Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Жақсылық Досқалиев: Дене мүшем донор болуға жараса таратып беруге дайынмын

21.06.2017 | 16:29

Ақтөбеге келген трансплантация бойынша ұлттық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев бес жыл бұрын өзі куә болған оқиғаны айтып берді. Дәрігер миы өлген анасының жұмыс істеп тұрған жүрегін басқа адамға беруге рұқсат берген жігіттің алдында бас иді.

 «2012 жылы бірінші рет жүрек ауыстыру отасы жасалынды. Миы өлген адамның жүрегі алынды. Мен әлі күнге дейін осы отаны жасауға рұқсат берген ол кісінің баласының алдында басымды иемін. Ол әйелдің баласы басқа адамның өмірін құтқарып қалу үшін анасының жүрегін алуға рұқсат берді. Қазір 5 жыл өтті. Жүрек ауыстыру отасы жасалынған адам өзін жақсы сезінеді», - деді трансплантация бойынша ұлттық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев.

Досқалиев мәйіттік донор отасына қатысты Ақтөбеден шыққан шуға арнайы келген болатын. Байғанин ауданында ауыр соққыдан қайтыс болған жігіттің екі бүйрегі Ақтөбеде бүйрек ауруының ауыр дертімен кезекте тұрған екі әйел адамға салынды. Отадан кейін өлген жігіттің туыстары қарсылық танытып, шу шығарған болатын.

Қазақстанның бас трансплантологы өлген адам дене мүшесін алуға қарсылық танытып, арнайы хат қалдырмаса, ел заңы бойынша мәйіттік донорда туыстарынан рұқсат алынбайтынын түсіндіріп берді. Сонымен қатар, дәрігер өзінің дене мүшесі донор болуға жараса, таратып беруге дайын екенін айтты.

 

«Мен өзім құжатқа қол қойдым. Бүгін өлсем де ағзамды беремін. Өзімнің ауруханамда рұқсат еткеніме қатысты ақпарат тастадым. Қазақстанда тірі адамдар мен жануарлардың донор бола алатыны заңда көрсетілген. 2012 жылы 63 адам донор болса, 2016 жылы 248 адам донор болуға келісім берді. Донордың жақын туысқаны болуы міндетті емес», - дейді Досқалиев.

Ақтөбеде миы өлген жігіттің туыстары бүйректі алу туралы өздерінен рұқсат алынбады деп дәрігерлерді сотқа берген болатын. Қазаға қайғырып көңіл айтқан Досқалиев өлген жігіттің туыстарының үйіне баруға дайын екенін айтты.

Дәрігер журналистердің алдында өлген адамды донор ретінде пайдалануда қылмыстық белгілер жоқ екені түсіндірді.

 

Дереккөз: nur.kz

 
Көрілді: 4193
Жаңартылған: 21.06.2017 | 16:38
Категориялар: Өз сөзім, Басты жаңалықтар