Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Сағынтаевтікі не сандырақ?

10.08.2017 | 11:48
Сағынтаевтікі не сандырақ?

   Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің жеті айда атқарған тірлігіне риза. Мұны осы аптада Ақордада Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаевты қабылдаған кезінде Елбасының сөздерінен байқалды. Президент премьерді көзге мақтамаса да әңгіме ауанынан оның жұмысына деген ризашылық төгіліп тұрды.

   - Үкімет қызу жұмыс жүргізіп отыр деп есептеймін. Мен жылды жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын,-деді Мемлекет басшысы.

Ал Бақытжан Сағынтаев жеті айдың қорытындысы бойынша «барлық өңірлерде көрсеткіш жақсы» деді. Бұған дәлел ретінде бірқатар жағымды цифрларды алға тартты. Премьердің айтуынша,  азық-түлік бағасы 0,5 пайызға төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша биылдың бірінші тоқсанында 31 жоба іске қосылған. Екінші тоқсанда жаңа 10 мың жұмыс орнын қамтитын 100 жобаны іске асыру жоспарланыпты.

   -Менің тапсырмам бойынша еліміздің бірнеше өңірін аралап шықтыңыз. Жалпы, тұрақты ахуал байқалуда. Алдымызда егін ору науқаны тұр. Оны тиісті деңгейде жүргізуіміз қажет. Тәуекелді тұстар да жоқ емес. Энергия тасымалдаушыларымызға, шикізат өнімдеріне деген бағаның өзгерісі. Бәлкім, батыстың Ресейге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет, - деді Елбасы әңгіме арасында. Сағынтаев жеті айдағы жетістіктерді тізбелеуді одан әрі жалғастыра берді.

    -Экономикалық өсім 4,2 пайызды құрап отыр. Өндіріс саласындағы көрсеткіштер мұнай өңдеу деңгейі төмендеген Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірінде 100 пайыздық мөлшерден асты. Біз қазіргі уақытта бұл өңірлерге жаңа резерв көздерін жұмылдыру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесі жөнінде. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,7 пайыз өсім байқалуда,-деді премьер.

     Премьер-министр жеткен жетістіктердің бояуын тым қалыңдатып жіберген жоқ па деген ой келеді. Әрине, біз экономиканы шемішкеше шағатын маман емепіз. Бірақ көрер көзге байқалған жайтты айтпасқа тағы болмайтын сияқты. Сағынтаевтың «азық-түлік бағасын төмендеттік» дегені не сандырақ?! Жеті айда арзандаған ол қандай азық-түлік? Биыл Шымкенттің өзінде қой еті 50 пайызға бір-ақ шарықтады. Картоп бағасы 200 теңгеге дейін жетті. Көкөніс майы, қант, сүт...Қымбаттамаса арзандаған азық-түлікті көрген кім бар? Әлде базардағы баға басқа, әкімдердің Үкіметке беретін бағасы басқа ма? Биыл көкөніс пен қауын-қарбыз да жылдағыдан қымбаттырақ болып тұр. Дәрі-дәрмектің құны құрық салдырмай барады. Тамыздан бастап республиканың бірнеше өңірінде табиғи газға бекітілген тариф өсті. Бірнеше қалада жолақы қымбаттады. Премьердің айтуынша, енді жолақыны қымбаттағанын былай қойғанда күре жолдар да ақылы түрге ауысады. Республикада жыл соңына дейін 469 шақырым жол ақылы болмақ. Алғаш рет осындай жүйеге қосылған «Астана-Бурабай» тас жолы жылына 1,5 миллиард теңгеге дейін пайда әкеліп, оның құрылысына жұмсалған қаражат өзін ақтапты. Қазір «Астана-Теміртау» тас жолын осы жүйеге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Яғни, күні ертең тас жолдағы әр басқан қадамыңыз үшін Үкімет ақшаны шытырлатып тұрып санап алады деген сөз.

    Жеті айдағы жұмысы бойынша президенттен жақсы баға алған Сағынтаевтың командасы жылды тағы қандай жетістіктермен аяқтар екен? Әйтеуір, қағаздағы жетістік пен шынайы өмірдегі жетістіктің арасы тағы да қабыспай жүрмесе жарар еді.   

"Рейтинг" газеті

 
Көрілді: 415
Жаңартылған: 10.08.2017 | 14:52
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат