Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Тұлпарлар туған жер

Түлкібас ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өтті

27.09.2018 | 12:36
Тұлпарлар туған жер

Түлкібас – қазақ даласы ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін киелі мекен.  Облысымыздың шығыс қақпасы атанған бұл өңір  елге кеңінен танымал бірқатар көрнекті тұлғалардың туған мекені. Алаштың айбыны Тұрар Рысқұлов, батыр-қолбасшы Бауыржан Момышұлы, белгілі жазушы-журналист Шерхан Мұртаза, филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, қарымды қаламгер Мархабат Байғұт секілді шоғырлы таланттарды тудырған Түлкібас өңірінің 90 жылдық мерейтойына орай бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

   Мерейтойлық шаралар легі «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.    Өңірдің 90-жылдық торқалы тойына арнайы ат басын бұрып келген мәртебелі қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков ыстық лебізін білдіріп, ерекше алғысын жеткізді. 

 MG 2160

  Мерекелік бағдарлама Түлкібас темір жол станциясында ұлтымыздың көрнекті   қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салған  Мұхамеджан Тынышбаев пен даңқты тұлға Тұрар Рысқұлов ескерткішінің салтанатты ашылуымен жалғасты.  Қазақтың тұңғыш  темір жол инженері ретінде танылған Мұхамеджан Тынышбаев  1915 жылы Түлкібас өңіріндегі темір жол құрылысына жетекшілік жасағанында жас Тұрар Рысқұловпен танысады.  Оған қолдау көрсетіп, жоғары білім алуына атсалысады. Ескерткіштің ашылу салтанатында тебірене сөз сөйлеген қонақтар қос тұлғаның өмірінен қызықты да тағылымды деректерді келтірді. Түлкібас өңірінің тумасы, Дүниежүзілік Қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков: «Тұрар Рысқұлов 25 жасында 5 мемлекетті билеген. Ташкенттегі Орталық атқару комитетіне төрағалық еткен. Фрунзе Ленинге жазған хатында ол жайлы  «недюжинной силы ума человек» деп пікір білдірген. Қазақта  «Тұрар болмаса  Мұхтар жоқ,  Мұхтар болмаса Абай жоқ» деген сөз бар. Себебі  Мұхтар Әуезов  абақтыға жабылғанда оны босатқан Рысқұлов болатын. Кейіннен даңқты  жазушы  Тұрар Рысқұловтың әкесі жөнінде «Қараш-қараш» атты әйгілі  шығармасын жазған» деп, қос тұлғаға құрмет көрсетіп, еңселі ескерткіш тұрғызған жергілікті әкімдікке ризашылығын білдірді.  

          Жазушы Шерхан Мұртаза «Тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп атап кеткен Түлкібас ауданындағы дүбірлі тойда қайта жөндеуден өткен «Түркібасы әулиесі» кесенесі көпшілікке паш етілді. Әйгілі Ұлы Жібек жолының бойында, шежірелі Қаратау мен Алатаудың төс түйістірген тұсындағы бұл кесене «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы киелі мекендердің тізіміне енген.   Осында саяхаттап келушілер саны жыл сайын артып келеді.   Жиында сөз алған З.Тұрысбеков, О.Сәбден, А.Осман секілді елге танымал қайраткерлер заман талабына сай абаттандырылған киелі орынның түбі бір түркі жұрты қасиеттілігін тілге тиек етіп, Түлкібас жеріндегі  оң өзгерістерге жоғары бағасын беріп өтті.

Мерекелік бағдарлама аясында Тұрар Рысқұлов ауылының батыс бөлігіндегі көпір мен орталық саябақтың ашылу рәсімі болып өтті.  Сонымен қатар осы іс-шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев 90-жылдық мерекеге орай медицина қызметкерлеріне жедел жәрдем көлігінің кілтін тапсырды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен «Тамыры терең, тарихы кемел – Түркібасы» атты ғылыми-практикалық конференцияда келелі мәселелер қозғалды. Жиынды ашқан облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түлкібас ауданы - елге еңбегі сіңген талай қайраткерлердің, ғалымдар мен батырлардың түлеп ұшқан киелі мекен екендігін айта келе  өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына жоғары бағасын берді. Жиында баяндама жасаған М.Мырзахметов, Д.Қамзабек, Д.Қожамжарова секілді ғалымдар өңірдің көне тарихы жайлы сыр шертіп, «Түркібасы» сөзінің мәніне  жан-жақты талдау жасады.    
 Мерекелік бағдарлама  Т.Рысқұлов ауылындағы «Тұңғыш Президент» саябағында  жалғасын тауып, танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты.  

Б.ҚАЛДЫБЕК.

"Рейтинг" газеті

 MG 2137

 
Көрілді: 738
Жаңартылған: 27.09.2018 | 12:44
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір