Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Храпунов бәрібір құтылмайды

19.10.2017 | 11:03

    

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі В. Храпуновқа, оның зайыбы Л.Храпуноваға, А.Ильясовқа және тағы басқа адамдарға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.

400184

    -Тергеу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоғарыда аталған адамдар мен олардың сыбайластарының құқыққа қарсы әрекеттерін растайтын дәлелдерді тапты,-деп хабарлады  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.  

     Ресми ақпаратқа қарағанда, Виктор Храпунов пен оның әйелі Ләйла және А.Ильясов ұйымдасқан қылмыстық топты құрды және оған жетекшілік етті, лауазымды қызметті асыра пайдаланды, мемлекеттік мүлік пен бюджет қаражатын алаяқтық арқылы жымқырды, пара алды және оны заңдастырды деген фактілер бойынша күдікті деп танылған. Алайда күдіктілердің әлдеқашан Қазақстаннан қарасын батырып, шетел асып кеткені белгілі. Осыған байланысты, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі күдіктілерге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шақырту жіберді. Осы шақыртуда күдіктілердің 17 қазанға дейін Астана қаласындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының әкімшілік ғимаратына келу міндеттелген. Мәлімет Қазақстанның және Швейцарияның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Алайда күдіктілерге берілген мерзім осыдан екі күн бұрын аяқталды. Храпунов пен сыбайластарының Қазақстанға өз еріктерімен келгені туралы ақпарат жоқ. Есесіне Қазақстанға қашқын банкир Мұхтар Әбілязовтың   

сыбайластары өз еріктерімен Қазақстанға оралды. Ұлттық бюроның баспасөз қызметінің хабарлауынша, елге оралғандар БТА Банкінің №6 Корпоративтік бизнес басқармасының бұрынғы заңгері Максим Хаблов пен Әбілязовтың бақылауындағы компаниялардың шартты жетекшісі Анар Әбдіхаимова. Олар Қазақстанға 16 қазанда Мәскеу қаласынан келген.

«Оларға Мұхтар Әбілязовтың ұйымдасқан қылмыстық тобына БТА Банкінің ақшалай қаражатын жымқыруға жәрдемдесті деген айып тағылып отыр. Хаблов пен Әбдіхаимова ресейлік азаматтық алған және бұл оларды Қазақстанға экстрадациялауға кедергі келтіреді. Бірақ олар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросына хат жазып, Қазақстанға өз еріктерімен келуге дайын екендіктерін жеткізген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған жайт пен іс бойынша жиналған материалдарды ескере отырып, оларға қатысты бұрын тағайындалған бұлтартпау шараларын өзгертті. Осыдан кейін Хаблов пен Әбдіхаимова Қазақстанға келді, - делінген Ұлттық бюро таратқан хабарламасында.

Әбілязовтың бұған дейін де біраз сыбайластары елге оралған болатын.

 
Көрілді: 381
Жаңартылған: 19.10.2017 | 11:12
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат