Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Нұрбол Тұрашбеков: Жетістік бар, табыс мол

27.09.2018 | 12:00
Нұрбол Тұрашбеков: Жетістік бар, табыс мол

Тоғыз жолдың торабында орналасқан, таңғажайып табиғатымен көпшілікті тамсандырған Түлкібастың «Қазақстанның Швейцариясы» атануы бекер емес. Нақ осы өлкенің бүкіл елге ғана емес, шетелде де кеңінен танымал брендтері жетерлік. Теңдесі жоқ Ақсу-Жабағылы қорығын аралауға сонау Еуропа, Америка мен Жапониядан жыл сайын туристер келіп жатады.  «Түлкібас» десе  алма, «алма» десе  Түлкібастың еске түсетіні тағы бар.  Ел арасында Бұл өлке  қызғалдақтар отаны ретінде де кеңінен танылған, мұны шетелдіктер де мойындап отыр.  Яғни, бұл өлкенің экономикалық, ауылшаруашылық және туристік әлеуеті өте зор. Түлкібас - есімі елге белгілі қайраткер тұлғалардың отаны,  туған жеріне өшпес ізін қалдырып, елеулі еңбек еткен Алаштың айбыны Тұрар Рысқұловтың туған жері.  Міне,  еңселі Алатау мен қарт Қаратаудың түйіскен тұсындағы Түлкібас ауданы биыл 90-жылдығын атап өтуде. Торқалы той қарсаңындағы өңірдің дамуындағы жеткен жетістіктері мол. Түлкібастағы оң өзгерістер, болашаққа қатысты бағдары жайлы аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековпен сұхбатты назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

- Нұрбол Әбдісаттарұлы,  өңірдің   90 жылдық мерейтойын  қандай жетістіктермен  қарсы алып отырсыздар? Аудан экономикасының бүгінгі тыныс-тіршілігіне кеңірек тоқталып өтсеңіз.

-  Сан қатпарлы сындарлы тарихты өткерген   өлкемізге, міне, 90 жыл толып отыр. Іргесі қаланған сонау 1928 жылдан бергі уақытта аудан талай асу-белестер мен өсіп-өркендеу баспалдақтарын бастан кешті. Бүгінгі таңда   Түлкібас әлеуметтік-экономикалық даму жағынан Түркістан облысындағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірінен саналады.  Ауданның ауыз толтырып айтатын жетістіктері, түрлі салалардағы табысы баршылық. Кезінде Кеңес Одағы тұсында салынып, аты дүркіреген цемент, әк зауыттары және бидай, жүгері өндіретін зауыттар тәуелсіздік алған жылдары қайта түлеп, қанатын кеңге жайып, нарықтық бәсекеде дес бермей келеді. Бертінгі жылдары ауданда кәсіпкерлік саласы дамып, отандық өнімдер, азық-түлік, сүт өнімдері шығарыла бастады. Мұның өзі халықтың әл-ауқатының артқанын көрсетеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдардағы жалпы өңірлік өнім жарты миллиар теңгені жуықтаса, бүгінгі күні 11 миллиард  108 миллион теңгені құрап, жан басына шаққанда 99,8 мың теңгені құрады.  Аудан аумағы толығымен газдандырылды, жергілікті тұрғындар көгілдір отынды 100 пайыз тұтынатын республика бойынша бірден-бір ең озық аудан сапында. Біздің басты міндет – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және  ауылдарды көркейту. Осы тұрғыда аудандағы  елді мекендердің 142 ішкі көшелері жөнделіп, заман талабына сай 25 жаңа мектептің  салынғанын, 31 білім ошағы күрделі жөндеуден өтіп, 37 балабақша ашылғанын мақтанышпен айтқым келеді. Ауданда 19,2 миллиард теңгеге  167 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, әрбір ауылда саябақтар  мен аллеялар ел игілігіне берілді.  Жалпы, тәуелсіздік алған уақыттан бері Түлкібас өңіріне   178 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып,  12 шағын және орта өнеркәсіп кәсіпорындары іске қосылды.  Мемлекеттік қолдаудың арқасында күні бүгінге дейін  393 отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Соңғы кездері халықты тұрғын үймен қамту мақсатында ауданда  көп қабатты тұрғын үйлер жиі бой көрсете бастады. Үй кезегінде тұрған тұрғындар кезең-кезеңімен пәтер кілтін қолдарына алатын болады. Салынып жатқан жаңа мектептер мен балабақшалар саны артқан, сондықтан үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі Түлкібас ауданында ойдағыдай реттелген.

- Өнеркәсіп саласын жаңа деңгейге шығару, индустриалдық-инновациялық даму – кез-келген аудан үшін күн тәртібіндегі бірден-бір мәселе. Түлкібастағы ахуал қандай?

- Аудандағы өнеркәсіптік өндіріс саласының дамуы Түркістан облысының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының негізгі бағыттарына сәйкес жүзеге асырылып келеді.  Өңірдегі өнеркәсіптің аудан экономикасындағы маңызы орасан зор. Жұмыспен қамтылған халықтың 11,7%-ы осы салада қызмет етеді, ал жалпы өңірлік өнім құрылымындағы бұл саланың үлесі 26%-ды құрайды.    Қазіргі таңда ауданда 1 ірі, 4 орта, 23 кіші және 4 қосалқы, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс атқаруда.  Олар негізінен  тамақ өнеркәсібінде, құрылыс материалдары өнімдерін және кен өндіру саласында шоғырланған.  Осы кәсіпорындар жыл басынан бері  4 миллиард 811,7 миллион теңгенің өнімін өндіріп,   нақты көлем индексі 104,5 пайызды құрады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде Түлкібас ауданында 2010-2018 жылдар аралығында жалпы құны 1 миллиард 730 миллион теңгені құрайтын төрт жоба іске асырылды.  Алдағы уақытта индустрияландыру картасы  аясында  31,3   миллиард теңгеге бағаланатын  4 жаңа жобаның іске қосылуы жоспарланып отыр.

- Жуырда жүзеге асқан нақты жобаларға тоқталып өтсеңіз.

- Өнеркәсіп саласында 2017 жылы «А-Спектор» ЖШС минералды су өндіру цехы іске қосылды. Жобаның жалпы құны 2 миллиард  45 миллион теңге, мұнда жаңадан 35 адамға жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, «Майлыкент Сүт» АТК сүт өңдеу зауыты  қуаттылығын екі есеге арттырып, күніне 20 тонна сүт өндеу мүмкіндігіне ие болды. Осы секілді нарықтағы бәсекеге қабілетті, өніміне сұранысы зор кәсіпорындарды мейлінге көбейтуіміз қажет. Бұл тұрғыда ауданымызда құрылысы қолға алынған индустриалдық аймақтың берері мол болмақ.  Абайыл елді мекенінің маңынан 30 гектар  жер бөлініп, осында   инфрақұрылымның сыртқы жүйесінің құрылысы жүргізуге 552,8 миллион теңге бөлінген.   Инфрақұрылым құрылысының ішкі жүйесінің техникалық экономикалық негіздемесін және жобалық сметалық құжаттар әзірлеуге аудандық бюджеттен 6  миллион теңге қарастырылып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда.  Аталған аймаққа тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында жалпы құны  3 миллиард 549,9 миллион  теңгелік  4 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

- Дамыған елдердегі экономиканың негізгі үлесін шағын кәсіпкерлік құрайтыны белгілі. Түлкібас ауданындағы шағын және орта бизнестің белсенділігі қандай? 

- Әлбетте, аудан  экономикасы  дамуының басымды бағыты шағын және орта бизнес  болып табылады. Ел егемендігінің алғашқы жылдардағы шағын және орта бизнес саласы аясында кәсіпкерлік субьектілерінің саны 127-ден бүгінгі таңда  6310-ге  жетті. Осы сала арқылы жұмыспен қамтылғандар саны 17 мың 200  адамға жетті. Шағын кәсіпкерлік бойынша өндірілген өнім көлемі   биылдың өзінде 34,2  миллиард теңгеден асып отыр. Өткен  жылы микрокредиттік ұйымдар арқылы 5013 адамға 2,5 миллиард теңге несие берілген, оның ішінде  «Ырыс» МКҰ» ЖШС арқылы 64 жоба, «Түлкібас несие серіктестігі» ЖШС арқылы 97 жоба, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының аясында 2  жоба қаржыландырылды. Осының барлығы аудандағы шағын кәсіпкерлік саласының жоғары қарқынмен  дамып келе жатқанын айғақтайды.

- Түлкібас – алма бауларын өсіруге ең қолайлы өңірлердің бірі. Жалпы, аудандағы ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны қандай?

-  Оныңыз рас, Түлкібас ауданы алманың отаны іспетті. Қазіргі таңда өлкемізде үш мың гектардан аса алма бау алқабы бар. Оның 2200-ден астамы соңғы жылдары егілген жаңа бау. Алма көшеттері Италия мен Түркиядан және Польшадан әкелінген. Қазір гала, голден, пиромин және камспор деген жаңа сорттар Түлкібас даласын түрлендіріп тұр. Өткен жылы Түлкібас ауданының бағбандары 25 мың тонна өнім жинаса, биыл бұл көрсеткіш 30 мыңға жетеді деп күтілуде. Жалпы, өндірілген өнімді сақтауда ауданымызда 3,5 мың тонналық қоймамыз бар. Бүгінгі таңда осы 9 айдың қорытындысымен қыркүйек айының соңында 2 мың тонналық қойманы іске қосатын боламыз. Сонда аудан көлемінде 5,5 мың тонналық алма сақтайын қоймамыз болады. Ендігі мақсат – 2020 жылға дейін үш мың гектарға жаңа бау егіп, өнім көлемін 45-50 мың тоннаға дейін жеткізу. Ауыл шаруашылығы саласының даму қарқынына байланысты мынадай дерек келтірейін. 1991-2017 жылдар аралығында  барлығы 1619,5 га жерге алма бау мен жүзімдіктер егілді, 13,5 га жерге жылыжай салынды. 2009 жылдан бастап тамшылатып суғару технологиясы қолға алынып,  биылдың өзінде осы әдіс 4474 га жерге қолданылды.  Заманауи агротехнологияларды қолдану – бәсекеге қабілеттілікті арттыра түсетіні анық. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты күшейтуге басымдық береміз. Ауданда ірілендіру бойынша да нақты нәтиже бар. Қазіргі таңда2200 ұсақ шаруа қожалықтарыбіріктіріліп,308-ге ірілендірілді. Жалпы, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы экспортқа мейлінге бейімделген. Өзімізде өсірілген жемістер мен көкөністер бүгінде тек елімізде емес, шетелде де сатылуда.

- Түлкібас ауданы – туризмді дамытуға таптырмайтын өлке. Осы салада қандай ілгерілеушіліктер бар?

-   Түлкібас ауданында өткен жылы 12 мыңнан астам турист келген, оның ішінде 7 пайызы шетел азаматтары. 2025 жылға дейін жыл сайынғы туристер санын 20 мыңнан асыру   жоспарлануда. Бұл мақсатта бірнеше жобалар жүзеге асатын болады. Әуелгісі, жалпы құны 347 миллион теңгені құрайтын "Жайлау" емдеу-сауықтыру орталығы салынбақ. Сыйымдылығы 100 орындық орталықта 50 жұмыс орны ашылып, осы нысан арқылы 2000 турист қамтылмақ. Сондай-ақ, «Саумалмен емдеу орталығын» ашу жоспарда бар . Үшінші туристік жоба - Ақсу өзені шатқалында табиғатты тамашалау алаңы құрылады. Бұл Иірсу елді мекеніне 8 шақырым жерде теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан жер. Жобаларды 2019 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Батыс Қытай-Батыс Еуропа жол дәлізінің бойында арнайы сервистік орталықтарды құру көзделіп отыр. Бұл да өлкенің туристік әлеуетін арттыра түсетін жоба болып табылады. Алдағы уақытта көркіне көрік қосар, тоғыз жолдың торабында орын тепкен,  инфрақұрылымы дамыған, еліміздің түкпір-түкпірінен саяхаттап, демалуға келетін ең таңдаулы тартымды аймақ болатынына сенімдімін. Жер жәннаты аталып кеткен Түлкібас мекені, іргесінде аты аңызға айналған Ақсу-Жабағылы қорығы, тарихи санада жаңғырып жатқан қасиетті де киелі орындардың көптігі, жүздеген өзен-бастаулардың басы бола білген Түлкібас келешекте бұдан да биік тұғырдан көрініп,  алға қадам баса бермек.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

"Рейтинг" газеті

1111

 

 
Көрілді: 943
Жаңартылған: 27.09.2018 | 12:33
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір