Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Жармахан Тұяқбай оянды

Азаматтық кеңес мемлекетті халыққа қайтармақ

05.06.2014 | 14:17
Жармахан Тұяқбай оянды Сурет Азаттық радиосынан алынды

Мамырдың 31-інде Алматы қаласындағы «Қазақконцерт» залында бес сағатқа созылған жиын өтті. Оған республиканың түкпір-түкпірінен келген мыңға жуық азамат қатысты. Жиынның бет пердесін ашқан ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай  жемқорлыққа батырған  биліктің әлеуметтік саясатын, бар билікті қолына жинақтаған президенттің жасының ұлғаюын және халық пiкірін елемей Қазақстанды Кеден және Еуразия экономикалық одағына қосқанын сынады. Төралқада орын алған қайраткерлердің арасында Балташ Тұрсымбаев, Серікболсын Әбділдин, Зәуреш Батталова,  Евгений Жовтис, Ғазиз Алдамжаров, Оразалы Сәбден, Бақыт Түменовалар төбе көрсетті. Әрқайсысы көлемді баяндама жасады. Қазіргі экономикалық, әлеуметтік, саяси жүйені шамалары келгенше сынап, мәселені шешу жолдарын ұсынғандай болды. Жиынның хаттамасында «біз президенттік жүйемен қақтығысқа түсуді іздемейміз, бірақ оның айтқанына жүріп, астына түсуге пейілді емеспіз» деген пиғылдарын ашық көрсетті. Сондай-ақ, «бүгінгі оппозициялық күштерде ақша жоқ. Сол себепті әлсізбіз» деп сөз саптасты. Жалпыұлттық азаматық жиын соңы «билікке балама көзқарастарды ресми түрде жеткізетін» «Азаматтық кеңес» құрумен аяқталды.  Жармахан Тұяқбайдың сөзінше «Азаматық кеңесті» ресми тіркеуден өткізудің қажеті жоқ болып шықты.  Сонымен, ел аузында Жармаханның құрылтайы аталған жиын әйтеуір өтті. Ж. Тұяқбай осы құрылтайды өткізуді 2012 жылдан бастап айтып келе жатқан еді. Бірақ, көпшілік оның бұл сөзіне сенімсіздікпен қараған болатын. Себебі, 2005 жылғы президенттік сайлаудан кейін, 2006 жылғы Алтынбек  Сәрсенбайұлының қазасынан соң (ресми орындардың дерегенше, мемлекет қайраткерін өлтіруге  тапсырысты президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев берген) оппозициялық күштер ыдырап, Жармахан Тұяқбай үнсіз қалған болатын. Тіпті, 2012 жылғы президенттік сайлауға қайта түсіп, бағын сынауға да шамасы жетпеген еді.

Енді міне Ж. Тұяқбай президент жасының ұлғаюын айтып, мемлекетті халыққа қайтармақ ниетін байқатты. Ал, күнтізбе бойынша, 2016 жылы елде парламенттік, 2017 жылы президенттік сайлау өтуі тиіс. Алайда кейбір сарапшылардың пікірінше, әлемдегі түрлі жағдайларға байланысты алдағы жылдары Қазақстанның экономикасында айтарлықтай өсім болмайды. Сол себепті екі сайлау да мерзімінен бұрын өтеді-мыс. Дегенмен, кім қалай десе де, ұзақ уақыттан бері қалың «ұйқыға  кеткен» Жармахан Тұяқтай «оянды». 

 





Көрілді: 1584
Жаңартылған: 05.06.2014 | 14:27
Категориялар: Саясат
Белгі: caясат


Тақырыпты басқа мақалалар