Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

"Нұр Отан" бандитпен де, сәләфитпен де сыбайлас па?

19.10.2017 | 10:17

      Халықтық партия, Елбасы негізін қалаған партия, келешектің партиясы деген «Нұр Отан» соңғы жылдары партия қатарына танымал әншілер мен спортшыларды, ғалымдарды тартып жатқаны белгілі.  Осылайша партияның беделін қайтсек көтереміз, деп белсенділердің бір тобы жанталасып жүрсе, енді біреулер «Нұр Отанның» жиған терген абыройына малданудан  (дұрысы мал табудан- Ж. Т.) арланбайтын  сияқты ма, қалай өзі?!  Оңтүстік Қазақстан облысында  өткен соңғы екі-үш сайлаудағы сорақылықтар осының айғағы.  Былтырғы сайлауда партияға өткеніне  бір ай да болмаған мақтаралдық кәсіпкердің «Нұр Отанның» атынан сайлауға ұсынылғаны, депутат болып сайланған соң екі апта өтпей жатып, оның үстінен қорқытып алу бабымен қылмыстық іс қозғалғаны, ақыр аяғында депутаттық мандатын тапсырып кеткені әлі ұмытыла қойған жоқ еді. «Нұр Отанның» абыройын айрандай төгетін осындай-осындай әттеген-айларды тізе берсек  аз емес, партияның оңтүстіктегі тізгін ұстаған атқамінерлері одан сабақ алмай келе жатқаны өкінішті-ақ. Қателік тағы да қайталанып жатқан сияқты.  Өйткені алдағы 29-қазанда өтетін мәслихат сайлауына қатысты бүгінде ел аузында әр алуан қаңқу сөз үдеп тұр. «Ойбай не дейсің, «Нұр Отан» анау адамдардың бәрі білетін сәләфитті көптің ішінен таңдап депутаттыққа ұсыныпты, одан қалмай бандит деп танылған атақты бәленше де партияның атынан додаға ат қосыпты» деген дақпырттың қаншалықты жел сөз, қаншалықты жөн сөз екенін, рас-өтірігі мен ақ-қарасын анықтау әрине құзырлы органдардың еншісінде. Құдай сақтасын, құзырлы органдар да олардың ойыншығына айналған деп айыптауға аузымыз бармайды. Біз де өз тарапымыздан журналистік зерттеу жүргізіп барып қаңқу сөзден шындық шығып жатса  аты жөндерін атап егжей-тегжейлі әңгіме қозғамақпыз. 

"Рейтинг" газеті, қазан, 2017 жылы.

 
Көрілді: 366
Жаңартылған: 19.10.2017 | 13:58
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат