Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Тойшыл қауым Тоқаевты тыңдай ма?

18.10.2018 | 17:00
Тойшыл қауым Тоқаевты тыңдай ма?

Сенаттың төрағасы жұртты елең еткізген пікірімен көзге түскелі көп уақыт өте қойған жоқ. Өзінің твиттердегі парақшасында Qasym-Jomart Toqaev мынадай жазба қалдырыпты: «Үйлену және басқа да тойларға деген көзқарасымызды өзгертіп, оларды жаңа үлгіде өткізу туралы БАҚ-та жүріп жатқан пікірталастарды қолдаймын. Көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдыққа белшеден батпай, бауырлас өзбек, түрік, түрікмен xалықтары сияқты ұлттық дәстүрге қарай ойысу қажет».

Твиттердің ерекшелігі сол, Фейсбуктегідей ұзақсонар роман жаза алмайсың. Ойыңды қысқа да нұсқа жеткізуің тиіс. Әйтпесе, Тоқаевтың той тақырыбына қатысты толық ойын білгіміз-ақ келеді, әрине.   

Жалпы, Қазақстанда той - өз алдына жеке бизнес индустрияға айналғаны қашан.  Әнші, биші, асаба, видеостудия қызметі, қаптаған продюсерлік орталықтар,  безендіру агенттіктері, аниматорлар, тойхана мен мейрамханалар, киім-кешек пен әшекей бұйымдардың сатушылары  – барлығы да нәпақасын осы саладан тауып жүр. Тапқанда қандай, бұл салада миллиондаған қаржының айналып жатқаны шындық. Отандық эстрада жұлдыздарының негізгі табыс көзі де – той екені анық. Ондайлар үшін  тапқан табысының барлығын тойға шашатын қазақ халқы, сөз жоқ, таптырмайтын  «клиент». 

 Той-жиындардағы ысырапшылдық мәселесі бұған дейін де қозғалып жүрді. Бірақ, одан айтарлықтай нәтиже шыға қоймағанын мойындау керек. Уағыздар мен ақыл-кеңестердің күші тек өлім-жітім кезіндегі дастарқанға жетті. Мамандардың есебінше, марқұмның жаназасынан жылдық асына дейінгі шығын орта есеппен 1,5-2 миллион теңгені құрайды екен. Осы аралықта дастарқан кемі үш рет жайылады, әрқайсысына мал сойылып, жүздеген адамға ас әзірленеді. Әйтеуір, жер-жерде ақсақалдар мен мешіт қызметкерлерінің атсалысуымен жаназа болған күнгі қонақасы, сондай-ақ жетісі мен қырқын берердегі дастарқанның қарапайым болуына әрең қол жеткізілді. Онда да, барлық өңірлерде біркелкі емес. Ал үйлену тойы,   сүндет той мен басқа да жиындардағы дастарқанның мәзірі, керісінше,  күннен күнге күшейіп барады. Бірнеше жыл бұрын болмаған қызмет түрлері пайда болып жатыр. Оны тойыңа қоспасаң, ел-жұрт алдында ұятқа қалады екенсің. Қысқасы, той берудегі өзара бәсекеге негізделген индустрияға тән процестер, бір сөзбен айтқанда ысырапшылдық күшеюде. 

Бізде той мәселесінің қозғалып жатуы алғаш рет емес. Бір кездері қазақстандық шенеуніктердің де тойға баруы сирей түсіп еді. Дегенмен, мемқызметкер болғанымен қазақ қой, ағайын-туысы, танысы бар емес пе,  той-томалаққа тығылып баратынды шығарды. Бірақ, шенеуніктерге сол жолы тек ауызша ескерту жасалғандықтан, бұл жағдай әдеттегідей бір-екі жылға созылған науқан болудан әрі аспады. Әдетте біздегі тойға қатысты у-шу тек жоғары шенді шенеуніктердің перзенттері үйленген кездегі  той көліктерінің жол қозғалысы ережесін бұзуына байланысты туындап жатады. 

Бір қызығы, қазақтың тойындағы ысырапшылықты  тіпті әлемдегі қаржылық дағдарыс та, теңгенің күрт әлсіреуі де, басқа да экономикалық проблемалар тоқтата алмады. Енді не істемек керек? Мұндай аста-төк ысырапты  қалай тоқтатуға болады? Тоқаев секілді оқта-текте   (онда да әлеуметтік желілер арқылы) айтылған пікірлерді алпауыт той-индустриясы шыбын шаққан құрлы көрмейтіні айдан анық. «Тоқаев айтты екен» деп  той иелері өзін-өзі тежеп, думанды кешке шашатын шығынын азайтатынына сенесіз бе?  Ақыры осы мәселе көтерілген болса, нақты іс-әрекеттерсіз түк те шықпайтынын Сенат төрағасының өзі де сезіп отырса керек.

Ал көрші елдерде...

Өзбекстан: «Барлық тойлар бірдей болуы керек!»

Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанда бұл бағыттағы әрекеттер әлдеқашан басталып кеткен. Тойға бүкіл жиған-тергенін шашатын жалғыз қазақ емес екен. Өзбек, қырғыз, тәжік те той десе ішкен асын жерге қоятын халықтар болып шықты. Көршілес елдердің басшылары тойдағы ысырапшылдыққа бей-жай қарай алмапты.  Сол себепті той-думан өткізу ісіне мемлекет араласып, билік заң жүзінде шектеулерді енгізуді  жөн көрген.  Талапты бұзғандарға нақты жаза қолданып, кейбірі айыппұл  төлеп жатса, Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияев жүздеген қонақ шақырған, аста-төк дастарқан жайып, жанды музыка, қымбат көлік жалдап,  шығынға ұрынғандарға қатысты жаза қолданатынын қатаң түрде ескертті. Оны түсінуге де болатын шығар. Орташа жалақысы 100-200  доллар шамасындағы өзбек елінде  тойдың шығыны кейде 15-20 мың долларға дейін жетеді. Президенттің қатаң ескертпе айтқаны сол екен, артынша олий Маджлис Сенаты бұл  мәселеге білек сыбана кірісіп, той-думанды қадағалайтын комитеттерді құру жайлы бұйрық шығарды.  Үкімет те  үнсіз қалмай, тойға шақырылатын қонақтардың санын 150-ден асырмау қажеттігі жайлы ұсыныспен шықты. Ол ұсыныста тіпті тойда қонаққа әзірленетін ет көлемі мен кортеждегі көліктердің санын шектеу мәселесі де қарастырылыпты. 

Мирзияевтің бұл талабын қолдайтындар да бар, жақтырмайтындар да табылды.  Әсіресе той бизнесінің өкілдері қомақты табысынан айырылып, мүшкіл халге түскенін жасырмайды. Бірінші кезекте зәулім тойханалардың иелері зардап шегіп жатқанын жеткізді. Қазір Ташкенттегі үлкен мейрамханалар 150-адамдық тойға тапсырыс алса да, 300 адамның шығынын төлетуге көшті. «Әйтпесе, шығындарымызды жаба алмаймыз» деген уәж айтады олар.

  Биыл наурыз айында ақпарат құралдары Мирзияевтің «министрлерге, хоким және атқарушы билік өкілдеріне салтанатты шараларға баруға тыйым салынады. Егер шайханалардан мемлекеттік нөмірі бар көліктерді көретін болсам, оның иесін бірден жұмыстан шығарамын. Бірде бір шенеунік, мені де қосқанда туған күнге, үйлену тойларына бармайды. Мұның бәрі халықтың ашуын туғызады. Салтанатты шаралар енді жоғары лауазымды шенеуніктердің қатысуынсыз өтеді. Премьер-министр орынбасарларымен тойға барады. Оған жиналған халық тік тұрып қызмет етеді. Тойға шашқан ақшаға кедейлерге көмек көрсетіңдер. Барлық тойлар бірдей болуы керек! Кім бұл талапты бұзса, мейлі ол бас прокурор, немесе хоким болсын, шара қолданамын! Көресіңдер!», деген қатаң ескертпесін таратты.  Өзбек шенеуніктері  қымбат көліктерден тұратын кортеждерге шүйлікті. Бір тойдағы көліктерді тоқтатып, жас жұбайларды таксиге мінгізіп жібергенін де ақпарат құралдары жарыса жазды.

Тәжікстан:  «той  инспекторларының» рейдтері

Тәжіктер өзбектен де асып түсті. Олар той мәселесін назарға сонау 2007 жылы-ақ алған екен. Сол кезде президент Эмомали Рахмонның бастамасымен арнайы заң қабылданыпты. Заңгерлердің айтуынша, әлемде мұндай заң жоқтың қасы.  Экстравагантты тойларды Рахмон мырза «қажетсіз» деп танып, өз байлығын көпшілікке көрсетіп, дәулетімен мақтанған шенеуніктер мен кәсіпкерлерді сынға алды.  Тойдағы ысырапшылдыққа жол бермеу үшін салтанатты іс-шараларға қатысатын қонақтардың, сойылатын малдың және кортежде жүретін көліктердің санын шектеген талаптар заң жүзінде қолданысқа енгізілді. Сондай-ақ тойға кететін шығынды жігіт пен қыз жақ теңдей бөлісуі керек болды.  Тойға қатысты тәжік заңнамасын бұзғандарға 4 мың долларға дейінгі көлемде айыппұл салынады. Заңды екінші қайтара заң бұзғандар 5700 доллар көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр. 

 Әлбетте, мұндай заңның орындалуын іс жүзінде қамтамасыз ету бірқатар қиындықтарға тап болары анық. Айталық, Тәжікстанда той үстіне тексерушілердің баса көктеп кіріп, қонақтарды жеке-жеке «допрос» жасауы  әдетке айналды. Сол себепті думанды кеш кейде 1-2 сағатқа дейін тоқтайды екен.  «Той инспекторлары» салтанатты іс-шараға дайындық жасап жатқан үйге арнайы рейдпен келіп,  тінтіп шыға алады. Мұндай тексеру барысында әзірленген тағамдардың біраз бөлігін «ысырап» деп алып қойған фактілер де орын алған.  Сондай рейдтердің бірінде «біз заңбұзушылықтың алдын алдық. Атап айтқанда, бұл отбасы банкетке шектен тыс көп тағам, оның ішінде лаваш пен халваның ерекше түрін дайындапты. Біз тәркіленген тағамдарды жергілікті психиатриялық ауруханаға тапсырдық» деген рапорт жасалған екен.

Былтыр сол заңға бірқатар өзгерістер енгізіліпті. Оған сәйкес, бұл елде сүндет тойды өткізуге, марқұмның жетісін беруге тыйым салынған. Сондай-ақ, тәжік халқына тән көптеген салт-дәстүрлерді өткізуге заң жүзінде тосқауыл қойылыпты. Жаңа шектеулердің енгізілгеніне халықтың бір бөлігі наразы. «Тойларымыз бұрынғыдай емес, қызықсыз өтетін болды» деп налитындар бар. Әйткенмен, стандартты әрі «экономды» тойлардың дәстүрі қолға алынғанына қуанып жатқандар да аз емес. Мәселен, Хамро Каршиев есімді тәжік азаматы «ұлымды үйлендіру үшін жылдап ақша жинап келгенмін. Бұрын 400 адамға дастарқан жайып, кемі 100 келі палау әзірлейтін едік. Өзгелерден ұят болмасын деген ой мазалайтын. Қазір жағдай басқаша, 20 келі палау бассаң жетіп жатыр. Жас жұбайлар да отбасылық өмірін қарызбен бастамайтын болады» дейді ол.

Дегенмен, Қазақстанда дәл осындай тәртіпті орнату мүмкін еместей көрінеді. Отандық той-бизнесінің дамып кеткені соншалық, билік заң жүзіндегі шектеулерді енгізетін болса, осы индустрияда жүрген мыңдаған адамның, сонымен қатар көптеген дәулетті отбасылардың ашық қарсылығына тап  болары анық. Сарапшылардың пікірінше, тойдағы ысырапшылық – идеология саласының ақсаңдап жатқанының белгісі. Сондықтан, бұл мәселені бізде шектеумен емес, халыққа түсіндіріп, қоғамда жаңа көзқарас қалыптастыру арқылы шешілгені жөн деген пікір айтылуда.

 
Көрілді: 917
Жаңартылған: 19.10.2018 | 17:02
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір