Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Өзбекстанда енді Каримовтың кіші қызына шабуыл басталды

04.08.2017 | 10:26

 

Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнар Каримова қамауда отыр. Өткен аптада Өзбекстанның Бас прокуратурасы таратқан осындай ресми мәлімет ел арасында үлкен таңданыс туғызды. Таңданбай көріңіз. Бұған дейін Гүлнар Каримованың Еуропада жүргені айтылды, тіпті оның көзін құртып жіберді деген әңгімелер де өрбіген болатын. Жоқ, енді белгілі болғандай, Өзбекстанның құзырлы органдары оны осы уақытқа дейін қамауда ұстап келген. Бұл тікелей сол кездегі президент, марқұм Ислам Каримовтың тапсырмасымен жүзеге асырылған сияқты. Гүлнардың былтыр қайтыс болған әкесінің жаназасында неге төбе көрсетпегені енді түсінікті болды.    

Жалпы президенттің қызының ісімен құзырлы органдар 2013 жылдан бастап айналыса бастаған. Осы жылы "Terra Group", "Prime Media", "Gamma Promotion" деп аталатын компанияларға қарсы салықтан жалтарды деген айып бойынша қылмыстық іс қозғалады.  Жіптің ұшы Гүлнар Каримоваға барып тірелген.

Туған әкесі теріс айналардай Гугуша соншалықты не бүлдірді? Бас прокуратураның таратқан мәліметіне қарағанда, Гүлнар қылмыстық топ құрып, кәсіпкерлердің бизнестерін күштеп тартып алумен айналысқан. Тартып алынған дүниелердің ішінде зауыттардың акциялары, пәтер, үй, көлік  бар. Бұдан бөлек Каримова құрған ұйымдасқан қылмыстық топ мемлекеттің қаржысын талан-таражға салған. Мемлекеттің иелігіндегі кәсіпорындарды арзан бағамен сатып алған, табысын жасырып, салық төлеуден жалтарған. Өзінің қылмысын жасыру үшін көптеген маңызды құжаттардың көзін құртқан.  Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған Гүлнар 2015 жылдың 21 тамызында Ташкент облыстық сотының үкімімен 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Яғни, айыпталушыға үкім Ислам Каримов қайтыс болардан бір жыл бұрын шығарылған. Құзырлы органдар мұнымен де тоқтамаған. Ары қарай қаузай отырып, президенттің қызына 1 триллион 942  миллиард сумға алаяқтық жасады, 2 миллиард долларға жуық шетел валютасын жасырды, заңсыз сауда-саттық жасады деген айыптар таққан. Қазір тергеушілер Гүлнардың шетел асқан қаржыларын қайтарумен айналысып жатыр.

Егер экс-президенттің қызына  тағылған айыптар дәлелденсе, сот оны бас бостандығынан айыру жазасына кесуі әбден мүмкін. Яғни, бір кездері дүниені жалпағынан басып, үлде мен бүлдеге оранған Гүлнар өмірінің біраз жылын темір тордың арғы жағында өткізуі әбден мүмкін.  Бұл нені білдіреді? Бір кездері ақпарат құралдарында Каримовтың бірден-бір мұрагері ретінде аталып жүрген Гүлнарды біржолата талқандауды ма? Асауды жуасытуды ма? Қалай десек те Гүлнар Каримованың тағдыры әкесінің атақ-даңқына мастанып, билікте те, бизнесте де тайраңдаған талай қызға сабақ болуы тиіс сияқты.

Өзбекстанда енді Ислам Каримовтың екінші қызы Лола Каримова-Тилляеваға қарсы шабуыл басталды. Жуырда елдің сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловқа бір топ азаматтардың жазған хаты ақпарат құралдарында  жарияланды. Онда қазіргі уақытта Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі қызметін атқарып жүрген Лоланың кейбір күдікті тірліктеріне тоқталыпты. Атап айтқанда, соңғы уақытта Лола өте қымбат кештерде, сән үлгілері көрсетілетін шараларда жиі бой көрсететін көрінеді. Бұдан бөлек ол өзінің брендімен  парфюмерия өнімдерін шығаруды қолға алыпты. Қысқасы, оның осындай сән-салтанаттан қолы босамайтынға ұқсайды. Хат иелері  «сонда Өөзбекстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілінің айналысатын басқа шаруасы жоқ па?» деген сауал тастайды. Лола қазіргі уақытта Лос-Анджелестегі құны 58 миллион долларлық үйінде тұрады екен.  

-Жуырда Тилляева шешесімен бірге біздің еліміздің бірінші президентінің ескерткіші туралы Мәскеу өкіметімен келіссөз жүргізді. Мұны қалай түсінуге болады? Сонда олардың дәрежесі үкімет мүшелерінен де жоғары ма? Осы ескерткішті жасайтын шеберлерді де үкімет өкілдері емес марқұм президенттің отбасы мүшелері анықтаған. Мұны қалай түсінеміз?-депті хат иелері.

Бір сөзбен айтқанда,  Өзбекстанда экс-президент Каримовтың отбасына қарсы шабуыл басталған сияқты. Бүгін Гүлнардың бар байлығын тәркілеп, өзін темір торға қамаған жаңа билік ертең Лоланы да аямауы әбден мүмкін.

«Рейтинг» газеті.

 
Көрілді: 581
Жаңартылған: 04.08.2017 | 10:47
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат