Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Шәріповтің тірлігінде шикілік бар ма?

19.10.2017 | 11:17

   «Оңтүстікте 2013 жылы мемлекеттік қабылдаудан өтіп кеткен халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ететін нысан әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Нысанның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Шенеуніктер бөлінген қаржы 100 пайызға игерілді деп есеп бергенімен, арада төрт жыл өтсе де нысан құрылысы толық аяқталмаған»...    

3316f119d80f7f0199a82f19a7ce57a2

     Осы аптада редакцияға Сарыағаш ауданынан келген хаттың қысқаша мазмұны осындай. Хаттағы дерек рас болса, Тегісшіл ауылдық округі Таскескен ауылы арқылы өткен магистралды газ өткізгішінен бұрғыш-газ өткізгішіне және АГБС құрылысына республикалық бюджеттен 263 миллион теңге, ал облыс қазынасынан 29 миллион теңге бөлініп, қаржы толығымен игерілген. Алайда құрал жабдықтардың түгел келмегеніне және құрылыстың әлі аяқталмағанына қарамастан 2013 жылы нысан қабылдаудан өтіп кеткені жазылыпты.  Бұл құрылыстың тендерін өткізіп, мердігерін анықтаған  облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы көрінеді. 

    Біз мәселенің анық-қанығын біліп ақ-қарасын айыру  үшін Сарыағаш аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Марат Сейтімбетовпен хабарласқан болатынбыз. Алайда басшы біз айтқан мәліметті жоққа шығарды. «Нысандағы құрылыс жұмыстары аяқталған» деп сендірді. Оның айтуынша, Таскескен ауылына қазіргі уақытта газ беріліп жатқан жоқ. Себебі ауылдың ішіне әлі газ құбырлары жүргізілмеген. Осы жұмыстарды атқару үшін  конкурс өтіп жатқан көрінеді. Ауылға ішкі  газ құбырларын тарту келер жылға жоспарланыпты.  Яғни, көгілдір отын халыққа беріліп жатпағандықтан  газ бөлгіш нысанынан әзірге келіп кетер пайда жоқ.

     Сонда кімге сенеміз? Оқырман хатына ма, әлде бөлім басшысына ма? Ал бағдарлама әкімшісі саналатын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасында газбен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұралхан Шәріпов екен. Егер оқырманның шағымы түптің түбінде  ақиқат болып шықса жауапкершіліктің дені облыстағы көгілдір отынға жауапты осы шенеуніктің мойнына түспей ме? Басқармада талай жылдан бері қызметтің қызығын көріп келе жатқан Шәріповтің тірлігінде шикілік бар ма? Бұл сауалға басқарманың, бөлім басшысының тарапынан айтылар уәж болса жариялауға әзірміз.  

300 миллион теңге жуық қаражат, әрине жерде жатқан жоқ.

 
Көрілді: 349
Жаңартылған: 19.10.2017 | 11:26
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат