Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

"Әйелді ұру" жайлы уағыз дау тудырды

08.01.2018 | 09:11

Әлеуметтік желіде видеосы тараған "әйелді ұру" туралы уағызды көпшілік сынға алды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі "ескі" бейнетаспада "жеке адамның көзқарасы" айтылған деп түсіндірді. Әйел құқығын қорғаушы белсенді мен заңгер даулы уағызды "теңсіздік пен зорлық-зомбылықты насихаттау" деп бағалайды.

 

УАҒЫЗ ТҮРТКІ БОЛҒАН ПІКІРІТАЛАС

 

Жаңа жылдың басында Facebook әлеуметтік желісінде "әйелді денесіне жарақат салмай ұруға болатыны" туралы қазақша уағыздың видеосы жарияланысымен қолданушылар арасында қызу пікірталас туды. Бірнеше күннің ішінде 450-ден астам адам әлгі видеомен парақшаларында бөлісті. Қолданушылардың көпшілігі видеода айтылған уағызды сынға алды.

Кей қолданушылар дау туғызған видеоның бұдан бірер жыл бұрын YouTube желісінде жариялағанын, ондағы Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне сілтеме жасап сөйлеген адам – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі болған, қазір Алматыдағы "Нұр Мүбəрак" университетінде қызмет істейтін Ризабек Батталұлы деп жазды. Видеодағы айтылған жайтқа байланысты пікірін сұраған Азаттық тілшісіне Ризабек Батталұлы комментарий беруден бас тартты.

Бейнероликте көпшілік алдында сөйлеп отырған адам: "Жарақаттап, дене мүшесінің бір жерін сындырып алмайтын деңгейде әйелді ұруға шариғатта рұқсат етілгені", әйелдің "желкесінен қатты қысып қоюға" болатыны және "ата-бабаларымыз әйелдерге сес көрсетіп, керек кезінде "жөнге салу" үшін үйге қамшы іліп қойғаны" туралы айтады. Видеоның соңғы жағында уағызшы жамағатты әйел затын ұруға шақырып отырмағанын, "ол әлсіз еркектің әрекеті" екенін де ескертеді. "Ең мықты ер – ұрып-соқпай өзін сыйлата білген адам" дейді ол.

 
Көрілді: 6845
Жаңартылған: 09.01.2018 | 22:37
Категориялар: Құбыла, Басты жаңалықтар