Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Әкім болуға әрекет жасап жатыр

21.09.2017 | 11:15
Әкім болуға әрекет жасап жатыр

«А» корпусының конкурсына ат қосқандар белгілі болды

  

    Соңғы жылдары әкім болудың машақаты көбейіп кетті. Ауыл әкімдерін жергілікті мәслихат арқылы сайлау тәжірибесі қолданысқа біржолата енді. Ал аудан, қала әкімдерін «А» корпусының резервінде тұрған азаматтардан  тағайындау үрдісі басталды. Естеріңізде болса,  «А» корпусына кадр жасақтау осыдан 2-3 жыл бұрын қызу жүргізілген. Сол науқан барысында бірқатар аудан, қала әкімдері сынақтан сүрініп, ақыр аяғында қызметін тастап кетуге мәжбүр болған еді. Бірақ солардың бірлі-жарымы араға біраз уақыт салып әкімдік қызметіне қайта оралса, енді біреулері биліктің басқа баспалдағы арқылы өрлеп, тіпті Астанаға заң шығарушы органға депутат болып сайланып  кетті. Дүние кезек деген осы.

          Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне тағы да іріктеу жариялады. Бұл жолғы жарияланымның жөні бөлек. Ұлттық комиссия «А» корпусының 2-санаты бойынша, яғни комитет төрағасы бола алатын 10 адамды, ал аудан, қала әкімі болуға құзырет беретін 4-інші санат бойынша  126 адамды қабылдайды. Бұл жолғы іріктеуге бас-аяғы 619 адам құжат тапсырып қойды. Алайда осы тізімдегі 600-ден астам үміткердің ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан аты-жөні жалпы көпшілікке таныс бар-жоғы 20-30 адам ғана бар. Республика халқының алтыдан бірін құрайтын өңір үшін  мүлдем аз көрсеткіш. Бұл нені білдіреді? Әкім болғысы келгендердің аздығынан ба? Әлде әкім болудың қиындығынан ба? Соңғысы, қисынға келеңкірейтін сияқты.

1234

         Жалпы  «А» корпусының кадр резервіне кандидаттарды іріктеу Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне Әлихан Бәйменов басқарған  кезінде қолға алынған болатын. Бұл жүйені одан кейінгі төраға Қайрат Қожамжаровтың онша жаратпағаны рас. Ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында Қ.Қожамжаров «А» корпусына азаматтар халықтың берген бағасы бойынша іріктелуі керек екенін айтқаны есте. "Халық ол адамға қандай баға берсе, сол - оның қызметінің шынайы бағасы» деген болатын төраға. Дегенмен «А» корпусына кадр жасақтаудың тәртібі бұл жолы да сол баяғы тәртіп-талаппен жүзеге асырылуда. Сол баяғы сүрлеу, сол баяғы соқпақ. Ережеде «үміткерге халықтың берген бағасы ескеріледі» деген бір ауыз сөз жоқ. 

          Іріктеу  3 кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде үміткерлер белгіленген тәртіп бойынша құжат тапсырады. Бұдан кейін кандидаттар  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрастырған кестеге сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасын білуі және жеке басының қасиеттерін бағалау, логика, ҚАЗТЕСТ бойынша тестілеуден өтеді (біздің шамалауымызша тест Астанада болады). Төртінші санат, яғни аудан, қала әкімі болуға үміттілерге Ата заңнан бастап бас-аяғы 9 заң бойынша сұрақтар беріледі. Әр заңнан 10 сұрақтан келеді. Тесттен мүдірмей өту үшін үміткер әр 10 сұрақтың 7-еуіне дұрыс жауап беруі тиіс. Келесі кезең-әңгімелесу. Мұның өзі екі кезеңнен тұрады. Бірінші әңгімелесу облыста құрылған комиссиямен өтеді, екіншісі Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияда болады. Егер тәртіп-талап өзгермеген болса, өңірлерде үміткерлерді әңгімелесуден өткізуден кадр жөніндегі комиссияға облыс әкімінің өзі төрағалық етеді.

          «А» корпусына енгісі келетін азаматтарға қойылатын біліктілік талаптары да бар. Үміткер Астанадағы Президент әкімшілігінде, Үкіметте кем дегенде сарапшы қызметін, ал облыстарда облыс әкімнің көмекшісі, не кеңесшісі, тым құрығанда баспасөз хатшысы, не басқарма басшысы немесе орынбасары қызмептін атқарған болуы керек. Ал аудан, қаладан ұзамаған шенеуніктерге аудан,қала  әкімінің орынбасары немесе аудан,қала  әкімі аппаратының басшысы лауазымында жұмыс істеген болуы тиіс. Мемлекеттік қызметте  кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша немесе шетелдің жоғары оқу орындарында білім алған азаматтарға да «А» корпусына іріктеуден өтуге мүмкіндік берілген. Сондай-ақ, бұрын-соңды мемлекеттік қызметте болмағанымен кемінде елу адамды құрайтын мемлекеттік кәсіпорынның немесе ірі, орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын мекеменің басшысы, басшының орынбасары болып кемінде төрт жыл істеген азаматтарға да конкурсқа қатысып, бағын сынап көрулеріне болады.

          Сонымен қазіргі уақытта іріктеуге 136 орын үшін 619 адам құжат тапсырды.  Бұл дегеніңіз бір орынға 4,5 адамнан келеді деген сөз. Тізімдегі оңтүстікқазақстандықтарды екі-үш категорияға бөліп қарастыруға болады. Бұлардың алғшқысы- «Б» корпусындағы ең жоғары лауазымды атқарып жүрген басқарма басшылары.  Тізімнен облыстық жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұтты, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Төлегенді, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалдар басқармасының басшысы қызметіне жуыда ғана тағайындалған Мұхит Отаршиевті көзіміз шалды. Іскерлік қабілетінің арқасында жастығана қарамастан біраз лауазымды қызметтерді атқарып жүрген  облыстық ауыл шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы Нұрбек Бадырақов та осы тізімнен табылды. Дәл қазіргі уақытта орынбасардың креслосында отырған  бірнеше азамат та әкім болсақ деген ниеттерін аңғартты. Бұлардың ішінде Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған, қазіргі уақытта Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков бар.  Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың орынбасары Қайрат Нұртай мен әкім аппаратының басшысы  Рашит Аюпов та үміткерлердің бел ортасында жүр. Айтпақшы, қазіргі уақытта облыс әкімі аппаратында бөлім меңгерушісі болып істейтін, еңбек жолында әкім болуға дейінгі барлық дерлік баспалдақтан өткен, атап айтқанда Түркістан қалалық әкімдігінде бөлім басшысы, Отырар ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып ел арасында оң көзқарас қалыптастырған  Берік Ибадуллаев та тізімнен табылып, әкім болуға жарап қалғанын байқатты.   Келесі категорияға экс-басшылар, экс-әкімдер кіреді. Бұлардың қатарында облыстық энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Алдамжаровты атауға болады. Осы топқа «Рейтинг» газетінің ең көп сыналған  кейіпкерлерінің бірі болған, Қазығұрт ауданының әкімі, одан кейін облыстық құрылыс басқармасының  басшысы қызметтерін атқарған, бесаспап кадр Тұманбек Әлиевті де қосуға болады. Тізімде Кентау қаласының  екі бірдей экс-әкімдері- Көктембек Табылдиев пен Бахытбек Байсалов жүр. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, Шымкент қаласы әкімінің  орынбасары ретінде жемісті еңбек еткен, қызмет барысында мықты идеолог ретінде танылған, қазіргі уақытта «Азия Газ құбыры» ЖШС-нің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Бахадыр Нарымбетов те әкім болып мүмкіндігін сынауға белді бекем буған сыңайлы. Одан әрі жалғастыра берсек, Шымкент қалалық білім бөлімінің экс-басшысы Ынтымақ Мәдиев, облыстағы салық мекемелерін басқарған Әбдірахман Жүнісәлиев, Асқар Тынысбеков, облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты, белгілі бизнесмен Қайрат Беркінбаев... Айтқандай, тізімде халық қалауларының ішінде облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Төлтебаев та бар.

Бұл іріктеудің басы. Соңына дейін кімдердің қалып, кімдердің тізімнен түсіп қалатынын уақыт көрсетеді. Қайрат Қожамжаровтың келтірген деректеріне қарағанда әу баста «А» корпусына 1204 кандидат іріктелгенімен, олардың біразына қызмет табылмаған. Тіпті жартысына жуығы жұмыссыз отырған көрінеді. Сондықтан мәселе тек «А» корпусына енумен бітпейді. Түпкілікті нәтиже әкімдік тізгінді қолға алуда болса керек. Иә, әкім болудың машақаты көбейіп бара жатыр. Әкім болуға дейінгі «тар жол, тайғақ кешуде» үміткерлерге сәттілік серік болсын дейміз!     

 
Көрілді: 373
Жаңартылған: 21.09.2017 | 11:23
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат