Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖЕРЛЕУГЕ ДЕ КЕЛІП ЖЕТТІ. Пантеон ба, VIP-мола ма?

08.06.2017 | 11:18

Мамырдың соңында Астанадағы Ұлттық пантеонға қатысты үкіметтіңқаулысы шықты. Құжат бойынша пантеон – өмірден озған көрнекті мемлекет қайраткерлерін, ғылым, мәдениет өкілдерін және Қазақстанның дамуына үлес қосқан адамдарды мәңгі есте қалдыру үшін жерлейтін мемориалдық маңызы бар орын. «Пантеоннан кімдерге топырақ бұйырады?» деген сұрақәлеуметтік желіде әбден талқыланса да, әлі иі қанған жоқ.

Қаулы бойынша Ұлттық пантеонға Қазақстан Республикасының  президенттері мен олардың отбасы мүшелері, Премьер-министрлер мен олардың орынбасарлары, Парламент палатасының төрағалары мен олардың орынбасарлары, мемлекеттік хатшылар, президент әкімшілігі жетекшілері, Конституциялық кеңес төрағалары, Жоғарғы сот пен Ұлттық банк төрағалары жерленеді. Бұлардан бөлек министрлер мен облыс, қала әкімдері, «Халық қаһармандары», бірқатар орден, медаль иегерлері, ғарышкер-ұшқыштар және осы пантеонға жерленген тұлғалардың кейінірек өмірден озған жұбайлары жатуы тиіс.

Осы қаулыда бір тармақ бар. «Өзге азаматтар ҚР Президентінің айрықша шешімімен ғана пантеонға жерленеді» деген. Мұның қандай айрықша шешім екені, қандай жағдайда шығарылатыны әзірге белгісіз. Қаулы мамырдың 29-ында жарияланды. Жарияланғаннан он күннен кейін қолданысқа енеді. Яғни бүгіннен бастап...

Ұлттық пантеон салынатыны туралы дерек жұрттың құлағына 2013 жылдың соңында жетті. Сол кезде Үкімет пантеон құрылысына 1 миллиард теңге бөлетінін мәлімдеген. Бұл қаржы инженерлік жүйеге, жолдарға және адам жерленетін орындарға жұмсалатыны сөз болды.

photo 148379

Биыл қаржы министрді Бақыт Сұлтанов пантеон салуға қосымша екі миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінетінін айтты. Алайда бұл қаржы пантеон құрлысының қандай фазасына жұмсалатынын министрдің өзі де білмейді. Әзірге Ұлттық пантеон салуға бюджеттің қанша қаржысы шығын болатыны белгісіз. Кейбір ақпарат көздері пантеон салуға 1000 гектар жер бөлініп, 79 миллиард теңге жұмсалатынын хабарлаған.

«Қазаққа пантеон керек пе, жоқ па?» деген сұрақтың мәні кете бастады. Өйткені керек болса да, болмаса да пантеон салынады және оған бюджеттің қыруар қаржысы шығындалады. Бұл мәселеге қатысты депутаттардың пікірі екіге жарылған. Мәселен, Мәжіліс депутаты Мұрат Ахметов БАҚ-қа берген сұхбатында былай деген: «Исламда пантеон деген жоқ. Патшаны да, жарлыны да бір молаға көмеді. Сондықтан,айтулы тұлғамен дұрыстап қоштасу дегенге келсек, ең бастысы – ол адам туралы халықтың жүрегінде қалған ұмытылмас естелік. Пантеонды талқылап, жоспарлап жатыр. Менің жеке пікіріме келсек, пантеонның қажеті жоқ».

Пантеонға кімдердің жерленетіні туралы Үкімет қаулысын қайта-қайта қарасақ та, тізімнен депутаттар мен сенаторларды таппадық. Соған қарағанда, депутаттар мен сенаторлардың кейбірі Үкіметке өкпелі болуы да мүмкін ғой. Ендеше, өкпелілер пантеоннан үмітін үзбеуіне болады, өйткені «президенттің айрықша шешімі» бар.

Қазақы ұғымға салсақ, пантеон – Қожа Ахмет Яссауидің мавзолейі. Ол жерде хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер жерленген. Уикидепияға сенсек, кесенеде жүзден астам тарихи тұлғалар жатыр. Міне, біздің түсінігіміздегі пантеон – осы.

Жалпы пантеон деген не өзі?Көне грек тілінен аударғанда пантеон – ғибадатхана немесе құдайларға арналған орын дегенді білдіреді. Римнің атақты пантеонын біздің заманымыздың ІІ ғасырында император Адриане салдырыпты. Содан бері «құдайлар ғибадатханасы» туристер ең көп баратын тарихи орынға айналған. Бұл пантеонда Италияның бірқатар атақты адамдары жатыр. Міне, пантеонның қысқаша анықтамасы осындай. Енді өзіміздің «ғибадатханаға» келейік.

«Ұлттық пантеоннан кімдерге топырақ бұйырады?» деген сұрақтың жауабына бәйге жариялар болса, жүлдені Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев және саясаткер Әміржан Қосанов өзара бөлісетін еді.

А.Мұхамедиұлы былай деді: «Түрлі пікір бар. Кейбіреулер театр салуға болмайды, пантеон болмайды деп жатыр. Енді біреулер баланы үйде тәрбиелеуге болса, балабақша салудың қажеті не дейді. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Францияда жұрт Наполеон жерленген жерге барады. Әлемдегі жеті кереметтің бірі Тәж Махалды білесіздер. Біз не үшін Ұлттық пантеон саламыз? Жекелеген тұлғалар үшін. Жүз жыл өтсе де, халық өз қаһармандарының қайда жатқанын білуі керек».

«Пантеонға жату бизнеске айналып кетпей ме?» деген сұраққа министр бүй деп жауап берді: «Бұл жерге ақшасы көптер ғана жерленеді деуге болмайды».

Министрдің сөзінен түйгеніміз, Астанада ұлттық пантеон әлемнің сегізінші кереметі атанудан үмітті, ақшасы көптер де мұнда жата береді және Наполеондікі секілді «бас кесене» де белгілі.

Ақпарат министрі Дәурен Абаев бұл жөнінде не деп еді? «Қазақстанның кез келген азаматы бұл пантеонға жерлене алатынына толық сенімдімін. Бұған ешқандай кедергі көріп тұрғаным жоқ» деді ақпарат министрі.

Сонда министрдің сөзінен кейін «Пантеонға жерленуге мүмкіндігіміз бар екен!» деп бөркімізді аспанға атып қуануымыз керек пе?..

Енді оппозициялық саясаткер Әміржан Қосановтың сөзіне құлақ салып көріңіз:

«Пантеон – жалғыз, қорым – көп,

Шешім шықты – көңіл тоқ:

Оппозиция болсаң сен –

Пантеоннан орын жоқ!

P.S. Тіріңде шенеунікпен жақсы болмасаң, өлгенде де олармен бір қорымда жатпайсың...»

Ал енді осы үш үміткердің ішінен бас жүлдені кімге ұстатуды өзіңіз шешіңіз, құрметті оқырман.

Бұрын Ресей не істесе, біздің шенеуніктер соны айнытпай қайталайтын. Бір қызығы, енді пантеонға қатысты Ресей бізден көргенін жасамақ. Ресейдің мәдениет министрі Владимир Мединский мамырдың 24-і күні «Известия» газетіне мақала жазып, былай деді: «Қаһармандардың ұлттық пантеоны әр елде бар. Ол жоқ болса тарих та жоқ, ұлт та жоқ. Біздің заманымызда бұл – өте маңызды мәселе. Ресейге де пантеон керек...»

Көрнекті жазушы Герольд Бельгер өмірден озарында «Кеңсайға қойыңдар» деп аманат айтыпты деседі. Аманат орындалды. Жазушыны Кеңсайға жерлегені сол екен, «Бельгер мұсылман емес», «Кеңсайға қою – қате» деген «пәншілдер» көбейді.

Астанадағы Ұлттық пантеонда мұсылмандармен қатар өзге дін өкілдері де қатар жатады. Мұны қайтеміз? Осы мәселеге қатысты белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы былай деген: «Ұлттық пантеон құрылысына қыруар қаржы бөлініп жатыр. Ол жағына мен араласпай-ақ қояйын. Бірақ мәселенің дін маманы ретінде мен араласпасам болмайтын тарабы бар. Пантеонда мұсылмандар мен өзге дін өкілдері бөлінбеген. Қатар жерленеді. Бұл шариғатқа да, қазақ дәстүріне де қайшы. Ғұламалар басқа дін өкілдерінің зиратына жерленген мұсылманды қайта жерлеу керектігін айтқан. Мұның алды алынбаса, болашақта діни дүрдараздыққа, тіпті ұлтараздыққа себеп болуы мүмкін. Ертең басқа дін өкілдерінің әруағына құрмет ретінде зират басында арағын ішіп, шариғатқа қайшы түрлі әрекеттерін жасап жатқанын көрген мұсылман баласы қандай күйде болуы мүмкін?!».

P.S.Қазақта Ұлттық пантеон бұрыннан бар – Қожа Ахмет Яссауидың Түркістандағы кесенесі.  Ендеше, әр нәрсені өз атымен атаған жөн шығар. Егер бұған келіссеңіз, Астанадағы «Ұлттық пантеонды» да өз атымен атайық, VIP-мола деп... Жаман айтпай жақсы жоқ, Президенттің айрықша шешіміне ілінгендер  мен айрықша тізімде тұрғандар істі болып жатса оларды пантеонға көмбеудің алдын алуға болар,  масқара болғанда өлгеннен кейін ауыр айыптары ашылып қалса ше, көрін қопарып қайта шығарып тастауға тура келе ме сонда?..

Ерік Рахым,

«Рейтинг» газеті №22, 8 маусым 2017 жыл

 
Көрілді: 1017
Жаңартылған: 08.06.2017 | 11:31
Категориялар: Құбыла, Басты жаңалықтар