Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Екпе егу ислам үшін харам емес

14.11.2015 | 12:28
Екпе егу ислам үшін харам емес

 

Елімізде бала дүниеге келгеннен бастап 16 жасқа шейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салдырылады екен. Әрине бұл екпелердің көбісі ерікті, ішіндегі бірқатары міндетті болып келеді. Десе де, вакциналық екпе егуге байланысты қазіргі қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Екпеге қарсы отбасылар да көбейген. Бұл мақалада екпені Ислам шариғатының бейтарап ұстанымын ортаға салуды мақсат тұттық.

Вакциналық екпе егуге Ислам шариғаты мамандары қарсы емес. Соның ішінде біздің елімізде де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша 2015 жылдың 25 мамыр айында құрамында этилдік спирті бар дәрі-дәрмектерді қолдануға болады деген үкім берген. Сонымен қатар, Мысырдағы әл-Азһар Ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам Конференциясы Ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі ғұламалары, Марокко мен Сауд Арабиясы корольдігінің ғалымдар кеңесі түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін вакцинациялық екпеге жүгінуге болады деп пәтуа шығарған.

Аталмыш ресми діни мекемелердің ғалымдары мәселеге байланысты діннің екі негізінің бірі – хадистерге де жүгінген. Хадисте Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім де кім таңертең «ажуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол сиқырдан және уланудан аман болады», - дейді. Бұл құрма уланудан адамды қорғайтын болса, демек ол адам иммунитетін күшейтетін дәрумендерге бай болғандығы. Екпені де түрлі вирустардан сақтану үшін, адамның иммунды әлеуетін көтеру мақсатында егеді.

Сауд Арабиясы қажылық сапарына аттанатындарды менингитке қарсы екпе алуға міндеттейді. Әлемнің өзге мұсылман елдеріндегі ғұламалар карольдіктің бұл талабына қарсы емес. Бір жағынан бұл вакцинаның құрамында діни тұрғыда қолдануға тыйым салынған заттар жоқ. Орайы келгенде айта кететін жайт: вакциналық екпенің құрамында шариғат бойынша харам деп есептелетін спирт, доңыз және басқа да еті желінбейтін жануардың еті, майы, қаны және т.б. заттар болмауға тиіс.

Сондай-ақ, пайғамбарымыздың дүние есігін жаңадан ашқан нәрестеге қатысты жасалатын сүннеттеріне қарайтын болсақ, қазіргі күннің екпесіне ұқсас амалды көруге болады. Ол да болса «тахник» сүннеті. Яғни нәрестенің әкесі немесе ізгілер қатарынан деп саналған бір кісі өзі шайнаған құрманың сөлін алып баланың таңдайына жағып, ары-бері жүргізеді. Үлкен адамның сөлінде аз мөлшерде микробтардың болатындығы белгілі. Осылайша түрлі микроб-вирустарға қарсы иммунитеті жасанды түрде (қолдан) күшейтіледі. 

Осы орайда Сириялық ғалым Мухаммад Ротиб ән-Нәбулсидің сөзімен бөліскім келіп отыр. Ол кісі дәрістерінің бірінде адам иммунитетінің жұмыс істеу жүйесін түсіндіреді. Иммунитет ерекше қызық жаратылыс екен. Оны аурумен күресуде бес топтан тұратын әскерге ұқсатуға болады. Бірінші топ дененің вирус, микроб түскен жеріне барып, вирустың кодын алып, антивирус жасайтын екінші топқа әлгі кодты табыстайды. Екінші топ сол код бойынша қарсы қару жасайды. Үшінші топ сол қарумен барып вирус түскен жерде шайқасады. Ең қызығы иммунитеттің мәліметтер сақтау қоймасында әр бір адам денесіне түскен вирусқа жеке папка ашылады. Ішінде вирустың коды және оған қарсы қару. Әлгі вирус отыз жылдан кейін қайта түссе папкада сақтаулы тұрған код бойынша қарсы қару іске қосылады. Егер иммунитетте осы есте сақтау қабілеті болмағанда екпе егудің түкке де пайдасы болмас еді. Мұны білген адам екпені де түсінеді деп сенемін. 

Біздің ағзамыз жұқпалы ауруларға екі жолмен қарсы тұра алады.

Оның біріншісі – белгілі бір ауру түрімен ауырып, жазылып кету. Бұл кезде біздің ағзамыз әлгі ауруды есінде сақтап қалады да, ендігіде сол дертпен қайта ұшырасып қалса, организм арнайы антитела дейтін бөлшектерді бөліп, адам ол аурумен ауырмайды. Алайда, бұл ауырлау жол. Егер, ағза дер кезінде әлгі антителаларды бөлмесе, адам мүгедек болып қалуы немесе дерті өліммен аяқталуы мүмкін. Мәселен, сіреспе ауруын тудыратын бактериялар болады. Ол адам организміне енген бойда, өте улы токсиндерді шығара бастайды. Бұл у  адамның жүйке жүйесін әсер етіп, науқастың аяқ-қолы сіресіп, тыныс ала алмай қалады. Сіреспе ауруымен ауырған әрбір 4-ші адам өледі.

Екінші жол бар – ол екпе жасау. Адамның азғасына әбден әлсіреген немесе жартылай өлтірілген аурудың бактериялары егіледі. Мәселен, түберкулезге қарсы егілсе адам, ол кісі ауырмайды. Бірақ ағзасы өкпе құртына қарсы антитела өндіріп шығара бастайды. Адам болашақта түберкулезбен ауыратын кісімен ұшырасып қалса да, ауырмайды. Мұның сыры неде дейсіз бе?

Әлгі жартылай өлтірілген бактериялар, адам ағзасына егілгенде, дене оларды тірі ауру деп қабылдайды да, көп көлемде сол аурумен күресетін бөлшектерді жібереді. Әлгі бөлшектер, жартылай өлген бактерияларды әп-сәтте жәукемдеп тастайды. Әлсіз ауруды жеңіп, біраз тәжірибе алған, күшейіп алған антитела, адамның денесінде мәңгілікке қалады. Бұл бөлшектер бар кезде, адамға ауру қауіп төндіруден қалады.

Қасиетті Құранда һәм пайғамбарымыздың сүннетінде вакцинацияға анық тиым салынбаған. Керісінше, аурумен күресудің бұл тәсілін қолдаған көптеген дәлел-дәйектерді табуға болады.

Осыдан 16 ғасыр бұрын өмір сүргендер, бүгінгінің адамдары ауырып жатқан дерт-науқасты білмейтін. Себебі қазіргі аурулардың көбісінің пайда болуына нашар экология, қоғамдық көлік, қоғамдық тұтыну орындары себеп болып жатыр.

Құран мен пайғамбар сүннетінде – аурудың алдын алуға қатты көңіл бөлген. Тиісінше, вакцинацияға қарсы тараптың шариғаттан алдық деп, келтіріп жүрген дәлелінің барлығы бос сөз.

Медицина ғылымындағы соңғы жетістіктер талай жылғы тәжірибенің арқасы ғана емес, бұл Алланың өз құлдарына жасаған қамқорлығы:

«Егер мен ауырсам, Ол (Алла) мені аурудан айықтырады...» (Құран 26:80)

«Алла барлық ауруға шипаны қосып жаратқан» (Әбу Һурайрадан жеткен хадис) Ал имам әл Бухари мынадай хадистің барын айтады: «Медицина аурудан айығуға көмектесер құрал». Тағы бір хадис бар: «Ауруды жаратқан, сол ауруға емді де қоса жаратқан еді», бұл хадисті де Әбу Һурайра жеткізіпті бізге. Мұнан да бөлек, сахих хадистердің барлығында, ауру бар болса, сол аурудың емі де бар деген сөздер айтылған. Сондықтан да, адамның өміріне медицина араласпауы (вакцинацияны қоса айтып отырмыз) керек деген сөз, барып тұрған антұрғандық, адасу.

«Алапеспен ауыратын адамнан арыстаннан қашқандай қаш» (Әбу Хурайра жеткізді). Егер, осы хадисті жақсылап оқысаңыз, аурудың алдын алуға, жұқпалы дертке шалдықпаудың бар қамын жасауға шақырып тұр. Хадисте: «Белгіленген тағдырың орнауы үшін, алапес адаммен отыр» делінбеген. Дәл осындай тағы бір хадис Усама ибн Зайд жеткізеді; «Қандай да бір жерде жұқпалу ауру тарады дегенді естісеңдер, ол жаққа бармаңдар. Егер оба ауруы сендер тұрған жерде тарай бастаса, ол жерде кетпеңдер». Бұл хадисте – аурудан абайла және ауру басқа жаққа таралып кетпесін деген ескертулер жатыр. 

                Дана халқымыз айтып кеткеніндей «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» - демекшіміз.

М. Халықов,

 Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің бөлім басшысы, дінтанушы.

 
Көрілді: 1608
Жаңартылған: 12.11.2015 | 12:31
Категориялар: Құбыла, Құбыладағы басты жаңалықтары, Басты жаңалықтар