Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Назарбаев қабылдаған кандидат болашақ президент пе?

21.09.2017 | 10:45
Назарбаев қабылдаған кандидат болашақ президент пе?

         19 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Қырғызстанда өтіп жатқан президент сайлауына кандидат ретінде қатысып жатқан Өмірбек Бабановты арнайы қабылдады. Қырғыз өкіметі у-шу болып жатыр.

naz

 

       -Қазір Қырғызстан президент сайлауының қарсаңында тұр. Бұл мемлекет үшін маңызды кезең. Тәуелсіздік жылдары мен сіздердің барлық президенттеріңізбен тығыз араласып жұмыс істедім. Жаңа сайланған президентпен де солай жұмыс істейміз деп ойлаймын,-деді Елбасы.

Өмірбек Бабанов:

- Қырғызстанның премьер-министрі болып тұрған кезде сіз маған жан-жақты көмек бердіңіз,-деді.

           Президент пен президентке кандидат арасындағы әңгімені енді қалай қарай қисайтамын десеңіз де өз еркіңізде. Әйтеуір, қырғыз билігіндегі ақжағалылардың танаулары дереу едірейіп шығады келді. 20 қыркүйекте Бішкектегі елшіміз Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігіне шақырылған.   Қырғыз жағының Қазақстанға табыс еткен наразылық нотасына Назарбаевтың президентке түсіп жатқан кандидатқа қолдау білдіруі, сайлауға араласу,  Қырғызстанның ішкі ісіне қол сұғу деп қабылданатыны жазылыпты.

             Өмірбек Бабанов қазіргі уақытта Қырғызстандағы «Республика-Атажұрт» партиясына жетекшілік етеді. Біздегідей емес, Қырғызстанда саяси партиялар белсенді. Партиялар арасындағы бәсекелестік күшті.  Енді сол саяси партияның президент сайлауына ұсынған серкесін Орталық Азиядағы ең ықпалды елдің басшысы қабылдап, қуаттап жатса, бұған қалай қарау керек?   Өзіңіз ойланып көріңіз, президент сайлауына түсіп жатқан  Жармахан Тұяқбайды сайлау науқаны барысында  Кремльде Путин қабылдап, қолдап жатса, бұған Елбасы қалай қарар еді? Бұл қабылдауды құпияламай, жалпақ жұртқа жария түрде өткізуді астарында не жатыр?  Ақорда Қырғызстанға қатысты бір саяси ойынды бастағалы жатқан жоқ па?

 
Көрілді: 1612
Жаңартылған: 21.09.2017 | 11:05
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат