Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Еліміздегі қоғамдық орындарда намазханалар қайта ашылатын болды

04.04.2017 | 10:51

Жуырда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі намазханаларға қойылатын талаптарды қайта қарап, ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде (үй-жайларда) орындалатын діни іс-шараларға қатысты нұсқаулықтың жаңа редакциясын әзірледі.

Осы нұсқаулықтағы басты жаңалық ретінде үй-жайлардың мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерден 300 метрден кем емес қашықтықта орналасуына қойылған бұрынғы тыйымның күшінің жойылғанын айта кеткен жөн. Өйткені, бұл талап бүгінгі елді-мекендердің орналасу ерекшеліктеріне жауап бере алмайды.

Нұсқаулықтың жаңа редакциясында темір жол және автовокзалдарда, әуежайлар мен порттарда, яғни адамдар еріксіз түрде ұзақ уақыт болатын орындарда діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ашуға қойылған тыйым алынып тасталды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діндар азаматтардың қоғамдық орындарда емін-еркін құлшылық етуіне мүмкіндік туғызатын бұл қадам дер кезінде қабылданған шешім деп санайды. Өйткені, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жер-жердегі мұсылман жамағаты тарапынан намазханаларды қайта ашу туралы өтініш-тілектер келіп түскен.

Мемлекетіміз діндар қауымның сұранысы мен өтінішін басты назарға алып, барша ұлтты бірлік пен игілікке үндеген саясаттың зайырлы қағидаттарын ескеріп, намазханалардың қайта ашылуына мүмкіндік туғызып отыр.


Дереккөзі: http://Stan.kz

 
Көрілді: 589
Жаңартылған: 04.04.2017 | 10:53
Категориялар: Құбыла, Басты жаңалықтар