Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Президентікке кандидат Өмірбек Бабанов Шымкентте дүниеге келген...

12.10.2017 | 09:20
Президентікке кандидат Өмірбек Бабанов Шымкентте дүниеге келген...

02

Соңғы уақытта Қырғызстанның президенті Алмазбек Атамбаевтың айтқан сөзі мен ісінің арасында көп айырманың бары белгілі болып қалды. Бұған дейін «президентте мұрагер деген болмайды» деген Атамбаев қазір қайткен күнде де премьер-министр Сооронбай Жээнбековты президенттікке өткізу үшін жанталасып жатыр. С.Жээнбеков президент болған соң Атамбаевтың жолын жалғастырып қана қоймайды, Атамбаевтың қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталып кетпеуін қамтамасыз етеді дейді сарапшылар. Яғни Жээнбековты бұдан кейін Атамбаевтың мұрагері деп атасақ жараспай ма? Ал Сооронбай Жээнбеков Қазақстан үшін қолайсыз кандидат. Сайлау қарсаңында Назарбаевтың Қырғызстанның экс-премьері, президенттікке кандидат Өмірбек Бабановты қабылдауы Атамбаевтың жоспарына күйрете соққы берді.  Алайда Атамбаев ақымақ емес. Ол қайта осы кездесу арқылы Жээнбековтің сайлаудағы мықты қарсыласы Бабановтан өзге елдің басшыларының қолындағы қуыршақ кандидат жасауға кірісті.    Елдегі ақпарат құралдары Бабановқа және басқа да кандидаттарға қарсы ақпараттық шабуылды бастап кетті. «Пәлен кандидат пәленшемен телефон арқылы сөйлесіпті, екіарада сайлау күні төңкеріс жасау туралы сөз байласыпты». «Түген кандидат қазақстандық миллиардермен телефон арқылы сөйлесіп, Қырғызстанның бар байлығын талап-тонау туралы әңгіме жасапты», «пәлен кандидат Бакиевтің адамы екен» деген сықпыттағы материалдар күндіз-түні таратылып жатыр.

«Вечерный Бишкек» басылымында қырғызстандық саясаткер, сарапшы Чынара Эсенгул былай дейді:

-Әрине, біздің президент эмоцияға беріліп кетті, бірақ ол шындықты айтты. Мемлекет басшысы ойындағыны бүкпесіз білдірді. Айтқандарының бәрі Қазақстандағы шынайы жағдайдың бір бөлігі ғана. Біз Қазақстандағы ахуалдың қандай екендігін жақсы білеміз. Ол жақта туыстарымыз да бар. Олардың берген ресм ақпараты мен тәуелсіз сарапшылардың берген бағасының арасында жер мен көктей айырма бар.

Осы басылымда Орталық Азия елдеріндегі адам құқықтары жөніндегі Конгресстің үйлестірушісі Тұрсынбек Акун Өмірбек Бабановты сайлаудан шығарып тастауды талап етті.

-Бабановтың басқа елдің президентімен кездесуі дұрыс емес. Бөтен елдің басшысы біздің ісімізге араласпауы тиіс,-деді Акун.

Ақпарат құралдары Өмірбек Бабановтың сайлау науқанындағы айтқан сөздерін де сан-саққа жорып жатыр. Назарбаевтың қабылдауынан кейін «проқазақстандық кандидат» атала бастаған Өмірбек Бабановтың расында да  Қазақстанға қатысы бар саясаткер болып шықты.  Ол 1970 жылы Шымкентте дүниеге келген. Шымкент қаласында емес, Қырғызстанның Талас облысындағы Шымкент ауылында туылған. Еңбек жолын 1995 жылы Қазақстандағы Тараз қаласында кәсіпкерлік саладан бастаған. Оның Шымкентке де қатысы бар болып шықты. Өмірбек Бабанов 1998-99 жылары және 2002-2005 жылдары Шымкент мұнай өңдеуі зауытының Қырғызстандағы өкілі қызметін атқарған.  

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,

«Рейтинг» газеті.

 
Көрілді: 4363
Жаңартылған: 12.10.2017 | 09:25
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат