Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Түркістандық шаруалар өнімдерін Ресейге молынан экспорттады

21.11.2018 | 19:40
Түркістандық шаруалар өнімдерін Ресейге молынан экспорттады

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі бойынша республикада екінші орынға шықты. 

Өңір шаруалары биыл 475 млрд теңгенің өнімін өндірген. Көкөніс пен бақша дақылдарынан 2,8 млн тонна өнім жинап, ректордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен «AGROFEST-2018» ауыл шаруашылығы фестивалінде айтылды. 

Сондай-ақ 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия және Германия мемлекеттеріне, ал 1 млн тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілген. Аймақтағы қарқынды баудың көлемі 2800 гектарға жетіп, елдегі жеміс-жидектің 40, жүзімнің 70 пайызын құрап отыр. 

Республикадағы жылыжайлардың 77, тамшылатып суғару әдісінің 73 пайызы осы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде алғаш рет 6.2 мың тонна ет экспортталып, елміз бойынша алдыңғы орынға шықты. 

Фестиваль аясында ауыл шаруашылығы саласында белсенді еңбек етіп, үздік көрсеткішке қол жеткізген шаруалар марапатталды.  

– Озат жүзім өндіруші номинациясы бойынша жеңімпаз атандық. Біз биылғы жылы мың тоннадан жоғары өнім алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Ресейге 80 пайызы экспортталды, – дейді шаруашылық басшысы Нұрлан Құралов. 

– Биыл да біз бірқатар номинацияларға ие болдық. Жылда біз астық өнімінен бірінші орын алып отырамыз. Сол сияқты биылғы жылы жеміс-жидек, қарқынды бау, даму бағдарламасы бойынша номинацияға ие болып отырмыз. Бұл бізді қуантады, – деді Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев.

 
Көрілді: 1003
Жаңартылған: 27.11.2018 | 19:40
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір