Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Жемқорлықпен күрестің имитациясы

03.06.2017 | 12:19

Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «қызық» сауалнама жүргізді. Саулнаманың қызығы тақырыбында тұр: «Қай ведомствода жемқорлық көп?».

Нәтижесін айтпай-ақ біліп отырған шығарсыз, құрметті оқырман. Әрине, бірінші – ішкі істер саласында, екінші – кеденде...

Дәл осы сұрақты ҰБТ тестісіне кіргізсе, кеше ғана мектеп бітіріп келген түбітиек бозбала да жауабын жаңылмай табар еді. Ал енді осыншама оңай сұраққа бола білдей бір департамент несіне алтын уақытын сарп етті деген заңды сұрақ туады. Бұған департамент басшысы Айгүл Байханованың жауабы дайын екен.

«Бұдан бөлек біз мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатын түсіндіру жұмысын жүргізіп, халықтың жемқорлыққа қарсы сауатын ашумен айналысамыз. Ол үшін плакаттар іліп, парақшалар таратамыз. Сингапур де дәл осылай істеген, олардың қолынан келді. Әр адам «пара берме, пара алма» деген ескертуді әрдайым көреді. Оңға бұрылса да, солға бұрылса да – көретіні сол. Менің ойымша адам түйсігінің бір нүктесін соққылай берсе, түсінік пайда болады» дейді Айгүл Байханова.

Негізі, жемқорлықпен күресушілердің ойы дұрыс, ниеті түзу екеніне күмән жоқ. Бірақ осы жемқорлық дегеніңіз ұрған сайын семіретін борсық сияқты көрінеді кейде. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің дерегі мынадай: 2017 жылдың алғашқы үш айындағы жемқорлық көлемі 2016 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 33 пайызға артқан.

2016 жылы жемқорлық қылмыстар 2015 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп болған. Дәл осы «қарқынмен» 2017 жылдың аяғында жемқорлық деген жегі 2015 жылғыдан 50 пайызға асып түсейін деп тұр.

Кейбір сарапшылардың жұртты жұбатқанындай «жемқорлық көбейген жоқ, тек жемқорлармен күрес күшейді» деп қоя салуға да болар еді, бірақ, мойныңды оңға бұрсаң да – жемқорлық, солға бұрсаң да – жемқорлық. Жемқорлықпен күрестің Айгүл ханым айтқан тәсілі кері әсер беріп жатқандай құдды.

Дәл осы мәселеге қатысты өзгелерге қарағанда, Данияр Әшімбаев деген білгіштің айтқаны шындыққа жақын. Оның ойынша, қаншама қылмысытық іс пен нешеме тұтқындаулар, төбе шашыңды тік тұрғызатын деректер туралы күнде естіп-көріп жүрсек те, жемқорлыққа қатысы бар белгілі бір топтағы адамдарға ешқашан құрық түспейді. Олардың заңсыз жолмен тапқан ақшасына шалқып өмір сүріп жатқанынан қоғам да хабардар.

Сарапшының кімдерді меңзеп отырғанын болжап білуге болады. Ал енді осыны дәлелдеуге бола ма? Бұл сұраққа Д.Әшімбаевтың жауабы мынадай: «Бұл мәселе мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға, ақша ағымында жүрген олигархтарға қатысты. Жемқорлыққа қатысы бар адамдар аз емес, бірақ олардың қылмысын дәлелдеу өте қиын...»

Сөз басында Айгүл Байханованың Сингапурге қатысты мысалын келтірдік. Сингапур мен Қазақстанды салыстыруға бола ма?

Саясаттанушы әрі Халықаралық және аймақтық ынтымақтастық зерттеу институтының директоры Болат Сұлтановтың ойы тіптен оқшау. «Жемқорлық та жезөкшелік сияқты. Мұның жаман екенін бәрі айтады, алайда жұрт, әсіресе еркектер қауымы онсыз өмір сүре алмайды» дейді саясаттанушы.

Б.Сұлтановтың пікірінше, жемқорлықты жеңу мүмкін емес. Тек халық пен мемлекеттік билік өкілдері арасындағы тікелей байланысты барынша төмендету арқылы жемқорлықты азайтуға болады. Және де Сингапур мен Қазақстанды салыстыру методикалық тұрғыдан дұрыс емес.

Жалпы, біздің елде Сингапур туралы өте көп айтылады. Қатардағы шенеуніктен бастап мемлекет басшысына дейін. Кейде тіпті «Жемқорлықты жеңген Сингапурдың жолы – Қазақстанның жолы» деп алаулатып-жалаулатып жіберетініміз де бар. Жемқорлықты түбегейлі жеңудің мүмкін емес екені белгілі. Ендеше неге «Жемқорлықты барынша азайтқан Сингапурдың жолы...» демеске? Әлде «жемқорлықты жеңу» саяси ұпай жинау үшін керек пе?

Қош, сонымен Сингапур басшысы Ли Куан Ю жемқорлықты қалайша минимумға түсірді?

Сингапур Тәуелсіздік алған тұста елдің жағдайы мәз емес еді. Кедейлік, жемқорлық, парақорлық мемлекетті тұралатып тастады. Жағдайды түбегейлі өзгерткен адам – Ли Куан Ю. 1959 жылы оның «Халықтық әрекет» партиясы сайлауда жеңіске жетті де, Ли Куан Ю премьер-министр болып сайланды. Сайланды да, тәртіп орнатуға кірісті. Ли Куан Юдің табандылығын, алған бетінен қайтпайтынын мына әйгілі сөзі дәлелдейді: «Жемқорлықты жеңгің келсе, өзіңнің достарыңды және туыстарыңды түрмеге қамауға дайын бол».

Ел арасында Ли Куан Юге телінетін тағы бір сөз бар. «Жемқорлықты қалай азайттыңыз?» деген сұраққа ол былай деп жауап беріпті: «Ең алдымен өз достарыңның үшеуін түрмеге қама. Не үшін екенін өзің анық білесің, олар да сезеді».

Сингапурде Жемқорлықты тергеу бюросы деген орган болды. Біздегі ұлттық бюро іспетті. Бұл бюроның құдыреті соншалық, күдіктіні соттың рұқсатынсыз-ақ тергеуге алуға, тінтуге құзыретті болды. Азаматтардың дәрежесіне, қызметіне, дініне қарамастан жауапкершілікке тарта алатын. Әсіресе, жемқорлық жасауға бейім орган қызметкерлері ерекше бақылауға алынды. Жауапқа тартылған шенеунік қызметтен, зейнетақыдан және барлық жеңілдіктен айырылды. Қыруар айыппұл төледі. Бюроның ықпалымен сотты болған үкімет мүшелерін айтпағанның өзінде, премьер-министр Ли Куан Юдің өзіне қатысты тергеу де жүрген бір кездері.

Бір ғана мысал: Сингапурдің қоршаған ортаны қорғау министрі Ви Тун Бун 1975 жылы істі болып, төрт жарым жылға сотталды. Отбасымен Индонезияға барып демалып келгеніне бола. Министр демалыстың ақшасын өз қалтасынан емес, мемлекет алдында мүддесін қорғап жүрген компанияның есебінен төлеген.

Ұзын сөздің қысқасы, аз уақытта Ли Куан Ю ешқандай да табиғи байлығы жоқ, тіпті ауызсудың өзін сатып алатын кедей елді алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосты. Ли Куан Юдің жетістігі туралы Ұлыбританияның премьер-министрі Маргарет Тетчер бірде былай депті: «Бір кездері Сингапур Ұлыбританиядан үйренетін, енді біз Сингапурден үйренетін болдық».

Ал енді табиғи байлығы ұшан-теңіз болғанымен халқының көбі кедей тұратын, жемқорлық әбден дендеп алған Қазақстанды Сингапур сияқты жетістікке жеткізуге бола ма? Әбден болады. Қалай? Қандай жолмен? Мұның жауабын Ли Куан Юдің жоғарыда мысал еткен сөзінен таба аласыз...

Түйін: Жемқорлықпен күресуші органның іс-әрекетіне қарасаң, түйе палуан мен тым жеңіл салмақтағы палуанның күресі көз алдыңа елестейді. Түйе палуан – жемқорлық, жеңіл салмақты палуан – жемқорлықпен күрес органдары.

Жеңіл салмақтағы палуан бірде жамбасқа салғысы келсе, енді бірде қырқай шалғысы келеді. Бірақ онысынан түк шықпайды. Анау салмағымен-ақ «ауп» деп бір-ақ басады. Төрешісі де азаматтық қоғам емес, жеке адам.

Әйтеуір, «жемқорлықпен күрес» дегеннің бәрі шынайы күрес емес тек имитация екені қарақты көзге ап-анық көрініп тұр...

Ерік Рахым.        

 
Көрілді: 495
Жаңартылған: 01.06.2017 | 14:25
Категориялар: Өз сөзім, Басты жаңалықтар