Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Төңкерістер табиғаты

Төңкерістерге кінәлі АҚШ қана ма?

19.05.2014 | 09:07
Төңкерістер табиғаты Қарсылық

          

Түрлі-түсті революциялар мәселесі – тек ТМД елдерін емес, әлемнің басқа елдерін де көптен бері мазалап, дұрысы – алаңдатып келе жатқан мәселе. Лениннің революциялық  теориясында «жоғарыдағылар бұрынғыдай басқара алмайды, ал төмендегілер – бұрынғыша жасауды қаламайды, осыдан төңкерістің алғы шарты туындайды» деген қағидасы болатын. Ал қазіргі революциялар көбінесе сыртқы күштердің ықпалымен жүзеге асып жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда жалау әлемді «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстауға» әдеттенген АҚШ-тың қолында тұр. Түрлі-түсті революциялардың табиғаты мен қыр-сыры – бүгінгі әңгімеміздің арқауы болмақ.

         АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің «Америка 2004 жылдан бері Украина билігі мен украиндықтарды демократияландыруға 5 миллиард доллар қаржы жұмсады» деген мәлімдемесі бүкіл әлемді шарлады. Осылай АҚШ Украинаның «демократиялануына» жылына орташа 500 миллион доллардан қаржы бөліп отырған. 20 мыңнан астам «демократия белсенділері», басқаша айтқанда азаматтық қоғамның өкілдері АҚШ пен Еуропа елдерінде біліктілігін арттырған. "Украiнська правда"  газетінің (19/04/2013)  жазуынша, Украинада жалпы халықтың бестен бір бөлігі үкіметтік емес ұйымдардың мүшесі. Бұл, әрине, - өте үлкен көрсеткіш. Революцияшыл  қырғыз ағайындарда да азаматтық қоғам институттарының мұндай белсенділігі байқалмайды. Әрине, 5 миллиард доллар қаржыны игеру үшін көп ұйым қажет. Киев Майданындағы әсіре оңшылдар сол АҚШ-тың ақысын алып, Януковичтің легитимді билігінің боқысын шығарды емес пе?!

         Ал түрлі-түсті төңкерістерге қатысы жайлы Американың өзі не дейді. АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілдерінің  тұжырымына көз салайық

«Кейбір дереккөздердің пропагандасына сүйенсек,Құрама Штаттар биліктегі үкіметтерге қарсы түрлі-түсті революциялардың ұйымдастырушысы болып шықты. Бұл тұжырымдардың ешқайсысы бүгінгі күнгі немесе тарихи шындыққа сай келмейді. Аталған «түрлі-түсті революциялар» коррупцияға белшесінен батқан үкіметтердің сайлау нəтижелерін бұрмалап, халыққа өз көзқарасын еркін білдіруге мүмкіншілік бермеген елдерде орын алды». Бұл – АҚШ мемлекеттік департаментінің пікірі.

         Ресей билігі арнайы заң қабылдап, шет ел қаржыландыратын ұйымдардың тізімін алды. Президент Путиннің немістің ARDтелеканалына берген сұқбатында айтуынша,  654 ұйым соңғы айларда Батыстан 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде гранттық көмек алған. Бұл Ресей үшін де өте үлкен қаржы. Қазекең мұндайда «кімнің арабасына мінсең, соның жырын жырлайсың» демеуші ме еді. Елдегі үкіметтік емес ұйымдардың шеттен қаржылай көмек алуына шектеу қою – қазір бүкіл әлемде етек алған тенденция. «Демократия журналының» (Journal of Democracy , март 2013) «Funding Dissent: Restrictions on Aid to NGOs» зерттеуіне қарағанда, әлемнің 50-ден астам елі өздерінің  отандық ҮЕҰ шетелдік гранттарды алуға тыйым салды. Мұндай шараның Қазақстанда да қолға алынуы – әлемдік трендке сай жасалып отырған әрекет.

         Осы саланы зерттеп  жүрген сарапшылардың айтуынша, «Сорос» қоры, АҚШ-тың Ұлттық демократиялық институты, USAID, "Фридом хауз", "Интерньюс", Human Rights Watch (Американың құқық қорғау ұйымы) және тағы басқа да институттар түрлі-түсті төңкерістерді құпия немесе ашық түрде   қаржыландырып және ұйымдастырып келеді. Грузиядағы «қызғалдақ төңкерісін» ұйымдастырған Михаил Саакашвили мен оның әріптестері «Сорос» қорының қаржысына АҚШ-та білім алған жастар еді. Ресей баспасөзі оларды көпке дейін «соросята» деп атап жүрді.  

         Белорусь Президенті Александр Лукашенконы «Еуропаның соңғы диктаторы» дейді. Ол ұзақ жылдардан бері Еуропаның азаматтық институттармен жұмыс істейтін ұйымдарын өз еліне кіргізбей келеді. Елдегі қоғамдық ұйымдар да қатаң бақылау астында. Сондықтан болар А.Лукашенко мырза: "Әдетте сырттан келетін қауіп ел ішіндегілердің көмегі арқылы жүзеге асырылады. Бірақ біздің елде саяси төңкеріс не түрлі-түсті революция жасаудың келешегі жоқ"- деді.

         Саясатта «бесінші колонна» деген түсінік бар. Бұл термин - жаудың ел ішіндегі агенті, қолдаушысы, бүлік шығарып, елді арандатуға, азғыруға бейім күш дегенді аңғартады. Кей мемлекеттерде шетелден көмек алып, елдегі жағдайдың ушығуын көксейтін оппозицияны да «бесінші колонна» дейді. Соңғы кезде саяси сарапшылар шет елдерде, оффшорда қаржысы мен мүлкі, бизнес мүддесі бар шенеуініктер мен бай-бағландарды да осы «бесінші колоннаға» жатқызып жүр. Украина президенті Янукович отбасының шетелде үлкен қаржысының болуы – легитимді елбасын Герамания, Франция және Польша сыртқы істер министрлерінің «айтқанына көніп, айдауына жүріп», кезектен тыс сайлау өткізуге келісуіне мәжбүр етті... Қай мемлекет болсын сол бесінші колоннаның ықпалына түсіп қалмауды ойлағаны жөн.

         Түрлі-түсті төңкерістің факторлары көп және саналуан. Бұл тұрғыда қазаққа кергі ауыз біршілік!  Және төңкеріске ұрынбау үшін жемқорлықты жойып, азаматтық қоғам қалыптастырып, сайлау жүйесінде елдің сенімін арттыру шарт деп ойлаймыз.   

СЕЙІТ ИМАТОВ

Көрілді: 3107
Жаңартылған: 21.05.2014 | 14:14
Категориялар: Саясат, Саясаттағы басты жаңалықтар, Әлем
Белгі: Төңкерістер