Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Балташ Тұрсынбаев ЖСДП туралы: «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады»

07.06.2017 | 15:50

Белгілі саясаткер Балташ Тұрсынбаев Juldyz.kz сайтының тілшісі Қанат Тілеуханға сұхбат беріп, қоғамдағы жағдайға байланысты біраз жайтты ашық айтыпты.

Астанада салынуы тиіс Ұлттық пантеонға жерленетін адамдардың тізіміне қатысты саясаткер былай дейді: «Тізіммен танысқанда ашуландым. Президент тірі. Отбасы аман-сау. Премьер-министр де, оның орынбасарлары да, тізімдегі басқа азаматтар да дін аман. Тірі жандарға «өлсеңдер, жерленетін жерлерің мынау!» деген әңгіменің қажеті қанша? Аруақтарға жасалатын тағзымды тірі кезінде жасауға көшіп кеттік пе, енді? Тіпті олар өліп қалған жағдайда көмусіз қалмайды ғой. Ел-жұрты, артында бала-шағалары бар дегендей. Мұсылманша жаназаларын шығарып, ақымға қояр... Нұрсұлтан Әбішұлы билікте емес, зейнетке шығып демалыста жүрсе, о дүниені ойлауына болар. Ол кісі ел басқаруға шамам бар деп билікті бермей отыр емес пе?! Демек ел басқарып отырғасын мемлекет мүддесін ғана ойлауға тиіс. Ертең өліп қалсам не болады деп неше түрлі тізім жасатудың не керегі бар? Өлсе тарих та, халық та өз бағасын береді».

jarmak

Балташ Тұрсынбаевтың Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) белді мүшесі екені белгілі. Партияға қатысты Б.Тұрсынбаев сұхбатында былай дейді: «Біздегі саяси ұйымдар «Нұр Отанның» филиалдарына айналғаны қашан. «ЖСДП ғана жалғыз оппозициялық партия» дейді кейбір азаматтар. Ол қандай оппозиция?! Мен де сол партияның мүшесімін. Бірақ менің ЖСДП-ға көңілім толмайды. Партия қатарынан шығамын ба деп ойланып жүрмін. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» деген қазақтың мақалы бар. Ісі жоқ, құры сайрап отырған партия қалай оппозиция болады?».   

 
Көрілді: 1342
Жаңартылған: 07.06.2017 | 15:55
Категориялар: Өз сөзім, Басты жаңалықтар