Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Көкірекбаевтың тірлігіне Елбасының көңілі толмады

28.09.2017 | 14:41
Көкірекбаевтың тірлігіне Елбасының көңілі толмады

       Өткен аптада Елбасы Жамбыл, Алматы обылстары мен Алматы қаласына ресми іс-сапармен барды. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы сапарына байланысты президент арнайы мәлімдеме жасады.

1176

     - Алматы ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасып, еліміздің әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполисіне айналды. Тәуелсіздік жылдарында қала экономикасы қарқынды түрде өсіп, жоғары көрсеткіштерге жетті. Маған ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бүгінде Алматы экономикасының көлемі Грузияның ішкі жалпы өнімінен 2 есе, ал Қырғызстан мен Тәжікстаннан – 5 еседей артық. Бұл – тек қаланың ғана емес, жалпы еліміздің табысты дамуының көрсеткіші. Қазір Алматы республикалық бюджеттің доноры болып саналады. Ол республика бойынша шағын және орта бизнесті дамытудың үздік көрсеткіштеріне қол жеткізіп отыр, – деді Елбасы өзінің мәлімдемесінде.

      Президент сондай-ақ Алматы облысында да үлкен жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті. Өкінішке қарай, осындай көңіл марқайтар сөздерді президент Жамбыл облысына жасаған сапарында айтпады. Өңірдің жұртшылығымен өткен кездесуде мемлекет басшысы облыста шешімін таппай отырған біраз мәселелерге сын айтты.

      – Өңірдің әлеуметтік даму көрсеткіштері төмен. Жалпы, облыстың өнеркәсіптік әлеуеті де толықтай ашылмай отыр. «Жібек жолы» экономикалық белдеуін дамыту барысында 5 жобаны іске асыру көзделген. Бірақ бүгінгі күнге дейін бір де бір жоба іске қосылмаған, – деді президент.

      Елбасы сондай-ақ, көптеген жобалар толық қуатымен жұмыс істемей тұрғанын, газбен қамтамасыз ету, автомобиль және темір жолдар салу сияқты инфрақұрылым мәселелерінің шешілмегеніне тоқталды. Өңірде халықты жұмыспен қамту да көңіл көншітпейді.

      –  Өзін-өзі жұмыспен қамту өзекті мәселеге айналды. Бүгінде экономикалық тұрғыдан белсенді 523 мың адамның 44,6 пайызы – өзін-өзі қамтығандар. Бұл – республика бойынша ең төмен көрсеткіш. Өзін-өзі қамтығандарға келсек, олар барлық елдерде бар. Мәселе бұл адамдардың, біріншіден – өнімді жұмыспен қамтылуында, екіншіден – ашық, заңды түрде жұмыс істеуінде, – деді президент. 

        Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнеске арналған инфрақұрылым дамуының жеткіліксіз екенін де айтты.

        – Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылған халықтың небәрі 24 пайызы жұмыс істейді. Бизнеспен айналысу жағдайларын жақсарту үшін  нақты шаралар қабылдау қажет. Болашақ ірі кәсіпорындардың емес, шағын және орта бизнестің қолында. Нарықтың сын-тегеуріндерін бірден байқап, жедел қайта мамандануға бейім тұратыны да осы шағын және орта бизнес, – деді Мемлекет  басшысы.

Облыстың ауыл шаруашылығы саласында да шешілмеген мәселе көп.

    – Аграрлық сектор экономиканың және шикізаттық емес экспортты өсіру драйвері болуға тиіс екенін айтқанмын. Облыста бұл саладағы еңбек өнімділігінің көрсеткіші төменгілердің бірі болып отыр. Ал, осындай көрсеткіш Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында едәуір жоғары. Облыста жер учаскелерінің көп бөлігі тиімді пайдаланылмай келеді. Оларды отбасылық ферма ретінде пайдалану үшін тиісті жұмыстар жүргізу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

        Жалпы президенттің Жамбыл облысындағы іссапары барысында айтқан сыны өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың қаншалықты деңгейде жұмыс істеп жатқанын байқататын сияқты. Кәрім Насбекұлы бұл қызметке күні кеше келген кадр емес. Жамбылдың тізгінін қолға алғанына бақандай төрт жылға жуық уақыт өтіпті. Президенттің жоғарыдағы сындарынан кейін Көкірекбаев жуық арада қызмет ауыстырып жатса, таңқалуға болмайтын шығар.  

Диас Нұркенұлы,

 

«Рейтинг» газеті, қыркүйек, 2017 ж

 
Көрілді: 781
Жаңартылған: 28.09.2017 | 14:54
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат