Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Ашуға мінген Денсаулық сақтау министрі шенеуніктерді жұмыстан қумақ

18.08.2017 | 10:04
Ашуға мінген Денсаулық сақтау министрі шенеуніктерді жұмыстан қумақ

   Денсаулық сақтау министрі кадрлық тазалауға кіріскендей! Елжан Біртанов жұмысына салғырт қарайтын аймақтағы басқарма басшыларын шетінен қызметтен қуам деп күшке мінді деп хабарлайды Nur.kz

   Министрдің қара тізіміне Алматы, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары кіріп отыр. Тіпті мемлекеттік "Денсаулық" бағдарламасы да жөнді іске аспай жатыр екен.

Әдетте өзін өте сабырлы ұстайтын министр өңірлердегі әріптестерінің жұмысына қарап, қатты түңілді. Мәселен, қыруар қаржы жұмсалған «Денсаулық» бағдарламасы бір де бір облыста толық жүзеге асырылмаған.

    Біртановтың күрсінетіндей жөні бар. Өйткені қарамағындағылары шаруаны мандыта алмай отыр. Мәселен, Қостанай облысында қатерлі ісік, жүрек, туберкулез ауруына шалдыққандар көбейген. Оның себебін айтқан шенеуніктің жауабы сенімді шыға қоймады

     "Қостанай облысында балаларға қарағанда егде жастағы адамдар екі есе көп. Сондықтан, өңірде өлім-жітім деңгейі де жоғары. Оның үстіне суидцид жасағандардың да саны көбейген. Өңірде маман жоқтың қасы", - деп жауап берді Қостанай облыстық Денсаулық сақтау департаментінің басшысы Еркен Дәуітбаев.

      Жағдайымыз нашар деп, «жылаған» басшыны министр тыйып тастады.

"Облыста маман жетіспейді, медициналық құрылғылар тапшы. Бұл мәселелердің барлығы мемлекеттік бағдарламада қарастырылған. Бірақ, оны жүйелі түрде шешетін басшыны да көріп тұрған жоқпын", - дейді Елжан Біртанов.

Қостанайдан бөлек, Солтүстік Қазақстан мен Алматы облысында да жағдай мәз емес. Мемлекеттік бағдарламаларды орындау бойынша көш соңында қалған. Сондықтан науқастардан шағым көп. Ақ халаттылар болса, өзгеруге құлықсыз.Ашуға мінген Біртанов бүгін аймақтағы әріптестеріне соңғы ескерту жасады.

"Өңірлердегі басқарма басшылары  міндетін атқара алмаса, министрлік тағайындау кезінде берген келісімінен бас тартады. Егер жыл соңына дейін жағдай жақсармаса, облыс әкімдеріне басшыларды қызметтен босату туралы ұсыныс жібереміз. Қазір денсаулық саласындағы мәселелерді тиімді шешуге шамасы жететін басқа мамандар жетеді", - деп кесіп айтты Біртанов.

    Біртанов Денсаулық сақтау басқармаларының басшыларын тікелей тағайындамағанымен, министр ретінде облыс әкімі ұсынған кандидатты жұмысқа алуға келісім береді. Өйткені, жергілікті медицина облыстық бюджеттен қаржыландырылады.

Астанадан қатаң ескерту алып қайтқан басшылардың үш ай уақыты бар. Осы аралықта олар кемшіліктерін түзеп үлгермесе, шетінен жұмыссыз қалуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ, министр мемлекет есебінен тегін берілетін дәрі-дәрмекті науқастарға таратқанда да аса мұқият  болуды ескертті. Басшылар препараттың әр ампуласына басымен жауап береді.

 
Көрілді: 736
Жаңартылған: 18.08.2017 | 10:09
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат