Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Діни басқарма суррогат аналарға қатысты үкім шығарды

26.01.2017 | 14:57

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына келіп түскен көптеген сұрақтар мен өтініштерге байланысты Ғұламалар Кеңесі құрсақ ана болудың шариғи үкімін берді деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап NUR.KZ.

"Құрсақ ана (суррогат ана) қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл әдіс бойынша ерлi-зайыптылардан алынған аталық ұрық пен аналық клетканы арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, құрсақ ана (суррогат) қызметiн ақылы немесе ақысыз түрде атқаруға ризашылығын бiлдiрген бөтен әйелдiң жатырына салады. Мұндай жолмен бала табуға шариғатта рұқсат жоқ", - деген діни басқарма бұның себебін жіктеп айтып берді.

 

1. Ер кісі мен құрсақ ананың арасында неке жоқ. Шариғатымызда «некемен туылған бала» деген мәртебеге ие болу үшін оның ата-анасы болып табылатын ер мен әйелдің арасында шариғи тұрғыдан некенің рүкіндері мен шарттары толық орындалуы тиіс. Алла Тағала Құран Кәрімде «Нахыл» сүресінің 72- аятында: «Алла Тағала өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратты. Жұбайларыңнан сендерге балалар, немерелер нәсіп етті. Сондай-ақ сендерді тап-таза нәрселерден ризықтандырды. Осылай бола тұра олар жалғанға сеніп, Алланың нығметіне шүкірсіздік ете ме?" – деп баяндайды.

2. Әйел жатыры сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамды мүбах заттардың санатына жатпайды. Шариғатта кейбір заттар, мәселен, тағам түрлері, сусындар, киім, көлік, баспана, кітап, бау-бақшалар, т.б. сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамды саналады. Осы заттарды сатуға, жалға беруге, садақа етуге, сыйға тартуға болады. Ал кейбір дүниелер сауда- саттыққа, алыс-беріске рұқсат етілмейді. Мәселен, әйелдің жыныстық қалауын тек некелі күйеуі ғана жүзеге асыра алады. Күйеуі өзіне жүктелген істерді өзге ер кісіге беруіне болмайды. Сол секілді, әйел де күйеуінен өзге ер кісіге осы істерді (яғни күйеуіне ғана шектелген істерді) садақа етуіне, жалға беруіне, сатуына ақысы жоқ. Әйелдің бүкіл тәні, жатыры күйеуінен басқа ер кісіге харам болғандықтан жатырын жалға беруге, сатуға рұқсат етілмейді.

Егер әйелге жатырын сатуға немесе жалға беруге рұқсат етілсе, бала өз тегін білмей, оның әкесі де: «Мынау менің балам», – деп айта алмас еді. Тексіздікке алып баратын мұндай ерсі, сөкет істі шариғат еш уақытта құптамайды.

3. Некелі ерлі-зайыптылардың бала сүю құқығы. Бала сүю – ерлі-зайыптылардың ортақ нығметі. Әйелі күйеуінің рұқсатынсыз «бала көтермеймін» деп айта алмайды. Себебі, бала сүю күйеуінің де құқығы. Тек жүктілік әйелдің денсаулығына зиян келтіретін болса ғана бала көтермеуге рұқсат етіледі.

Үкім:

Ерлi-зайыптылардың аталық ұрығы мен аналық жұмыртқа жасушасын арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, оны құрсақ ана қызметін атқаруға ризашылығын білдірген бөтен әйелдің жатырына егуге тыйым салынады.

Әйел жатыры өзгеге жалға да, ақысыз да берілмейді.

 
Көрілді: 776
Жаңартылған: 26.01.2017 | 15:04
Категориялар: Құбыла, Басты жаңалықтар