Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Сәрсембаев Бөкенбаевтай бола ала ма?

21.09.2017 | 11:36
Сәрсембаев Бөкенбаевтай бола ала ма?

    Иә, мәселе бір орынбасардың креслосына бір орынбасардың келіп отырғанында емес, мәселе келген азаматтың өз саласының жай-күйін түсініп, өзіне жегілген арбаны сүйреп кеткендігінде ғой.

MyCollages

     Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары жаңарды.  Бұған дейінгі бес орынбасардың бірі Жақып Бөкенбаев бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, білімін жетілдіру үшін оқуға кеткен. Жақып Құттыбекұлы бұл қызметті бір жарым жыл атқарды. Экс-орынбасарды  облыстың бұрынғы әкімі Бейбіт Атамқұловтың ең сенімді кадрларының бірі болды десек артық айтпағанымыз шығар. Оның бұрын Атамқұловпен бір министрлікте  бірге жұмыс істегені де көп жайтты аңғартады емес пе?! Бөкенбаев еңбек жолында жылумен, жарықпен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындарға басшылық еткен. Бұл салада көп тәжірибесі бар. Ол орынбасарлық қызметке тағайындалмай жатып-ақ қысқа дайындық жұмыстарын ұйымдастыруға қызу кірісіп кеткенін «Рейтинг» газетінде біз бұған дейін де жазған болатынбыз.  Бөкенбаев Атамқұловтан кейінгі әкім Түймебаевқа бір жылға жуық орынбасар болды. Жаманды-жақсылы жұмыс істеді. Ең бастысы, жоғарыда айтқанымыздай, ол өз саласының кәнігі маманы болатын. Ал оның орнын басқан Төлеген Сәрсембаев кім? Еңбек жолына үңіліп көрелік.

    Төлеген Қапсалықұлы мамандығы бойынша  экономист, заңгер. Еңбек жолын қарапайым бухгалтер болып бастаған. Бұдан кейінгі жылдары Алматы облысында қаржы бақылау, салық мекемелерінде тер төгіпті. Төрт облыстың, атап айтқанда Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары  бойынша салық департаменттерінің басшысы лауазымдарын атқарған. Соңғы төрт айда Білім министрлігі «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директорының орынбасары болып қызмет еткен. Байқағандарыңыздай, жаңа орынбасар есеп-қисаптың маманы. Коммуналдық салада жиған-терген тәжірибесі жоқ. Сәрсембаев Бөкенбавтың орнын басып кете алады ма деп отырғанымыздың себебіміз осы.

Ауа райын болжаушылардың айтуларына қарағанда, алдағы қыс қатты болады. Жалпы Оңтүстікте қыстың ерте түсіп, кеш шығуы соңғы 4-5 жылдың көлемінде қалыптасқан жағдайға айналды. Былтыр Шымкенттің қысқа дер кезінде дайын болмай қалуының салдарынан көпқабатты тұрғын үйлерге жылудың кеш берілгені, мұның соңы тұрғындардың наразылығын тудырғаны белгілі. Биыл бұл жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?!

Жалпы Оңтүстікте облыс әкімінің бір орынбасары коммуналдық саланың отымен кіріп, күлімен шығатын, шаруаға мығым болуы тиіс. Қай уақытта да солай болып келген. Жаңа орынбасардың тәжірибесі коммуналдық салаға маңайламаған соң облыс басшысы Жансейіт Түймебаев орынбасарларына функционалдық міндеттерін қайта бөліп беруі мүмкін. Бәлкім, бір орынбасардың орны жуық арада тағы жаңарып жатса, таңқалуға болмайтын шығар. Облыс әкімінің бір емес екі бірдей орынбасары қызметімен қош айтысқалы жатқаны туралы ақпарат ел аузында жүр. Жел сөз, әлде жөн сөз екеніне, мұндай әңгіме туындауына ненің түрткі болғанына  журналистік зерттеу жүргізудің қорытындысына сүйеніп  кешікпей оқырманмен ой бөлісіп қаламыз.

 
Көрілді: 386
Жаңартылған: 21.09.2017 | 11:44
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат