Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Экс-әкімдерге енді қандай қызмет бұйырады?

10.08.2017 | 14:35
 Экс-әкімдерге енді қандай қызмет бұйырады?

    Ауыс-түйіс алдағы күндері тағы жалғасын таппақ 

     Осыдан бір жарым жыл бұрын, 2016 жылдың сәуірінде  республикалық ақпарат құралдарында «Мамытбеков пен Сапарбаев аудан әкімдері болып тағайындалды» деген тақырыппен ақпарат тарап, жұртты елең еткізгені бар. Бердібек Сапарбаев әлі де сол Ақтөбе облысының әкімі қызметінде болатын. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың жерді жаппай сатуға қарсы митингілерден кейін әңкі-тәңкісі шығып тұрған кезі. Жұртшылық республикаға белгілі екі шенеунікті президент аудан әкімі деңгейіне төмендетіп жіберді ме деген. Жоқ, аудан әкімі қызметіне тағайындалғандар Алмасбек Мамытбеков пен Самат Сапарбаев болатын. Сол күні Ордабасының әкімі Самат Сапарбаев Сайрам ауданының әкімі қызметіне ауысқан. Оның орнына Алмасбек Мамытбеков Ордабасыға әкім болған еді...

    Жаңа қызметтің құлағын бір күнде ұстаған қос әкім бір күнде қызметтен босайды деп ол кезде кім ойлапты дейсіз. 

      Жалпы Самат Сапарбаев пен Алмасбек Мамытбековтың еңбек жолында ұқсастық бар. Екеуі де өздері туып-өскен өңірде аудан әкімінің орынбасары болып істеген. Әсіресе, орынбасарлықты Самат Сапарбаев ұзақ жыл атқарды. Мұның алдында  ауыл әкімі де болған. Алмасбек Мамытбеков Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары қызметінен кейінгі карьерасын облыс әкімдігінде жалғастырды. Облыстық ішкі саясат басқармасын екі қайтара басқарды. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған жылдары облыстық мәслихаттың депутаты да атанған. 

     Жасыратыны жоқ, Мамытбеков пен Сапарбаев бір жарым жылға жетер-жетпес уақыт ішінде жұмысты жапырып тастады деуге болмайтын шығар. Бір жарым жылда не атқаруға болады? Бірақ қос әкім тізгінін ұстаған аудандарын көштен қалдырған жоқ. Қос шенеунік туралы жалпы жұртшылықтың да пікірі жаман емес. Тек әйтеуір бастаған істі, қолға алған тірлікті жаңа әкімдер жерде қалдырмай, жалғастырып әкетсе дейміз.  

      Сайрам ауданының тізгінін қолға алған Бахтияр Мамаев тірлігін аудан ақсақалдарының ақ батасын алудан, солардың ұсыныс-пікірін тыңдаудан бастады. Бұл Бахтияр Мамаевтың ымырашыл, кез-келген жұмысты кеңесіп шешкенді жақсы көретінін, елдің пікіріне құлақ асатын шенеунік екендігін байқататын сияқты. Бахтияр Мамаев   бұған дейін Қазығұрт ауданында ауыл әкімі, бөлім бастығы қызметін атқарып, соңғы бес жылда аудан әкімінің орынбасары болған. Бір сөзбен айтқанда,  әкімдік жүйенің барлық баспалдағынан өткен. Үлкен ауданды басқаруға еңбек өтілі сәйкес келгенімен тәжірибесі сәйкес келе ме? 

   Жаңа әкімді аудан әкімдігінің активіне таныстыру рәсімінде облыс басшысы Жансейіт Түймебаев  Сайрамда кәсіпкерлікті дамытуды, жерге қатысты заңсыздықтарды реттеуді тапсырды. Сайрам халқы тығыз қоныстанған, өзге өңірлерге қарағанда күрделірек аудан. Бұған дейін бұл ауданды әкімдік қызметте тәжірибесі мол, тісқаққан шенеуніктер басқарған екен. Ал әкімдердің командасына енді қосылған  Бахтияр Мамаевқа облыс басшысы үлкен сенім жүктеді. Бұл сенімді ол қаншалықты ақтай алады? Мұны уақыттың төрелігіне тапсырдық. 

    Ал, Ордабасы ауданына әкім болып барған Рашид Қайыпжанов жұмысын тазалықтан бастады.  Әкімдікке қарасты мекеме қызметкерлерін сенбілікке шығарып, айналаны қоқыстан тазартуға білек сыбана кіріскен көрінеді. Жалпы сенбілік жаңа әкімнің ең жақсы көретін ісі ме деп қалдық. Тек әйтеуір, сырт көзге «показуха» үшін бюджет қызметкерлерін әуре-сарсаңға салмаса жарар еді. Р.Қайыпжанов Сарыағаш ауданында аудан әкімінің орынбасары қызметін ұзақ жылдар атқарған. Облыс басшысы жаңа әкімге  Ордабасыда кәсіпкерлікті пен өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндіктің мол екендігін атап өтіп, өңірдің экономикасын жақсартуды тапсырды. Сондай-ақ, елді мекендердегі коммуналдық мәселелерді шешуді жүктеді. 

    Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, Мамытбеков пен Сапарбаев жұмыссыз қалмайды. Облыс әкімдігінде қазір үш басқарма басшысының орны бос тұр. Соның екеуі экс-әкімдерге бұйырады деген әңгіменің қаншалықты сәйкесетінін алдағы уақытта білеміз. Дегенмен мұны қисынсыз деуге болмайды.  Ал аудан әкімдері арасындағы ауыс-түйіс мұнымен тоқтамайды дейді білетіндер. Жақын күндері тағы екі-үш ауданның әкімі қызметімен қош айтысатын көрінеді.  

"Рейтинг" газеті

 
Көрілді: 380
Жаңартылған: 10.08.2017 | 14:57
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат