Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Түймебаев Сайрам ауданына жаңа әкімді таныстырды

04.08.2017 | 14:20

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының  әкімі Жансейіт Түймебаев Сайрам  ауданының активіне  ҚР Президенті Әкімшілігі  мен аудандық мәслихаттың келісімімен  тағайындалған жаңа əкімді таныстырды. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оңтүстік Қазақстан облысы əкімінің өкімімен Сайрам ауданының әкімі болып Бақтияр Сапарәліұлы Мамаев тағайындалды.

Жаңа басшыны таныстыру сәтінде өңір басшысы лауазым иесінің жұмысына табыс тілеп, Сайрам ауданындағы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерудегі басшылықта Елбасы тапсырмаларын мерзімді әрі нәтижелі орындауды тапсырды. Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Самат Сапарбаевқа алғысын білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.

«Сайрам Шымкент қаласына іргелес жатқан аудан. Осы өңірдің экономикалық ахуалын жақсарту үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән берілуі керек. Ол үшін инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлерге қойлайлы жағдай жасау өте маңызды. Бұдан бөлек, ауданның сәулеттік инфрақұрылымдық дамуына да жаңа серпін қажет.  Аудандағы тағы бір өзекті мәселелерді бірі – жер телімдері. Мұнда жер телімдерін заңсыз иеленушілер көп. Бұл мәселені еліміздің заңына сәйкес толыққанды шешуді тапсырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.    Бақтияр Сапарәліұлы Мамаев 1969 жылы 1 маусымда туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі - еңбекке баулу және жалпы техникалық пәндерінің мұғалімі, заңгер, көлік бакалавры.

Еңбек жолын 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының  Қызылқия ауылдық кеңесінің хатшысы болып бастаған.

 1997-2012 жылдары аралығында Қазығұрт ауданы әкімі аппараты жалпы бөлімінің бас маманы, аумақты дамыту және кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы, Қызылқия ауылы округінің әкімі, «Қазығұртсу» мекемесінің директоры, Қазығұрт аудандық «Таза су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, Қазығұрт аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.

2012 жылдың наурыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары  лауазымын атқарып келді.

 
Көрілді: 506
Жаңартылған: 04.08.2017 | 14:23
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат