Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

ҚХЛ: «Барыс» командасы «Тракторды» тізе бүктірді

18.10.2018 | 12:29
ҚХЛ: «Барыс» командасы «Тракторды» тізе бүктірді

Елордалық «Барыс» сырт айдында Челябінің «Трактор» командасымен кездесті. Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде «Барыс» аталмыш қарсыласын овертаймда 5:4 есебімен тізе бүктірді.

Аталмыш кездесуде айдын иелері есепті алғашқы болып ашты. Оны 11-минутта Александр Шаров өзінің еншісіне жазды. Оған екінші кезеңнің 24-минутында «Барыс» ойыншысы Андре Петерсон жауап қайырды. Бұдан кейін «Трактор» елордалық клуб қақпасына екі шайба соқты. Атап айтқанда, 26-минутта Антон Глинкин, 35-минутта Александр Рыбаков дәлдік танытты. Ал 36-минутта «Барыс» хоккейшісі Брэндон Боченски есеп айырмасын қысқартты. Бұдан кейін 38-минутта челябілік Александр Шаров біздің қақпадан саңылау тапты. Есеп 4:2. «Трактор» тағы да екі шайбамен алға шықты. 

Соңғы кезеңде «Барыс» сапынан 54-минутта Джеоси Блэкер мен 59-минутта Мэттью Фрэттин гол авторлары атанып, екі команда тең түсті. Осылайша ойын овертаймға ұласты. Бұл кезеңде Брэндон Боченски жеңіс шайбасын соғып, өз командасын алға сүйреді. Есеп 5:4. «Барыс» соңғы бес ойында төрт мәрте жеңіске жетті. 

Айта кетелік, бұған дейін сырт айдында екі кездесу өткізді. 14 қазанда сырт айдында Омбының «Авангард» клубына 3:5 есебімен жол берді.

Ал 16 қазанда Екатеринбургте биылғы құрлықтық хоккей лигасында 18 ойын бойы жеңіліп көрмеген «Автомобилисттен» 2:1 есебімен басым түсті. 

«Барыс» енді бес ойын қатарынан өз айдынында қарсыластарын қабылдайды. Атап айтқанда, 22 қазанда Минскінің «Динамосымен», 26 қазанда Подольскінің «Витязімен», 28 қазанда Новосібірдің «Сибирімен», 30 қазанда Владивостоктың «Адмиралымен», 1 қарашада Челябінің «Тракторымен» кездеседі.

 
Көрілді: 723
Жаңартылған: 19.10.2018 | 12:31
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір