Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Он бірінші ақпанда Ай тұтылады...

10.02.2017 | 11:22

«...Өлтірілген Алтынбек ойымнан кетпейді.

Не үшін?

Ол елге жақсылық ойлады ғой. Және, ең алдымен, қазақтарға.

Оны өзінің қазақтары өлтірді.

Көңіл айтқан да – қазақ. Жоқтау жазған да – ақын-қазақтар.

Аз ба еді аққан қаның, төккен жасың?

Бітпеді-ау бақастық пен бақталасың.

Біріңді-бірің атсаң тыныш күнде,

Несіне ел-жұртпын деп мақтанасың?!

Бұл ащы жолдарды Тұрысбек Сәукетаев жазды. Дұрыс, әрине.

Сыртқы істер министрлігіндегі жылтырбет қазақ теледидардан топастықпен бөсіп тұр: «Сәрсенбаевтың қазасы Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтірмейді».

Ах, суайт! Ах, сужұқпас!

Барлық жерде арсыз, ұятсыз өтірік. Қара халықты өтірікке тойдырып жатыр...».

alteke3

Бұл – 2006 жылы 11 ақпанда Алтынбек Сәрсенбайұлы серіктерімен бірге оққан ұшқаннан кейін Герольд Бельгердің күнделігіне түскен жолдар. Неміс те болса, жаны қазақ Герағаның әрбір сөзі рас. Алтынбекті өлтірген – өзіміз. Сіз, мен, ол... бәріміз. «Сақтай алмадық» деген – көлгір сөз. Ақиқаты – өзіміз оққа байлап бердік. Ащы да болса, шындық осы!

Қоғамда елді елең еткізерлік саяси оқиға болған сайын неге Алтекеңді іздейміз? «Алтекең тірі болса, бұған жол бермес еді...», «Алтынбек болса, бүйтер еді, сүйтер еді...» деп. Жоқтайтын себебіміз – қазір Алтынбек Сәрсенбайұлының орнын толтыратын қайраткер жоқ.

А.Сәрсенбайұлының 2005 жылдың 29 қарашасында «Жас Алашта» жарияланған әйгілі мақаласы «Үштағанға» қайта-қайта айналып соға береміз. Неге? Өйткені, елдегі саяси жағдайға бірде-бір саясаткер немесе сарапшы «Үштағаннан» асып диагноз қоя алған жоқ. «Үштаған» сонысымен де құнды. Алтекеңнің өзі айтқан «азапты дилемма» – таңдау жасар қиын сәт жақындаған сайын «Үштағанды» астын сызып оқитын болдық.

Мақаланың өзегі – аты айтып тұрғандай, үштаған – Отбасы, Олигархтар және Айналасы. Бұл «Үштаған» бұдан бір мүшел уақыт бұрын да күшті еді, қазір тіпті монолитке айналғандай. Отбасы – Олигархтармен, Олигархтар – Айналасымен қан-жыны араласып, жымдасып, зорайып  барады. Өйткені, олар үшін шешуші сәт таяды.

Байқасақ, билік ауысатын кез жақындағанда пайда болатын жыртқыштық инстинкт «Үштағанның» да бойынан байқалады. Ал Оның төңірегі сәт сайын жалаңаштанып барады. Бейнелеп айтсақ, қанталаған сұғанақ көздер қас қарая жан-жағынан анталап, жылт-жылт етеді. Енді бір мезетте шибөрілер тап-тап беріп, бір кездері өздерін жемтікке жолатпаған кәрі арыстанның дал-дұлын шығарып талайтын Африканың саваннасын көз алдыға әкелетіндей.

Мұның да саясатта Алтынбек Сәрсенбайұлы тамыршыдай дөп басып қойып кеткен өз атауы бар. Ол –  Шибөризм!

«...Үштаған – ошақтың үш бұты сияқты, қазіргі режимнің тіректері. Бүгінгі президент сайлауы осы Үштағанның – Отбасының, Айналасының, Олигархтардың – мүддесіне қарай өткізілуде. Өткізіп жатқандар да солар. Әрқайсысы өз қамдары үшін. Бірақ әрқайсысы өз ойына келгенін істеуде. Өздерінің дүниетанымдарына қарай. Өздерінің мәдени өресіне, халыққа деген көзқарастарына орай. Қоғамға, елге қарым-қатынасына қарай. Қазақстанның қандай болатынын көргісі келетіндігіне қарай. Мәселен он, жиырма жылдан кейін».

Мақала жазылғалы он бір жылдан асты. «Үштаған» дегеніне жетуге жақын қалды. Олар он жыл бұрын Қазақстанның «бәз баяғы қалпында» қалғанын қалайтын. Әлі де солай. Ең бастысы – «халықтың өздеріне қолы жетпесе, үстемдікті жалтақтамай жүргізсе, халық мүддесіне қалай қызмет етіп жүргенін ешкім сұрамаса, есеп беруді ешкім талап етпесе» болғаны. Және солай болып қалды да! Арада бір мүшелге жуық уақыт өткеніне қарамастан!

«Біздің Конституциямыз бойынша президент мерзімінен ерте кеткен жағдайда, оның мұрагерінің сайлау өткізуі міндетті емес. Ол оның қалған мерзімін толық отырып шыға алады.

Сіз осылай болуы мүмкін емес деп ойлайсыз ба? Қанша парадокс болса да, әбден мүмкін...».

Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлденеге асығулы. Қайда асығады? 2020 жылдың сәуіріне дейін уақыты бар емес пе? Әлде «Үштаған» асықтыра ма? Конституция мүмкіндік береді екен, ендеше, мерзімінен ерте кетіп, мұрагеріне мүмкіндік жасап бергісі келетін шығар? Соңғы уақыттағы іс-әрекетіне қарағанда, осындай байлам жасауға болатын сияқты.

«Қазір олар назарбаевтық кезеңнен кейінгі жағдайға бәрін әзірлеп қойған. Саяси партиялары бар. Бұқаралық ақпарат құралдары қолдарында. Аналитикалық құрылымдары, банкілері сақадай-сай. Сатып алған элитасы, сөздерін сөйлейтін шығармашылық және ғылыми зиялылары іріктелген. Тіпті күзет құрылымдары түріндегі болса да, өздерінің қайрат қылар жасақтары әзір».

Президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейінгі кезеңге «Үштаған» әбден дайын. Мұндай мүмкіндікті қоғамның өзі жасап берген. Оларға адамның өзгергені аса маңызды емес, жүйе өзгермесе болды. Және өзгертуге мүмкіндік бермеуге жанын салады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы «Қазақстан – демократия мен авторитаризм будандасқан ел» деген мақаласында (abai.kz) былай дейді: «Елдегі саяси, әлеуметтік ахуал да халықты жалықтырды, бұқаралық ақпарат  құралдарына да сенім азайды. Күнделікті өмір мен БАҚ арасындағы көріністерде қайшылықтар көбейді. Шындығын айтсақ, президенттік биліктің ақпараттық ресурстары да сарқылып келеді».

Президенттік биліктің ақпараттық ресурсы сарқылып болған күні бәрін «Үштаған» өз қолына алады. Ақпараттық ресурсты толығымен қолына алды дегенше...

Билік транзиті жақындаған тұста түрлі кландар мен қаржылық топтар уақытша альянс құрады. Әркім өз «терісін» сақтап қалуы үшін. «Үштаған» да солай істеді. Олигархтар – Айналасына, Айналасы – Олигархтарға айналып шыға келді. Кімнің-кім екенін ажыратып болмайды. Бірін-бірі атарға оғы дайын болса да, сырт көзге тату көрінуге тырысады. Бұл «майданда» Олигархтар мен Айналасы әзірше ұтыста. Отбасы да ұпай жоғалтпаудың орайын табады.

Мұндай өліара кезде ұтылатын – халық қана. Өйткені қоғам өз таңдауын әлі жасаған жоқ...

P.S: Ғалымдар 11 ақпанда ай тұтылатынын айтады. Жер – Күн мен Айдың дәл ортасында қалып, соның әсерінен қанқызыл түске боялады екен.

Бәріміз жабылып Жаратқаннан сұрайықшы, Күн мен Ай енді ешқашан тұтылмасын деп. Бәлкім, жеті қат жоғарыға даусымыз жетер...

Ерік Рахым. 

 
Көрілді: 3956
Жаңартылған: 15.02.2017 | 10:55
Категориялар: Саясат, Саясаттағы басты жаңалықтар