыр. Алайда Көпбаев мұны заңның осалдығы деп есептейді. «Кандидатты банктегі шотында қалып кеткен алпыс теңгесіне бола сайлаудан алып тастау ақылға қонатын тірлік емес» деді ол. Көпбаев бізге екінші мәрте додаға қатысуына, яғни биыл наурызда өткен сайлаудағы  қарсыласы Қайрат Сүлейменов екеуінің арасындағы бәсекелестікке кеңірек тоқталды. Көпшілікке беймәлім біраз мәліметті жария етті.

      -Менің кандидатурамды «сотталғаным» үшін әдейі шағымдануға болатын ең соңғы күннің түнгі сағат 10 шамасында алып тастағаны белгілі болды. Бар-жоғы екі сағатта нені үлгеруге болады?! Сотқа шағымданғанымен, уақыттың тарлығынан нәтиже шықпады. Жалпы мен сайлау басталар кезде қарсыластарыммен әділ сайлау өткізу, бір-біріміздің үстімізден арыз жазбау жөнінде  уағдаластық жасаған болатынбыз. Алайда бұл уәде орындалмады. Менің үстімнен «сотталған» деген негізсіз мәлімет жинатудың, оны сайлау комиссиясына апарып тапсырудың кімге қажет екендігі айтпаса да түсінікті шығар,-деді Көпбаев.

Сүлейменовтің сол сайлауда  тағы жолы болмады. Оның қасындағы екі қарсыласының табан астында декларациясынан шикілік анықталып, Сүлейменовты додада  жалғыз қалдырып кетуінің астарында да біз білмейтін біраз жәйт бар сияқты. Көпбаев бұл жағын ашып айтпады. Бірақ оның айтуынша, екі кандидатты Астанадан арнайы келген комиссия «задным числом» алдыртып тастағаны қаншалықты растығын кім білсін?     

      Енді міне, араға алты ай салып, «Нұр Отан» Сүлейменовтың кандидатурасын облыстық мәслихаттың сайлауына үшінші қайтара ұсынды. Өткен сайлауға билік партиясының құрамындағы «Жас отан» жастар қанатының ұсынуымен түскен кандидатты бұл жолы сайлауға кім ұсынғаны белгісіз. Сүлейменов партияішілік праймеризде қарсыластарын қаншалықты қара үздіріп, үздік атанды екен? Осы жеңісті кандидат 29 қазанда өтетін сайлауда қаншалықты қайталай алады?

      Әйтеуір, осы жолғы сайлау күдік-күмәнмен араласып басталды. Ақырының не боларын уақыттың еншісіне қалдырдық. 

   Жәнібек Тархан 

«Рейтинг» газеті, 19 қазан 2017 жыл.

 
Көрілді: 307
Жаңартылған: 19.10.2017 | 14:08
Категориялар: Саясат