Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Тәжин көлеңкеде жүріп-ақ көп тірлік тындыруда

28.09.2017 | 14:56
Тәжин көлеңкеде жүріп-ақ көп тірлік тындыруда

ЭКСПО-дан кейін Есімовтің рейтингісі өзгерді, ал Тасмағамбетов тізімде мүлдем жоқ

 

Бұған дейін облыс, Алматы, Астана қалаларының әкімдерінің ай сайынғы рейтингісін шығарып, сол арқылы көпке танымал болған «Саясат-Monitoring»  тобы жуырда Қазақстан билігіндегі «қаймақтардың» рейтингісін жасап шығарды. Сонымен…

 

      Рейтингті президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков бастапты. Сарапшылар Жақсыбековтың жуырда зейнеткерлік жасқа толғанын,  президенттің оның қызметін тағы бір жылға ұзартқанына баса мән беріпті. Осының өзі-ақ Жақсыбековтың президент үшін жақсы кадр екенін әйгілеп тұрғандай. Екінші орынды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тізгінін қолға алғанына жуырда бір жыл толған Кәрім Мәсімов иеленіпті. Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев үшінші орынға жайғасқан. Тізімде төртінші, бесінші болып Парламент палаталарының төрағалары Нығаматулин мен Тоқаев тұр.

         Жақсыбековке бірінші орынбасар болып жүрген Марат Тәжин алтыншы орыннан көрінді. Тәжин соңғы уақытта қайтадан саяси салмақ жинай бастаған сияқты. Сарапшылардың ойынша, ішкі саяси мәселелермен айналысатын Тәжиннің жаңа жұмысын қысқа уақыттың ішінде  шырқ үйіріп кеткені байқалады. Оның басшылығымен біраз бастамалар қолға алынған. Тәжин көлеңкеде жүріп-ақ көп тірлік тындырып жатыр. Назарбаевтың биыл жариялаған «Рухани жаңғыру» мақаласы, осы бағдарламалық мақаланың ішінде латын әліпбиіне көшу мәселесінің арғы жағында осы Тәжиннің қолтаңбасы байқалатын көрінеді. Кім біледі?!

      Тәжиннің бұған дейін Мәскеудегі елшілік қызмет атқарғаны белгілі. Бірақ  Ресейде біраз жыл тұрса да Тәжин ресейшіл емес. Кремльге бүйрегі бұрмайды. Егер оның бүйрегі Ресейге қарап бұратын болса, латын әліпбиіне көшуді қолға алмаған болар еді-ау. Әліпби ауыстырудың арғы жағында үлкен саясаттың жатқаны белгілі ғой. Тізімде алтыншы болып тұрған Тәжиннен кейінгі жетінші орын Ахметжан Есімовтің еншісіне тиіпті.  ЭКСПО-дан кейін Есімовтың рейтингісі жақсарып жатса, оған таңқалатын не бар?

       Айтпақшы, Тәжин босатқан орынға барып жайғасқан Иманғали Тасмағамбетовтың аты-жөні тізімде мүлдем жоқ. Жоқ болатын себебі, рейтингке  Президент әкімшілігіндегі жауапты қызметкерлер мен министрлер, төрағалар енген. Ал Тасмағамбетов қазір елшілік қызметте жүр. Десек те… Бір кездері әкімдердің, Үеімет мүшелерінің арасында  рейтингте үнемі көш бастаған Тасмағамбетовтың аты-жөнінің ауызға да алынбағаны қызықсыз екен. Дүние кезек деген осы. Тасмағамбетовке тағы бір кезек келе ме, жоқ па?..

 
Көрілді: 444
Жаңартылған: 28.09.2017 | 14:59
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат